Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ СЕНІМДІЛІК

ЕРТЕҢГІ КҮНГЕ СЕНІМДІЛІК

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінің үстіміздегі жылғы алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” Қазақстан халқына Жолдауы талқыланып, оған кеңес мүшелерімен қатар, партия белсенділері, жоғары және орта оқу орындарының студенттері қатысты.

Отырысты ашқан “Нұр Отан” партиясы өңірлік филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Артур Молдағұлов үстіміздегі жылғы еліміздің басты құжатының негізгі бағыттарына қысқаша тоқталды.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы елімізді жаңғырту жөніндегі шаралар бағдарламасын қамтиды. Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесінде Қазақстан биік белестерді бағындыруда. Биыл еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды, жаңа жылдан бастап оған төрағалық етуде. ТМД елдері арасында бірінші болып дүниежүзілік мамандандырылған “ЭКСПО” көрмесін өткіздік. Президентіміз өзінің Жолдауында бізді қол жеткізген биіктерде тоқталып қалмауға шақырады және ертеңгі күнге сенімділікті орнықтырады. Елбасы Қазақстан дамуының және әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына ену жөніндегі он негізгі міндетті біздің алдымызға қойып отыр, – деді Артур Кенжеәкімұлы.

Жиналғандар алдында “Нұр Отан” партиясы “Болашақ” филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Зель, “Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Сағындық Салмұрзин Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер хақында ойларын ортаға салды.

Мәдениет саласы қызметкер­лері үшін Жолдаудың жетінші бағыты маңызды саналады. Әсіресе, “Адами капитал – жаң­ғыру негізі” бағыты ерекше назарда, бұл жерде мәдениетімізді одан әрі дамыту үшін ұлттың әлеуе­тін арттыру туралы терең ой қозғалған. “Рухани жаңғыру­” бағдарламасының мән-маңызы да нақ осында болмақ. Өзінің тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс”, – деп атап көрсетті Елбасы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы қазақстандықтардың көкейіндегі көп­теген сауалдарға жауап береді. Ол еліміздің әлемдік сапа стан­дарттарына ұмтылысының дұ­рыстығын дәлелдеді. Басым­дықтар арасында, әсіресе, адами капиталдың жаңа сапасы көрсетілгені аса маңызды: мұға­лім кәсібінің мәртебесі артады, денсаулық сақтау саласында өзгерістер жүзеге асырылады, базалық зейнетақы мөлшері өседі.

Жалпы, Жолдауда көрсетілген он бағыт Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында туындап отырған жаңа қағидаларға бейімделуімізге жол ашады. Өйткені, онда уақыт талабына сай маман даярлауға, ұрпақ тәрбиелеуге қатысты мәселелер егжей-тегжейлі жазылған. Мәселен, білім беруді жаңа сапаға көтеру, орта және жоғары білім беру саласын жаңартылған мазмұнға көшіру, сондай-ақ, жасанды интеллектпен және “үлкен деректермен” жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша дәріс алған түлектер санын көбейту тұрғысындағы міндеттер дер кезінде көтеріліп отыр. Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, Елбасының мұғалімдер қауымының мәртебесін көтеруге ерекше назар аударып, олардың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға байланысты берген тапсырмалары барша жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Отырысқа қатысушылар Президенттің биылғы Жолдауы қоғамымызда тың серпіліс тудырады, бұл құжат халықтың Елбасына, атқарушы билікке деген сенімін арттыра түседі деген ортақ пікірге келді.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.