Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' БАСТЫ НАЗАРДА – ҚОСЫМША ОҚЫТУ

БАСТЫ НАЗАРДА – ҚОСЫМША ОҚЫТУ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында білім саласына қатысты педагогтер алдына қойған міндеттері Орталық коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткізілген баспасөз мәслихатында талқыланды.

Биылғы Жолдауда еліміздің барлық мектептерінде жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстарын жалғастыру, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға жағдай туғызу мәселелері тапсырылды.

Адами капиталды дамыту бойынша білім беру жүйесінің өзіндік жаңа моделін құру көзделіп отыр. Қосымша білім беру жалпы білім саласының ажырамас бөлігі және ол баланың жеке тұлғалық қабілетін дамытуға зор ықпал етеді. “Елбасы осыған орай, барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, зертханаларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керектігін тапсырды. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға кірістіруге көмектеседі”, – деген облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова біздің облыста бұл бағыттағы жұмыс басталғанын айтты.

Өңірімізде Оқушылар сарайын ашу биылғы қыркүйек айына жоспарланып отыр. Оның алдағы жұмысы қалай жүзеге асатыны жөнінде облысымызда ұйымдастырылған республикалық үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды. Оған еліміздің 150-ден астам қосымша білім беру мекемесінің өкілдері қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Оқушылар сарайы ғылыми-техникалық бағытта жұмыс істеп, онда ІТ-орталық ашылып, жаратылыстану-математикалық циклдегі пәндер бойынша қосымша жұмыстар ұйымдастырылады. Олар зауыттармен, кәсіпорындармен тығыз байланыста болады. “Бүгінгі күні Петропавл ауыр машина жасау зауытымен, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің зертханаларымен, тағы басқа кәсіпорындармен келісімшарт жасаудамыз. Заманға сай түрлі үйірмелер, коворкинг-орталықтары, зертханалар ашылып, оларда жұмыс істеуге білікті педагогтер тартылады. Оқушылар мен студенттер өз идеяларын осы орталықтарда жүзеге асыруға мүмкіндік алады”, – дейді Гүлмира Райынбекқызы.

Бүгінгі таңда ІТ-технология, сандық және робототехниканы енгізу, техниканы қарқынды дамыту міндеті тұр. Ұстаздар балалардың бойына танымдық қызығушылықты ерте жастан сіңіруі керек. “Оқушыларды ғылыми әзірлемелер дайындауға тарту, топпен жұмыс істеуге үйрету, әлеуеттерін арттыру үшін жергілікті атқарушы органдар технопарктерді қажетті компьютерлермен, 3D принтерлермен, ІТ-технологиялармен қамтамасыз етуге тиіс. Мектеп оқушыларының болашақ мамандық таңдауына қосымша білім берудің ықпалы зор. Еліміз бойынша 111 мыңнан астам бала ғылыми-техникалық шығармашылыққа әуес. жиырма үш станция, төрт жүзден астам үйірмелер жұмыс істейді. Осыған қарамастан, елімізде 3 мыңнан астам жалпы білім беретін мектептегі үйірмелердің оқушылармен қамтылу деңгейі төмен. Қазір осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру жолдары қарастырылуда, – дейді қосымша білім беру республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.

Елімізде Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясындағы “Тәрбие және білім”, “Отаным – тағдырым” бағдарламалары оқушыларды жан-жақты дамытуды қолға алған. Осы бағытта түрлі танымдық шаралар, конкурстар, фестивальдар, шығармашылық сайыстар, модельдеу үйірмелері ұйымдастырылады. Бұл оқушылардың елжандылық сезімдерін шыңдап, тілі мен діліне, салт-дәстүріне көзқарастарын қалыптастырып, отансүйгіштік, бәсекеге қабілеттілік, білімқұмарлық, сананың ашықтығы сияқты құндылықтарға тәрбиелейді. Балалардың болашақ мамандықтарын еркін меңгеруіне мүмкіндік береді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.