Сіз мындасыз: Home BILIM BERY' ҒАЛЫМ ЖОЛЫ

ҒАЛЫМ ЖОЛЫ

Журналистер қауымының жазылмаған бір “заңы” бар. Бәлкім, қағидасы, ұстанымы десек жөн болар, ол – өзің жете білмейтін, жүрегіңе жақпаған, санаңа сіңбеген шаруаны жаза алмайсың, жазғың келсе де, қаламың жүрмейді. Ал бұл жолы менің жазғым келіп отыр. Облысымыздағы бірден-бір мемлекеттік университеттің ректоры Серік Өмірбаев 60 жасқа толды. Бұл да бір кезең. Осы өмірімізде жақсы-жаманды да, кемкетікті де біраз көрдік. Өзіміз білетін азамат туралы пікір білдіріп, жылы сөз арнауды жөн санадық.

Профессор Серік Өмірбаевты, бері қойғанда, ширек ғасырдан аса уақыт білемін. Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде, басқа өзгерістермен бірге, жоғары білім саласында да реформалар көп болды. Сол жылдары Қарағанды мемлекеттік университетінде екеуіміз де кафедра басқарып, қатар қызмет еттік. Ұжымы қиындау, жұмысы күрделі экономика факультетін басқаруға Серік Өмірбаев ұсынылғанда, “Мына жас адамға обал болды-ау!” – деп тіксініп қалғанымыз да рас. Сұрамасаң айтпайтын, тілінен тартпасаң, сөйлемейтін, қарсы кездесіп қалсаң, иіліп қана, жымиып сәлем беретін жігіт еді. “Жұмсақ мінезді” декан қалай болар екен? – деп жүрсек, әріден ойлайтын байыпты, істі білетін, білгендіктен табандылық танытып, айтқанын орындата алатын азамат ретінде бірден танылды. Көпті көрген, тәжірибелі ректор Жамбыл Ақылбаев кейде, “Менің таңдауым қалай болды, жас декан дұрыс қой, ә!” – деп көпе-көрнеу марқайып, маңызды тапсырмалар беріп отыратын.

Мектепті, жоғары оқу орнын кілең үздік бітіріп, аспирантурада мәскеулік оқымыстыларды аузына қаратқан жас маман, мына заманда “менеджер” деп атайтын ұйымдастырушылық қабілетімен, терең ойлы ғалымдығымен көз алдымызда ерекшелене берді. Білетіндер, “Әкесіне тартқан мықты экономист” десе, басқалар “Шешесіне тартқан үздік педагог”, – деп мақтайтын. Артық-ауыс сөзі жоқ, ақырын жүріп, анық басатын азаматтың үлкен жолы осылай басталған. Әріптестері үшін “бұл алысқа баратын жігіт” атанды. Әйтсе де, мансапқор еместігін де білетінбіз. “Шақырыпты, бармапты”, – дейді. Ел ішінде сөз жата ма?

Халық сыншы, тарих таразы екені рас, сол Серік Мәуленұлы докторлық диссертациясын қорғаған соң-ақ, сауатты, тәртіпті, тау қозғалса, тапжылмайтын ұстамды маманға Астанадан құда түсушілер көбейді. Әуелі республика Үкіметінде, салалық министрлікте жауапты қызметтер атқарды. Еуразия университетінде оқу ісін басқарды, тағы да министрлікке шақырылды, Павлодарға ректор болып барды, министрлікке қайта оралып, басқарма бастығы болды.

Осынау ауыс-түйістердің мәнісі – профессор С.Өмірбаевтің жаңашыл, ізденімпаз, тапсырылған істі беріле, мейлінше адал атқаратын қасиетіне байланысты керек болғандығын білетінбіз. Себебі, елімізде министрі жиі ауысқан, соған қарай реформадан көз ашпаған бір сала болса, ол – білім мен ғылым жағы екенін көбіміз-ақ білеміз. Демек, осындайда, отқа да, суға да салатын, бесаспап, көнбіс маманға қашан да зәрулік күшті екені түсінікті. Биік мәртебелі лауазым иесі әрі бастығыма қатысты осыншама еркін сөйлеуім, қазақылығымыз ғана емес, сырым да, шыным да болса керек.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ректор болып тағайындалғаннан бері де министрлік деңгейіндегі қауырт жұмысқа жегілген. Таяуда Елбасымыздың Жолдауында көрсетілген жоғары білім беруді жетілдіру, оқу орындарының дербестігін кеңейту міндеттеріне байланысты Парламентке ұсынылған жаңа бастамаларды дайындаушы сарапшылардың Ұлттық тобына біздің ректорымыз жетекшілік ететіні ұжым үшін мақтаныш екенін жасырып керегі не?!

Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасыту да парыз болса керек. Адам баласы өмірге келген соң, азды-көпті атқарған істері аталса, артында із қалса деп тілейді. Кейіпкеріміз Серік Мәуленұлы Өмірбаевті университет ардагерлері атынан 60 жасқа келуімен құттықтап, игі тілектер тілеу ниетіндемін. Өңіріміздегі бірден-бір білім ошағын, ғылым ордасын, мәдениет орталығын басқарып отырған, туған елімізге аса қажет мамандар даярлау міндетін орындаудағы ісіне жеміс тілейміз. Көңілдегі көп ойларды жүзеге асыруда бойыңызға Алла қуат берсін.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.    

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.