Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖАСТАР БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАУДА

ЖАСТАР БІЛІКТІЛІГІН ШЫҢДАУДА

Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде жастар 2022 жылға дейін жүзеге асырылатын нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығымен қатар, басқа да салаларда қысқа мерзімді даярлық курстарынан өтуде. Жалпы, бұл оқу орны осы мәселемен айналысуды “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 2009 жылдан бастап қолға алған. Сол уақыттан бері атқарылған істер де айтарлықтай. Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Абраменко курс басталғалы облыс бойынша 700-ге жуық адам тракторшы мамандығын меңгергенін айтады. Колледжде жастар таңдаған мамандықтарына қарай үш немесе алты ай оқиды. Жастар электромонтажшы, газбен-электрмен дәнекерлеуші, аспаз, сантехник, автослесарь, автоэлектрик мамандықтары бойынша білім алып шығады. Өткен жылдың аяғына дейін “В” санаты бойынша бір топ жүргізушілер даярланған. Тракторшы мамандығына даярлаудың да өз тәртібі бар. Оны қалағандар коммерциялық курста біліктіліктерін арттыра отырып, “Д” санаты бойынша қайта даярлаудан өтеді. Ал “А”, “В”, “Г” санатындағы жүргізушілер арада алты ай өткеннен кейін ғана “Д” санатына оқытылып, соған қарай емтихан тапсырады.

Қазіргі уақытта құрылыс саласында заманауи материалдар көптеп пайдаланылады. Олармен жұмыс істеудің өз қиындықтары мен ерекшеліктері бар. Сондықтан оны меңгеру үшін арнайы даярлық қажет. Бүгінде құрылыс жұмыстарын құрғақ әдіс бойынша жүргізу шеберлерін даярлау курсын аяқтап жатқан жастар да жеткілікті. Олар еурожөндеу әдісі бойынша гипсокартонмен және төбелерді тарта отыра жөндеу жұмыстарын жүргізе алады.

– Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмысымыз сан-салалы. Бұл, әрине, бізге міндеттелген мемлекеттік тапсырманы ойдағыдай орындау мақсатында тындырылып жатқан істер және тиісті қолдаудың арқасы. Оқу орнының жақсы деуге тұрарлық материалдық-техникалық базасы бар. Колледжде білім алып жатқан жастар тәжірибеден өтеді. Базамызда 5-6 автокөлік құралы, “ДТ”, “МТЗ” тракторлары, 2014 жылы жаңадан сатылып алынған, шетелдік техникалардан кем түспейтін “Енисей-41-41” комбайны бар. Шеберханалар мен зертханалар, машина ауласы, дәнекерлеу, слесарьлық сияқты цехтар қажетті құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Жүргізуші, тракторшы мамандығының студенттері іргелес орналасқан автодромда нұсқаушының көмегімен түрлі техникаларды жүргізіп үйренеді, – дейді Сергей Абраменко.

Кәсіптік мамандық бойынша білім беретін облысымыздағы таңдаулы оқу орнының жұмысы Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен қоян-қолтық араласа тындырылатынын айта кеткен жөн. Себебі, арнайы даярлық курстарынан өтуге ниет білдіргендер колледжге осы мекеме арқылы келеді. Оларға ай сайын 17 мың теңге шәкіртақы төленіп, оған қоса тиісті мөлшерде жол жүру және пәтерақылары беріледі. Кейін курсты аяқтаған соң, олардың жұмысқа орналасулары бақылауға алынады. Мәселен, өткен жылы колледжде 20 сәуір мен 20 шілде аралығында – 117, ал 11 қыркүйек пен 11 желтоқсан аралығында 93 адам түрлі мамандық бойынша даярланған. Аталмыш оқу орнында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері электрмонтажшы мамандығы бойынша екі апталық кәсіптік даярлық курсынан өтеді.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжіне тоғызыншы сыныптан кейін оқуға түскендер “Баршаға арналған кәсіптік-техникалық білім беру” жобасына орай бірқатар мамандықтар бойынша үш жыл дәріс алады. Қазір колледж студенттері жол қозғалысын ұйымдастыру, электромонтажшы, электрослесарь, құрылыс жұмыстарын құрғақ әдіс бойынша жүргізу шеберлері мамандықтарына оқытылуда.

Қошан ҚАЛИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика