Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ МЕКТЕПТІ АТТЕСТАТТАУ ҚАЖЕТ ПЕ?

МЕКТЕПТІ АТТЕСТАТТАУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мектептерді мемлекеттік аттестаттаудан өткізуді тиімсіз деп санайды. Алайда, көптеген білім ошағының басшылары мен мұғалімдер бұл “жаңашылдыққа” қарсы. Білім беру мекемелері қызметіндегі екіжақты көзқарас неден туындап отыр?

Мәжілістің бір топ депутаты Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңына және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына Білім және ғылым министрлігінің түзетулерін қабылдауға қарсы болды.

Білімге қатысты заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс білдірген аталмыш министрлік бүгінгі мектептердің алдында оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңарту, үштілділікті, цифрлық технологияларды енгізу, оқушыларды критериалды бағалау мен олардың сын тұрғысынан ойлауын дамыту, тағы басқа мәселелер тұрғанын алға тартуда. Ведомстводағы жаңашылдықтар білім беру ұйымдарын қосымша қысымнан құтқаруды көздеп отыр. Әрі аттестаттаудан бас тарту басшылардың оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырумен айналысуына және мұғалімдердің оқушыларға сапалы білім берумен қатар, өздерінің де оқуына мүмкіндік беретінін алға тартады.

– Елімізде білім беру мекемелерін 1999 жылдан бері бес жыл сайын аттестаттау өткізіліп келеді. Аттестаттау кезінде мектептің білім сапасы мен материалдық-техникалық жабдықталуының төмендігі және оқу жоспарының орындалмауы сияқты кемшіліктер анықталады. Бұл олқылықтар шағын жинақты мектептерде мұғалімдердің жетіспеушілігі салдарынан болса, қалалық білім ошақтарында оқушылар санының тым көптігінен орын алады. Мысал үшін шет тілдері, еңбек және дене шынықтыру сабақтарында сыныпты екі топқа бөліп оқыту қажет. Бірақ мектеп үш ауысыммен оқитындықтан, бөліп оқытуға кабинеттер жетіспейді, – дейді әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова.

Күлімкөз Қайырбайқызының сөзінен түсінгеніміздей, мемлекеттік аттестаттаудың пайдасы шамалы. Мемлекеттік аттестаттау мектептердің жұмысын ширатып, оларды бір мақсатқа жұмылдырғанымен, кемшіліктерге жол бергендерге еш шара қолданылмайды.

Еліміз бойынша аттестаттаудан өте алмай қалған білім беру ұйымдары 39 пайызды құраған. Ұлттық білім берудің мәліметтер базасының арқасында Білім және ғылым министрлігінің бақылау басқармасы жағдайға қанық. Тексерулер азаматтардан шағым түскен жағдайда, сондай-ақ, ұлттық білім берудің мәліметтер базасы негізінде іріктелген ұйымдарда жүргізіледі.

– Талап етілген көрсеткіштерге сәйкес келмеу, негізінен, жекелеген мектептерде байқалады және оларды жапқаннан ештеңе ұтпаймыз. Керісінше, білім беру қызметінен айыру шалғайда тұратын елді мекендердің ата-аналары мен оқушылары үшін үлкен қиындық тудырады. Сондықтан алдымен қордаланған мәселені талдап, оған жергілікті билік өкілдерін, бизнес-құрылымдар мен қоғам өкілдерін тарта отырып, шешу қажет. Аттестаттау комиссиясының жұмысына басқа білім беру ұйымдарының сарапшылары, атап айтқанда, құрамына мектеп директорларының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әдіскерлер, негізгі пәндердің мұғалімдері, лауазымдық қызметі бойынша белгілі жүктемесі бар тәрбиешілер енеді. Олардың екі апта бойы қызметінде болмауы жұмыс үдерісіне кері әсер етіп, әріптестеріне қосымша салмақ түсіреді. Көптеген жағдайда сыныптар қосылып оқытылады. Ондай сабақтарда нәтиже болмайды. Бұған қоса аттестаттау шаралары барысында сыбайлас жемқорлық әрекеттерге жол берілуі мүмкін, – дейді Бескөл мектеп-гимназиясының мұғалімі Нина Маслова.

Білім және ғылым министрлігі ауқымды қайта құруларды енгізе отырып, педагогтердің бюрократиялық қысым мен қағазбастылық туралы айтқан пікірлерін де назардан тыс қалдырмаған сыңайлы. Мемлекеттік аттестаттау ұжымда күйзеліс жағдайын тудырып, педагогтер мен оқушыларға күш түсіреді. Ұлттық білім берудің мәліметтер базасының негізіндегі ішкі тексерулер мен мемлекеттік аттестаттаудың болуы бақылауды еселей түскенімен, оның ешқандай маңызы болмайды. Керісінше, ұстаздар мен оқушылар оқу үдерісінен ауытқиды, білім мекемесінің жұмыс тәртібі бұзылады. Бақылау кесінділерін алу кезінде оқушы күйзеліске түседі. Кейде оқушыларға бағдарлама бойынша өтпеген тапсырмалар беріледі.

– Білім беру жүйесіндегі барлық өзгерістер балалармен бірге ата-аналарға да әсер ететіні анық. Біз үшін ата-аналардың пікірі қабылданған шешімнің дұрыс-бұрыстығының барометрі немесе ол әрекетті түзету үшін дабыл сияқты. Сондықтан да министрлік мектепте болып жатқанның барлығын бақылайтын қамқоршылық кеңестер құруға баса назар аударуда. Меніңше, Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік бақылаудың қолданыстағы түрін сыбайлас жемқорлық құрамының болуы және тиімділігінің жеткіліксіздігін ескере отырып, бірқатар өлшемдеріне қарай өзін-өзі бағалаумен ауыстыруды ұсынып отыр. Бұл үдеріске ата-аналар қоғамының қатысуын қарастырған жаңа үлгі, алдыңғыға қарағанда сенімдірек, тиімдірек. Ата-аналар балаларын балабақша немесе мектепке жібере отырып, олардың жетістіктері арқылы педагогтердің кәсіби даярлығы мен оқу-тәрбие үдерісінің сапасына баға береді, – деді Күлімкөз Қайырбайқызы.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика