Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ӘЛІППЕМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫҚ

ӘЛІППЕМЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫҚ

Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің 48 білім және тәрбие беру мекемелерінің оқу бағдарламасына қанатқақты жоба ретінде жаңа “Әліппе” оқулығы енгізілді. Бүлдіршіннің зейінін ашатын алғашқы кітапты өңіріміздегі үш балабақшаның бүлдіршіндері меңгеріп жатыр. Солардың бірі – облыс орталығындағы “Балдәурен” бөбекжай-балабақшасы.

Мемлекеттік тілде жүргізілген қанатқақты жобаға балабақшамыздағы “Ертөстік” тобының бүлдіршіндері қатысуда. Білім және тәрбие беру ісіндегі жаңашылдыққа балабақшаның әдіскері Әлия Жапарова және “Ертөстік” тобының тәрбиешісі Алма Кәкімова жауапты болып тағайындалды. Оқу жылының басында жаңа оқулықты енгізуге қатысты балалардың ата-аналарымен кездесіп, “дөңгелек үстел” ұйымдастырдық. Кездесу барысында өз ойларымен бөліскен ата-аналар оқытудың жаңа әдісіне оң бағаларын берді.

Жаңа оқулықтың ерекшелігі – оқу материалы және мәтінді тапсырмалар балалардың жас ерекшеліктеріне қарай әзірленіп, олардың логикалық, зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталғанында. “Шикула және К” баспасы әзірлеген “Әліппе”, “Суретті әліппе”, “Буындық кестелер”, “Сиқырлы әріптер мен сөздер әлемі” кітаптарына қосымша кестелі материалдар бар. Ал мектепалды даярлыққа арналған кешенге “Сиқырлы сауат ашу” жұмыс дәптері, “Әліппе патшалығы” бояма дәптері кіреді.

“Ертөстік” ересек тобының тәрбиешісі Алма Кәкімова сабақ беру барысында саяхат, ойын, пысықтау түрлерін жиі қолданып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Тамаша ұйымдастырушылық қабілетімен, жұмыс жүйесін жаңашаландыру шеберлігімен көзге түскен білікті тәрбиешінің бүлдіршіндерді тәрбиелеудің жаңа әдістерін табу жолындағы ізденімпаздығы қуантады.

Ұлы бабамыз әл-Фараби: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім азаматтың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі”, – деген екен. Тәрбиешінің әрбір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта алатындай жас ерекшеліктеріне сай құрылса, балдырғанның ынта-жігерін арттырары сөзсіз деп білемін.

Раушан ҚАЗИҚАНОВА,

“Балдәурен” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика