Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖАТТЫҒАТЫН ЗАЛ ЖОҚ

ЖАТТЫҒАТЫН ЗАЛ ЖОҚ

Аңсаған тәуелсіздігімізге енді ғана қол жеткізген уақытта шағын ғана қазақ ауылында 11 жылдық мектептің бой көтеруінің өзі ауыл тарихындағы маңызды оқиға еді. Тәубешіл, шүкіршіл халық мектепте спорт залының жоқтығына да мән бермеген екен. Сол кездегі немкеттіліктің кесірін 27 жыл бойы көріп келеміз.

1991 жылы су жаңа мектепте білім беретін болып, алғаш міндетіме кіріскенде 20 жастағы өрімдей жігіт екенмін. Сол уақыттан бері дене шынықтыру сабағын күн жылы болса далада, суық ауа райы кезінде шағын ғана дәлізде өткізіп келемін. Ешкімге кедергі келтірмей жаттығуға да машықтанып алдық. Өзге сабақтардың шырқын бұзбас үшін балалар аяқтың ұшымен жүріп, тапсырмаларды орындайды. Осылай өткен дене шынықтыру сабағын бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші! Бала бар күшін салып жаттықпаған соң, бар пәрменімен жүгірмегесін, мұның барлығы бос әурешілік болып көрінеді. Соған қарамастан, спортқа жаны жақын талапты жастарымыздың жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені көңілге медеу, одан да биік белестерді бағындыруларына жағдай жасай алмай отырғанымыз қынжылтады. Былтырғы оқу жылында Шыңболат Қалымов қол күресінен облыстық жарыста жеңімпаз атанды. Футболдан өткізілетін аудандық “Былғары доп” сайысында Нұрасыл Ахмет, Елдос Мүстажап алтыннан алқа тақса, Әлішер Бекентай, Дамир Тәлібаев қола медальды еншіледі.

Дене шынықтыру пәнінің бағдарламасына сәйкес, әр мектепте бейімделген алаңдарда өтетін сабақтардан бөлек, гимнастика, акробатика, волейбол, баскетбол, жеңіл атлетика сияқты спорт түрлерін қамтитын арнайы жабдықталған спорт залдары болуы міндетті. Бізде олардың бірі де жоқ.

Бүгінде білім беру мекемелерінің алдына жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, саламатты өмір салтын ұстанатын тұлғаларды тәрбиелеу талабы қойылған. Ал жаттығу залына зар болып отырған мектептер осы міндетті атқара ала ма?! Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне жергілікті билік органдары атсалысып, іргесі сөгілмеген ауылымыздан түлеп ұшып, тұлға болып қалыптасқан азаматтарымыз өздерінен кейінгі өскелең ұрпақтың болашағына алаңдаушылық білдірсе деймін. Олимп шыңын бағындырған Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Дәулет Тұрлыханов сынды дарабоздарымыз да ауылдан шықты емес пе?! Ал 2016 жылғы Рио Олимпиадасында еркін күрестен қола жүлдеге ие болған Эльмира Сыздықова – Айыртау ауданының тумасы, біздің жерлесіміз. Жалындап тұрған жастарымызды көріп, біздің ауылдан да небір чемпиондар, дүлдүлдер шығатынына сенгім келеді.

Жанат МҰҚАШЕВ,

Бірлестік орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Comments   

 
0 #1 Бектас 2018-04-04 09:01
Ғаламтордағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстанның әрбір төртінші мектебінде спорт зал жоқ екен. Сөйте тұра Олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жатқан мақтаныштарымыз аз емес. Жігерлі жастарымыз қаншама?! Спортшыларымызғ а қиянат жасамай, оларды жайлы спортзалмен, қажетті құралдармен қамтамасыз етуіміз керек. Мәселе орынды көтерілген.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика