Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ БІЛІМ ДОДАСЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

БІЛІМ ДОДАСЫНЫҢ ЖҮЙРІКТЕРІ

Оқушылар арасында өткен облыстық білім додасында оза шауып, көштің алдын бермеген кіл жүйріктер өңір намысын республикалық пәндер олимпиадасында қорғап, олжамен оралды.

Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “Білім-инновация” лицей-интернатының қоржыны екі алтын, төрт күміс медальмен толықты. Олимпиаданың жаратылыстану-математика бағытындағы ақтық кезеңі – Атырауда, ал қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша сынағы Қостанай қаласында өтті.

Білім-инновация лицейі оқушыларының ғылым мен білімді ең басты қазынам деп есептеп, оның биік шыңдарын бағындыруға жасаған қадамдары табысты болды. Қатысушылар өздері таңдаған пәндер бойынша жоғары білім деңгейін, қабілет-дағдыларын көрсеткенін атап кеткен жөн. Атырау қаласында өткен додаға биология пәні бойынша қатысқан Кәмила Күшбасова және Қостанай қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сынға түскен Рахат Ережепов алтын медальға ие болды. Алина Визигина, Айсел Мұстафаева, Амира Әміржанова және Камила Досанова күміс медальға қол жеткізді.

Жалпы өңірімізден республикалық кезеңге 9-11-сыныптардағы 65 оқушы қатысты. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша олимпиадаға қатысқандардың ішінде 15 оқушы жүлделі орындарға, 18-і ерекше үлгідегі грамоталарға ие болды. “БЭСТ” гимназиясының оқушылары Виолетта Богданова мен Лолита Джокиладзенің де алтын медальға қол жеткізгенін мақтанышпен айта кеткім келеді.

Облысымыздың бұл командасы “Үздік команда – 2018” аталымы бойынша екінші орынға қол жеткізді. Ал Атырауда өткен ақтық кезеңге жолдама алған оқушыларымыздың төртеуі жүлделі орындарға, 28-і грамоталарға ие болды. Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің оқушысы Анастасия Сенчурова жақсы нәтиже көрсеткендердің бірі болды.

Республикалық “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығының педагогтері Солтүстік Қазақстан облысынан қатысушылардың дайындығына жоғары баға беріп, ерекше атап өтті.

Меруерт ЖҮСІПОВА,

“Білім-инновация” лицей-интернаты директорының бейінді оқыту жөніндегі орынбасары.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика