Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Петропавл қаласында алғашқы аймақтық тестілеу орталығы ашылды. Ұлттық тестілеу орталығының ресми серіктесі болып табылатын “Ustudy” филиалының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысып, мектеп бітіретін түлектерге емтиханға тыңғылықты дайындалу үшін осындай заманауи құралдармен жабдықталған орталық қажет екенін айтты.

2009 жылы құрылған тестілеу орталығының бүгінде барлық облыстарда 21 филиалы мен бөлімдері бар. Олардың барлығы оқушылардың Ұлттық бірыңғай тестілеу, абитуренттерді кешендік тестілеу, “TOEFL” бойынша даярлық жүргізулері үшін ең үздік материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Жаңа аймақтық орталық күніне 300 оқушы қабылдай алады. Сонымен қатар мұнда барлық пәндер бойынша білікті ұстаздар оқушыларға арнап курстар өткізуді жоспарлап отыр екен.

– Біз “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында жүзеге асыратын жобаларды құптап, әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Әсіресе, облысымыздың білім саласын дамытуға үлесін қосатын осындай заманауи орталықтың ашылып отырғанына қуаныштымыз. Бұл орталық жастарымыздың білімін шыңдап, алға қарай сәтті қадам жасауына зор ықпалын тигізеді деген үміттеміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қарсаңында ресми түрде ашылған аймақтық орталық мамандары жергілікті білім саласы қызметшілерін өз жұмыстарымен егжей-тегжейлі таныстырды. Мұнда оқушылармен қатар ұстаздар да біліктілік тестілеуінен өте алады.

– Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде құрылған компания тестілеу орталықтары негізіндегі үлкен инфрақұрылымды іске қосты. Соның арқасында онлайн форматындағы тестілеулер бүгінде аудан тұрғындарына да қолжетімді болып отыр. Оқушылар мұнда дайындық сынақтарын тапсырып, оның нәтижесін көрумен қатар, өзінің жіберген қателерін түзету бойынша да жұмыс жүргізе алады. Сөйтіп, тестілеу аяқталған соң, олардың қолдарына сараптамалық есеп беріледі, – деді аймақтық тестілеу орталығының директоры Бақыт Теңсел.

“Ustudy” аймақтық орталығы ресми ашылғанға дейін де өңір оқушылары арасында танылып үлгерген. Осы жерде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жүргізетін жастар сынақ тестілеуінен жоғары ұпайлар жинап жүрген көрінеді. Келесі аптадан бастап орталық мамандары аудандарға шығып, ауыл оқушыларын тестілеуден өткізуді көздеп отыр.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика