Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ КЕЛІСІМ АЯСЫ КЕҢ

КЕЛІСІМ АЯСЫ КЕҢ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері Қытай еліне барып, бірнеше жоғары оқу орындарымен әріптестік жөнінде келісімшарттар жасасты. Университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Исақаев Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен баспасөз мәслихатында осы іссапардың нәтижесі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

Шанси провинциясының Янлинь қаласында орналасқан Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы техникалық университеті (NWAFU) бұдан былай СҚМУ-дің ресми серіктестерінің бірі саналатын болды. Солтүстікқазақстандық университет құрамында 23 колледж бен бір жоғары мектебі бар озық технологиялы оқу орнымен ауыл шаруашылығы саласында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын анықтап, білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу мақсатын көздеп отыр.

– Біз осы университеттің, сондай-ақ, агрономия және халықаралық білім беру колледждерінің басшыларымен кездестік. Басты зертханасы – шөлейт аймақтарға арналған өсімдіктер биологиясы және су үнемдеу ауыл шаруашылығы институты мен бидай, жүгері өсіруші тәжірибе станцияларында болып, олардың жұмысымен таныстық. Университет президенті, профессор Уи Путпен кездесу барысында бірлескен іс-шаралардың жобасын талқыладық. Содан кейін екі тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық, – деді проректор.

Келісімшартты жүзеге асырудың жол картасы да жасалыпты. Онда СҚМУ базасында агро-технопарк құру, университеттің тәжірибе алқабында ауыл шаруашылығы дақылдары сұрыптарын сынақтан өткізу бойынша ғылыми-зерттеу жүргізу, сондай-ақ, агрономия, мал шаруашылығы, табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік технологиясы факультеттерінде магистранттар мен оқытушылар үшін ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру қарастырылған. Бұл жоспарлар келесі айдан бастап жүзеге асырыла бастамақ.

– Янлинь университетінің ғалымдары қаламызға мамыр айында келеді. Олар біздің өңір үшін таңсық дәнді дақылдардың 13 түрі мен 53 сұрыбын әкелмекші. Олардың осы жердегі шығымдылығын байқап, зерттеу жүргізетін боламыз, – деді Ербол Исақаев.

Ал келер оқу жылында СҚМУ-дің бірнеше студенті мен магистранты академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайда тегін білім алатын болады.

СҚМУ-дің делегациясы атбасын тіреген келесі нысан – Бейжіңдегі Минзу орталық ұлттық университеті. Олар мұндағы “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасында білім алып жүрген жастармен кездесіп, оқу орнының басшылығымен студенттер алмасу жөнінде келісімдер жүргізді.

Өңіріміздегі “Тайынша май” ЖШС-нің құрылтайшысы болып табылатын “Айцзю” ауыл шаруашылығы корпорациясы өкілдерімен кездесу де нәтижелі аяқталған екен. Атап айтсақ, агроөнеркәсіп кешеніне мамандар даярлау бойынша ортақ жоба жүзеге асырылатын болып шешілді. Соған сәйкес Тайыншадағы кәсіпорында шеберлік шыңдау орталығы құрылып, онда СҚМУ-де ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша оқитын студенттер мен тауар өндірушілер тәжірибе жинақтай алатын болады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика