Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

КӘСІПТІК БІЛІМНІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

Петропавлда “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының бастамасымен техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту мәселелері қаралған жиын өтті.

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде бас қосқан партия және орта арнаулы оқу орындарының өкілдері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы Жолдауындағы жетінші бағыттың жүзеге асырылу барысын, яғни халықаралық талаптар мен цифрландыру үдерісін ескере отырып, кәсіптік-техникалық білім беру ісін жетілдіру мүмкіндіктерін талқылады.

– Кәсіптік-техникалық білім беру сала­сына айрықша мән берілуінің себебі, оларда кәсіпорындардың сұра­нысына ие жұмысшы мамандықтары бойынша білікті кадрлар даярланады. Сондықтан жұмыс берушілер де бұл іске тікелей қатысуы тиіс, – деді облыстық мәслихат депутаты, “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының “Білім” бағыты бойынша комиссиясының төрайымы Ғафура Бөстекова.

Бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық білім беру мазмұны ел экономикасының индустриалды-инновациялық даму талаптарына сай келуі үшін колледждер кәсіпорындармен әріптестік қарым-қатынас орнатып, дуальды оқыту жүйесіне көшкені белгілі.

– Облысымызда дуальды оқыту 24 мамандық бойынша, 19 колледжде 130-дан астам кәсіпорынның қатысумен жүзеге асырылады. Бұл бағдарлама бойынша екі жарым мыңнан астам студент білім алуда. Колледждер мен олардың әлеуметтік серіктестері арасындағы келісімшарттарға сәйкес осы күнге дейін жүздеген студент жергілікті кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтті. 30 пайызына еңбекақы төленді, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Облыс кәсіпорындары арасында маман даярлау ісіне белсенді түрде қатысып жүрген “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдары мен “Қазтелерадио” АҚ филиалында дуальды оқыту жүйесіне сәйкес арнайы пәндер бойынша кабинеттер қарастырылған. “Севказэнерго” АҚ Булаево қаласындағы кәсіптік даярлау және сервис колледжінің базасында электрмен жабдықтау пәні бойынша оқыту полигонын ашыпты. Ж. Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде жаңа техникалық құралдармен жабдықталған ветеринарлық клиника жұмыс істейді. “Азия Тораңғұл”, “Агрохимснаб” ЖШС-нің ұсынысымен бұл колледжде сүт, ет өнімдерінің өндірісі бойынша жаңа мамандықтар ашылды. Жалпы мұндай серіктестік қарым-қатынастар оқыту процесіне жұмсалатын бюджеттік қаражатты үнемдеуге және жас мамандардың еңбек нарығынан өз орнын табуына мүмкіндік беріп келеді.

Владимир Ткаченконың айтуынша, келесі оқу жылынан бастап ІТ-мамандарға деген мемлекеттік тапсырыс саны артады. Өңірімізде “Ақпаратты қорғау”, “Техник-мехатроник”, “Компьютерлік жабдықтарды жөндеу және қызмет көрсету” сияқты мамандықтар бойынша кадрларды даярлау көзделуде. Сонымен қатар алдағы оқу жылынан облысымыздың колледждерінде халықаралық “WorldSkills” форматы бойынша тағы бірқатар жаңа мамандықтар ашылады. Жаңа оқу жылынан жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісі жалғасын табады. Екі жарым мыңнан астам маман тегін оқуға қабылданады.

Өткен жылы колледждердің материалдық-техникалық базаларын нығайтуға жұмсалған қаржы 22,8 млн. теңгені құраған екен. Ал үстіміздегі жылы салаға бөлінген қаржы көлемі үш есе ұлғайыпты.

Петропавл машина жасау колледжінің директоры Анатолий Фарманюк, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары Ольга Ефремова және Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінің директоры Николай Соколов оқыту бағдарламаларын жаңарту барысы жайында баяндады. Кадрларды даярлау ісіне атсалысып, өндірістік тәжірибеден өту үшін тәлімгер мен жұмыс алаңын ұсынып жүрген әлеуметтік серіктестеріне ризашылықтарын білдіргенмен, олардың бизнес өкілдеріне айтар уәждері де бар. Мәселен, кейбір кәсіпорындар колледждермен тек қағаз жүзінде ғана қарым-қатынас орнатқан. Сонымен қатар ірі кәсіпорындардың тағылымдама мен өндірістік тәжірибеден өтуші студенттерге еңбекақы тағайындамайтынын, ыстық тамақ және көлікпен тасымалдауды ұйымдастырмайтынын алға тартқан колледж басшылары кәсіпкерлер палатасы мен билік өкілдеріне кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мәселесін назарға алуды ұсынды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика