Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ ЖАҢАРДЫ

СҰРАҚТАРДЫҢ ЖАРТЫСЫ ЖАҢАРДЫ

Биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу 15-ші рет өткізілгелі отыр. Жыл сайын түрлі өзгерістерге ұшырап келген ҰБТ былтыр жаңа форматқа көшкен болатын. Білім және ғылым министрлігінің алдағы ҰБТ-ның өткізілуі туралы берген мәліметтеріне қарағанда, биыл тестілеуге аса көп өзгеріс енгізілмейтін болып шешілген.

ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді тіркеу 10 мамырға дейін жүргізілсе, тестілеу 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралықта өтеді. Биыл өңіріміз бойынша мектепті 3899 түлек аяқтаса, соның 2621-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтінішін беріп қойған екен. ҰБТ-ға қатысушылардың үлесі әзірге 67,2 пайызды құрап отыр. 129 түлегіміз “Алтын белгіден” үміткер. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов жуырда тестілеу тақырыбы бойынша өткізген арнайы баспасөз мәслихатында өңірлерде мектептердің жұмысын ҰБТ нәтижесі бойынша бағаламауды өтінді. “Өйткені, ҰБТ – жоғары оқу орнына оқуға түсушілерді іріктейтін емтихан. Ал мектеп білімінің көрсеткіші аттестация нәтижесіне байланысты анықталады”, – деді ол.

Биылғы тест сұрақтарының саны үш есеге дейін артып, 50 пайызы жаңартылды. Барлық 119 мың сұрақтың 3 мыңға жуығы ағылшын тілінде болмақ. Ұлттық тестілеу орталығының өңірлік филиалы өкілдерінің айтуынша, облысымызда ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру бойынша бірде-бір өтініш түспеген.

– Ұлттық тестілеу орталығының өңірлердегі филиалдарына сынама тестілеу парақшалары жіберіліп, оқушылар оған алдын ала белсенді түрде қатысты. Ал ҰБТ-да тиісті ұпай ала алмағандар ақылы бөлімде оқу үшін биылғы тамызда және келер жылдың қаңтарында қайтадан емтихан тапсыру мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, талапкерге басқа жоғары оқу орнында тапсырған шығармашылық емтихан нәтижесі бойынша ақылы бөлімде оқуға мүмкіндік беріліп отыр, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының өңіріміз бойынша базалық филиалының жетекшісі Жанар Жабағина.

Мектеп түлектері мен ұстаздары үстіміздегі жылдың наурызында бекітілген бұйрық бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе кешенді тестілеудің бейіндік пәндері өзгертілген мамандықтармен таныстырылды. Биыл оқуға түсудің шектеулі ұпайы 60-қа тең болады. Тек Ұлттық университеттер мен медицина мамандықтарына шекті ұпай – 65-ті құрайды.

2018-2019 оқу жылында мемлекеттік гранттардың саны ұлғаяды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша бөлінетін 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға беріледі. Сондықтан оқушылардың таңдау пәнін белгілеуі өте маңызды. Алдын ала мәліметке сәйкес республика бойынша түлектердің 30 пайызы математика мен физика пәнін таңдап отыр. Бұл пәнді таңдаған талапкерлер 52 мамандық бойынша оқуға түсе алады. Ал бұдан кейінгі орында 25 пайызбен химия мен биология пәндері тұр. Техникалық мамандықтарға гранттардың көбеюіне байланысты аталған пәндерді таңдаушылар қатары өсе түскен.

Былтыр аудиториялардағы тестілеу барысы онлайн трансляция арқылы көрсетілген болатын. Бұл шара ҰБТ-ның ашық және әділ өтуін қамтамасыз ету үшін жасалды. Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов “Мемлекеттік құпия туралы” Заңға сәйкес ешбір тестілеу сұрақтарына жауап алдын ала берілмейтіндіктен, ата-аналар мен талапкерлер жауаптарды сатушы алаяқтарға алданбауын ескертті. “ҰБТ барысында балалар өз білімдеріне ғана сеніп, берілген уақытты тиімді пайдалануы тиіс”, – деді ол.

Түлектерді тест тапсыруға тіркеу жұмысын мектеп әкімшілігі жүргізеді, ал жергілікті атқарушы органдар балалардың қауіпсіздігі, тасымалы, жатын орны мен тамақтануына жауапты болады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика