Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ТҮЛЕКТЕРГЕ — ЖАҢА МҮМКІНДІК

ТҮЛЕКТЕРГЕ — ЖАҢА МҮМКІНДІК

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде биыл медицина факультеті ашылмақ. Жоғары оқу орнында, сондай-ақ, “Техникалық ғылым және технология”, “Ауыл шаруашылығы ғылымдары”, “Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес”, “Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру” сияқты 29 жаңа мамандық түрін ашу жоспарлануда.

Қазір бұл бағытта білім ордасында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Исақаевтың айтуынша, қазіргі таңда медициналық мамандықтар ашу үшін білім ордасының дайындығына баға беретін арнайы құрылған комиссия жұмысын аяқтауға жақын. Білім және ғылым министрлігі “Жалпы медицина” және “Фармация” мамандықтарын ашуға лицензия берсе, студенттерді қабылдау басталады. Алдымен жастар медициналық колледжде, кейін университет қабырғасында білім алмақ.

– Жуық арада комиссия жұмысын аяқтайды. Оның қорытындысы бойынша шешім қабылданып, ұсыным беріледі. Егер оң шешім шығарылса, биылғы оқу жылында медицина мамандықтарына студенттерді қабылдау жүргізіледі. Біз келер жылы заманауи зертханалар ашып, қажетті қондырғылар мен зертханалық құралдар сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деген Ербол Исақаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Үндістаннан 30 студент шақырылатынын, сондай-ақ, медицина мамандығына қазақстандық 80 түлекті тарту көзделіп отырғанын жеткізді. Студенттер бес жыл бойы жалпы медициналық білім алып, соңғы екі жылда хирургия, гинекология, педиатрия бағыттары бойынша оқытылады.

Баспасөз мәслихатында өңірдегі дәрігерлердің тапшылығын жою жаңа мамандықтарды ашуға негіз болып отырғаны айтылды. Десек те, адам өміріне жауапты сала мамандарын даярлайтын оқытушылық құрам қалай жасақталатыны көпшілікті алаңдататыны белгілі. Бұл өзекті мәселе оңтайлы шешімін табатынына сендірген проректор жастарға білім беру үшін бірнеше медицина ғылымдарының кандидаты мен білікті дәрігерлердің тартылатындығын хабарлады. Жаңа факультетте интернатура ашу да жоспарланған.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика