Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ГРАНТ САНЫ БЕС ЕСЕ КӨБЕЙДІ

ГРАНТ САНЫ БЕС ЕСЕ КӨБЕЙДІ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанынан заманауи оқу-зертханалық корпусы салынады. Облыстық әкімдіктің отырысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы жалғыз жоғары оқу орнына әлемдік талаптарға сай ғимарат ауадай қажет екенін атап көрсетті.

– Мектептердің түлектеріне жағымды жаңалықты жеткізгім келеді. Біз университеттің жанынан заманауи корпус саламыз. Көп жылдардан бері бұл жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңартылмай келді. Жаңа ғимарат барлық талаптарға сай болады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне 1000 грант бөлінеді, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5 есеге көп. Осының барлығы мектеп түлектерін жоғары біліммен қамтуды ұлғайта түсуге мүмкіндік береді. Қазір университетте 5,5 мың студент білім алуда. Келесі жылы студенттердің санын 7 мыңға дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ, қазір жоғары оқу орындарына оқу бағасын реттеуде еркіндік беру жоспарланып отыр. Бұл қадам көрші елдерге барып оқитын түлектердің санын азайтуы тиіс.

Отырыста оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Биыл жазғы лагерьлер оқушыларды 8 маусымнан қабылдай бастайды. Облыста 13 лагерь балалардың жазғы каникулын қызықты және мазмұнды өткізуге дайын. Қала сыртындағы 5 лагерь сенімгерлік басқару жүйесіне көшкен. Қазір бұл мекемелерде дайындық жүргізілуде.

– Аудан әкімдері сенімгерлік басқарудағы демалыс мекемелерінің сапалы жұмыс істеуін бақылауға алулары керек, қала сыртындағы сауықтыру және мектеп жанындағы лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайту, мектеп оқушыларын жазғы каникул кезінде көңілді демалыспен қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде кәсіптік мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселесі де облыстық әкімдік отырысында әңгіме арқауына айналды.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша жиналғандарға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненко баяндады.

– Бүгіндері облысымызда 538 мемлекеттік орган бар, оларда бес мыңға жуық адам еңбек етеді. Мемлекеттік қызметшілердің 63,2 пайызы – әйелдер. Ұлт жоспарының 1-қадамына сәйкес мемлекеттік қызметке жас мамандар үш кезеңдік конкурстық таңдау негізінде төменгі лауазымдарға тағайындалады, – деді ол. Үстіміздегі жылдың басынан бері өңіріміздің мемлекеттік органдарындағы 368 бос лауазымға жалпы конкурс жарияласа, оның 278-і – төменгі буын мамандары. Конкурстың талаптарынан сүрінбей өткен 291 маман жұмысқа қабылданды. Бүгіндері үміткерлердің өтініштерін кешенді қарау үшін іріктеудің орталықтандырылған рәсімі енгізілген. Мұндай әдіс өзінің тиімділігін көрсетіп отыр, себебі, үміткерлердің қолданыстағы заңнамаларды білуімен қатар, олардың жеке қасиеттері де сынақ кезінде анықталады.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Андрей Калиничев 2017-2018 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, былтырғы жылыту маусымы өңірімізде штаттық режімде өткен, алайда, есепті кезеңде бірқатар проблемалық мәселелер туындап, олар өз шешімін тапқан. Жылыту маусымының басында өңіріміздегі бес жүзден астам қазандық жұмысқа дайын болған, “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы энергетикалық кешен нысандарын қайта құруға, жөндеуге және жаңғыртуға 12,6 млрд. теңге жұмсаған. Бүгіндері келесі жылыту маусымына тұрғын үйлер мен әлеуметтік сала нысандарының уақтылы дайындалуын қамтамасыз ету үшін облыстық штаб құрылып, ол жоспар бойынша жұмыс істеуде.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика