Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ТЫҢ БАСТАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ

ТЫҢ БАСТАМАЛАР ОРТАЛЫҒЫ

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Start-Up” орталығы ашылды. Орталықта ІТ-жобаларды іріктеу, оларды дамытуға материалдық-техникалық база ұсыну, білікті ІТ-мамандардан консультациялық көмек алу бағыттары орайластырылған. Негізгі мақсаты – облысымызда ІТ-саласын дамыту және кітапханадағы робот техникасы ресурстық орталығының негізінде табысты ІТ-жобаларды жүзеге асыру.

Орталықтың тұсаукесеріне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет кітапхананың екінші қабатында орналасқан орталықтың жұмысын көрді. Мадияр Дүйсенбайұлы “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында өңіріміз бойынша әр салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, осы бағытта көздеген межеге қол жеткізу үшін кітапханалардың да тигізер пайдасы зор екенін айтты.

– Кітапхана – рухани қазына ордасы ғана емес. Оның негізгі бағыты – қазіргі ақпараттандыру технологиясы дамыған заманның талабына сай болу. Ғылыми-әдістемелік бағыт бойынша жұмыс істеу қажет, – деді ол.

“PROFit” фирмасының директоры Антон Юсичев жиналған қауымды жобамен таныстырып, “Start-Up”-тың тиімді жақтарын тілге тиек етті.

– Бүгінгі таңда жастардың көбі шетелге барып білім алып жатыр. Осы ретте біздің орталық олардың шетке шықпай-ақ заманға сай біліктіліктерін арттырып, тың жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруді мақсат етіп отыр, – деген Антон Петрович қазір облысымыз бойынша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік салалардың барлығында цифрландыру жұмыстары қолға алынғанын жеткізіп, осы ретте білімді мамандар талапты жастарды қолдауға, көмек көрсетуге дайын екенін айтты.

Жиын барысында “Даму” қоры филиалының директоры Светлана Назарюк “Бизнесті қолдау тетіктері” тақырыбына баяндама жасап, қатысушыларды енгізілген жаңашылдықтармен таныстырды. Ал облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина “Start-Up” орталығы ұмтылғандар үшін жақсы мүмкіндік екенін айтып, залға жиналған студенттерді күзде өтетін өңіраралық форумға ерікті ретінде қатысуға шақырды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика