Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАУ ЕРЕЖЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАУ ЕРЕЖЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР

Биыл Білім және ғылым министрлігі жалпы орта білім беру ұйымдарына бірінші сыныпқа қабылдаудың жаңа ережелерін енгізгені белгілі. Жаңа талаптарға сәйкес, жеті жастағы және биыл алты жасқа толатын балалар бастауыш сыныпқа алынуы тиіс. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдары өзінің қызмет көрсету аумағында тұратын балалардың мектепке қолжетімділігін қамтамасыз етуге міндеттеліп отыр. Тағы бір өзгеріс – білім алушының ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері баланы оқыту үшін кез келген білім ұйымын таңдауға құқылы. Білім және ғылым министрлігі егер оқушыны мектепке алудан бас тартқан жағдайда, ата-ана жергілікті білім басқармаларына шағымдана алатынын да хабарлады. Құжаттарды қабылдау уақыты 1 маусымнан 1 қыркүйекке дейін жүргізіледі.

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, биыл қазақ мектептеріне – 562, орыс мектептеріне 2247 бала барады деп жоспарланып отыр. Бүгінде Петропавлдағы орта білім беру мекемелерінде мектепке қабылдаудың ережесі жазылған хабарландырулар ілінген. Жаңа талаптар ата-анаға мектепті таңдауына мүмкіндік пен уақыт беріп отыр. Алайда, таңдаған мектептерінен орын тимей қала ма деп алаңдаған ата-аналар 1 маусымнан барып, кезекке тұрды. Соның нәтижесінде кей мектептер өз мүмкіншіліктеріне сәйкес қабылдай алатын оқушылар орнын лезде толтырды. Мәселен, қазақ мектеп-гимназияларындағы жағдай осындай болып отыр.

Министрлік жариялаған ережеде дайындық деңгейіне қарамай жасы келген бала мектепке алынуы тиіс деп көрсетілген. Алайда, гимназия, лицейлер жылдағыдай емтихан арқылы қабылдаса, басқа мектептер баланың білім деңгейін анықтайтын тестілеуден өткізуді жалғастырып келеді. Соңғысында баланың оқу-жазуымен қатар, шыдамдылығы, ойлау және ойын жеткізу қабілеті тексеріледі. Егер баланың білімі қойылатын талаптарға сай келмесе, қыркүйекке дейін дайындалып келуіне мүмкіндік беріледі. Ал терең білім беруге бағытталған лицей, гимназиялар бұрынғысынша емтиханнан тиісті ұпай алмаған баланы қабылдаудан бас тартуы ғажап емес. Биылғы бірінші сынып оқушыларының ата-аналары үшін жеңілдік – оларға тұрғылықты мекенжайы туралы анықтаманың қажеті жоқ. Қалалық білім бөлімі мамандарының хабарлауынша, алдағы уақытта тағы бір жеңілдік енгізілмек.

– Бұдан былай бірінші сыныпқа барушылар электронды түрде қабылданатын болады. Қазір мұндай жүйе дайындалып жатыр. Мұнымен қатар қалалық әкімдік білім беру мекемелерінің қайсысында қанша орын барын да бақылап тұруға мүмкіндік беретін сайтты іске қосуды көздеп отыр, – деді қалалық білім бөлімінің жалпы оқыту бойынша бас маманы Дидар Нұрмолдин.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика