Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ КЕЛЕШЕГІМІЗ КЕМЕЛ

КЕЛЕШЕГІМІЗ КЕМЕЛ

Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында отандық жоғары оқу орындарының жұмысын жетілдіру, сапалы мамандар қатарын көбейту, университеттерді нарыққа бейімдеу – адам капиталын жақсартудың бірден-бір жолы. Осы орайда “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өткен жылдың соңғы айларында жоғары оқу орындары арасында әртүрлі критерийлер бойынша сараптама жүргізген болатын. Ондағы мақсат – елімізде кәсіби мамандар даярлау сапасын арттыруға ықпал ету.

Сарапшылар қатарын құраған жұмыс берушілер мен мамандар жоғары оқу орындарындағы білім жүйесінің жаңашылдығына баса назар аударды. Бірнеше кезеңдегі тәуелсіз бағалау нәтижесінде М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің “Ақпараттық жүйелер” білім беру бағдарламасы жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Қазақстанның 66 жоғары оқу орны қатысқан рейтингте біздің университет Қазақстан-Британ технологиялық, Халықаралық ақпараттық технологиялар сынды еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының қатарында жетінші орынды иеленді.

Рейтинг жүргізу барысында, ең алдымен, әр университет түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі мен еңбекақысы, профессорлық-оқытушылық құрамның тәжірибелілігі, оқу орнының білім беру бағдарламасын қаржыландыру, жұмыс берушілермен бірге пәндердің электронды каталогін құрастыру және оқыту бағдарламасын халықаралық аккредитациялау көрсеткіштері бағаланды.

Сондай-ақ, университеттердің білім беру бағдарламаларының мазмұны, толықтылығы, өзектілігі және ұсынылатын әдебиеттерінің жаңашылдығы да бағаланды. Бұл талаптарға бағаны еліміздің белді ІТ-компанияларының білікті мамандары берді.

Рейтинг қорытындысы жарияланған республикалық баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Ғылым және білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мұндай шараның білім беру сапасын арттыруға және олардың өз бағыттарын дұрыс таңдауға үлкен септігін тигізетінін атап көрсеткен болатын.

Бағалау қорытындысы біздің университетіміздің ІТ-мамандары заман талабына сай білім алатындығын тағы бір дәлелдеді десек те болады. Яғни, біздің университетті тамамдаған мамандардың біліктілігі мен дайындығы нарық сұранысына жауап бере алады. Сондықтан біздің түлектердің жұмысқа орналасуы да біршама жеңіл болмақ. Мұндай жетістікке жетуімізге, ең алдымен, ұжымның жоғары деңгейде, ауызбіршілікпен еңбек етуі септігін тигізді деп айта аламыз. Университет ректоры Серік Өмірбаевтың бастамасымен құрылған бағыттар бойынша білім беру бағдарламаларын құрастыратын Академиялық комитеттер бағдарламаның сапалы контентін қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарды.

“Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әртүрлі сала бойынша 2000 білім беру бағдарламасы негізінде 88 рейтинг жүргізбек. Бірінші сыннан сүрінбей өткен университетіміз әрі қарай рейтинг бағалауына барлық мамандықтар бойынша қатысуды жоспарлап отыр. Университеттің көптеген факультеттері заман талабына сай білім бағдарламаларына сәйкес жұмыс істейтіндіктен, алдағы рейтингтерде де жоғары көрсеткішке ие болатынымызға сенім мол. Өйткені, білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орнымызда биылдың өзінде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, ғылым мен білімді ұштастыру үшін робот техникасы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын сараптау, физикалық, химиялық және техникалық зерттеулер жүргізілетін заманауи оқу және ғылыми зертханалар, “Журналистика” мамандығына арналған сандық форматтағы, соңғы үлгідегі студия алынуда. Кітапхана қоры электронды және мультимедиалық оқулықтармен толықтырылды. Облысымыз аграрлық аймақ болғандықтан, ауыл шаруашылығы факультеті жеке шаңырақ көтеріп шықты, аймағымызға өте қажетті медициналық мамандықтар ашу бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар биыл бірқатар елдердің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнаттық. Литва елінің Ұлы Витаутас университетімен бірігіп, магистратураның үш мамандығы бойынша қосдипломдық бағдарламаны іске қостық. Бұл дегеніміз – үстіміздегі жылы біздің университетті тамамдаған магистранттарымыз екі бірдей диплом – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің және Еуропалық одақта танылатын Ұлы Витаутас университетінің дипломдарын алып шығатын болады. Сонымен қатар өңірімізге Қытай елінің кәсіпкерлері инвестиция сала бастағандықтан, осы елдің де оқу орындарымен байланыс орнатуды жөн санадық. Нәтижесінде бүгінгі күні екі қызметкеріміз Батыс Қытай университетінде тағылымдамадан өтсе, келесі оқу жылында ауыл шаруашылығы бойынша біздің мамандарымыз үшін докторантураға – 1, магистратураға 2 орын бөлініп отыр.

Студенттердің әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлініп отырғандығын айта кетуіміз керек. Мәселен, №3 жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары басталды, нәтижесінде қала келбетіне көрік қосатын ғимаратқа айналмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында 2021 жылға дейін екі сәулетті жаңа жатақхана салуға дайындық жұмыстары басталып кетті. Зертханалары бар жаңа оқу ғимараты бой көтермек. Ол үшін облыс және қала басшылығы тарапынан Пушкин көшесінің бойынан жер бөлінді.

Өңір жастарының білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күні университеттегі студенттер саны 5500-ден асты. Алдағы оқу жылында бұл көрсеткішті 7 мың адамға дейін жеткізуді межелеп отырмыз.

Қорытындылай келе, өңірімізде білікті мамандар даярлайтын жалғыз жоғары оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі болашаққа зор үмітпен қарауға мүмкіндік беретінін айтқым келеді.

Айдос МҰҚАТАЕВ,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің стратегия және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика