Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ БІЛІМДІ ҰРПАҚ — БАЯНДЫ БОЛАШАҚ

БІЛІМДІ ҰРПАҚ — БАЯНДЫ БОЛАШАҚ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова оқу жылын қорытындылап, алдағы жоспарларымен және оқу ісіне енгізілетін жаңашылдықтармен таныстырды.

2017-2018 оқу жылы өңіріміздің білім саласы үшін табысты болды. Мектеп оқушылары республикалық пән олимпиадаларында командалық есепте екінші орынға қол жеткізді. Ғылыми жобалар байқауы мен қашықтық олимпиадалардан жүлделі орын алған оқушыларымыз бар. Алдағы басты міндет – Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінбей өту. Биыл облыс мектептерін 4 мыңға жуық оқушы аяқтаса, солардың 71 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Түлектердің 141-і үздік үлгідегі аттестат, 130-ы “Алтын белгі”иегері.

– 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жеті сынып жаңа бағдарлама бойынша білім алады. Содан кейінгі екі кезеңнен соң орта білім беру саласы түгелдей жаңартылған мазмұнға көшеді. Қазіргі уақытта білім басқармасы оқулықтар сатып алу бойынша дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оқуға қажетті 691 мың оқулық пен әдістемелік құрал облысымызға 25 тамызға дейін түгел жеткізілетін болады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова.

Алдағы оқу жылында мектеп бағдарламасына енгізілетін басты жаңалық – 1-2 сынып оқушылары “Ақпараттық білім” пәнін оқи бастайды. Информатика сабағында бастауыш сынып оқушылары “Электронды үкімет” порталын қолдануды үйренеді. Бұл оқушылардың ІТ-құзыреттілігін дамытуға жол ашады.

– Бүгінде облыстың білім беру мекемелерінде “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында жобаларды жүзеге асырудамыз, – деді Гүлмира Кәрімова. Солардың бірі – “ІТ-лицей” Петропавл қаласындағы Бірінші лицей базасында алдағы оқу жылынан бастап іске қосылады. Бұдан басқа биыл қала мектептерінің бірінде “Е-асхана”, “Е-кітапхана” және “Қауіпсіз мектеп” модульдерін қамтыған “Smart-мектеп” қанатқақты жобасы қолданысқа енгізілсе, алғашқы “Smart-балабақша” электронды жүйесінің іске қосылғанына біршама уақыт өтті. Өңір оқушылары үшін қосымша білім беру орталығы ашылады. 1800 адамға арналған Оқушылар сарайында ІТ-технологияларға негізделген кабинет, зертханалар да жұмыс істейтін болады.

Жақын күндері мектеп жасына дейінгі балғындарды балабақшаға кезекке қою, жолдама беру, сол сияқты бірінші сыныпқа қабылдау бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлері автоматтандырылған жүйеге көшеді. Ата-аналар онлайн режімінде білім беру мекемелерінің рейтингін бақылап, бос орындар санын көре алатын болады.

Білім беру ұйымдары мен бөлімдерінде 25 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Сұрағанова өткен жылы тұрғындарға 20798 мемлекеттік қызмет көрсетілгенін айтты. Негізгі қызмет түрлерін “Электронды үкімет” порталы арқылы пайдалану мүмкіндігі уақытты үнемдеп, қызмет көрсетуші мен тұтынушылар арасындағы байланыстың анағұрлым азаюына септігін тигізбек.

Облыс мектептерінде үш тілде білім беруді дамыту арнайы жол картасы аясында жүзеге асырылып келеді. Алдағы оқу жылы 205 мектепте 349 мұғалім химия, биология, информатика және физика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болады. Ал 2019 жылдан бастап мұндай тәжірибеге 117 мектеп қосылып, 700-ден астам ұстаз өз пәнін шет тілінде жүргізбек. Білім және ғылым министрлігі ұстаздарға біліктілік деңгейі бойынша еңбекақы тағайындаудың жаңа жүйесін енгізгені белгілі. Сөйтіп, алдағы оқу жылынан бастап педагог, педагог-модератор, педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер біліктілік санаттарын алған мұғалімдердің жалақысы 30-дан 50 пайызға дейін өседі. Жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін мұғалімдер еңбекақыларына 30 пайыз үстеме алады.

Облыс орталығында орыс тілі және әдебиеті, физика, математика пәндерінің мұғалімдері жетіспейді. Бос орындарға жоғары оқу орындарының биылғы түлектері шақырылыпты. Облыс бойынша 20 мың педагог бар, олардың қатары жыл өткен сайын жас мамандармен толығуда. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 75 студентіне облыс оқу грантын бөлген, дені педагогика мамандығын таңдағандарға беріліп отыр.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика