Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ КӘСІП ИГЕРУ — ӨМІР ТАЛАБЫ

КӘСІП ИГЕРУ — ӨМІР ТАЛАБЫ

Білім және ғылым министрлігінің “Кәсіпқор” холдингі” коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен облыстық білім басқармасы бірлесіп, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына арналған өңірлік семинар өткізді.

Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінде “Тәжірибелік-бағдарланған тәсілдеме – болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру кепілі” тақырыбымен өткен семинар-практикумға өңіріміздің барлық колледждерінің, Ақмола, Қостанай, Павлодар және Ресейдің Қорған, Омбы облыстарынан келген сала мамандары және кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. “Кәсіпқор” акционерлік қоғамының кәсіптік білім беру орталығының басшысы Нұрдәулет Жанайдаровтың айтуынша, шара техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында инновациялық технологияларды енгізу және іске асыру бойынша тәжірибе жинақтап, алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар бұл шара білім берудің дуальды оқыту жүйесін дамыту бойынша тәжірибе алмасуға, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған. Семинар алдында қонақтар облысымыздың техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудағы тәжірибесімен таныстыратын көрмені тамашалады.

Пленарлық отырысты ашқан облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко өңіріміздегі 25 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының 19-ында дуальды оқыту жолға қойылғанын және студенттердің 21 пайызы осы бағдарлама бойынша тәжірибе жинақтап жүргенін айтты. 1771 студент колледждердің әлеуметтік серіктестерінің кәсіпорындарында тағылымдамадан өткен.

“Цифрлық Қазақстан” кешенді бағдарламасы аясында ІТ-мамандарға деген мемлекеттік тапсырыс саны артқан. Бүгінде мұндай сала мамандарын алты колледж даярлайды. Төрт жүз колледж оқытушысы мен шебері қайта даярлаудан өтіп, біліктілігін арттырды, соның ішінде “Кәсіпқор” АҚ-ның кәсіптік курстарынан өткендер де бар.

Бүгіндері облысымыздың кәсіптік-техникалық білім беру саласының дамуына Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі елеулі үлес қосуда. Оқу орнындағы білім сапасын басқару дәстүрлері мен жаңашылдықтары туралы колледж директоры Жеңіс Әбілмәжін баяндап берді. Колледж ұжымы, әсіресе, әлеуметтік серіктестермен орнатқан тығыз қарым-қатынас пен нәтижелі жұмысқа риза. Мәселен, “СевКазЭнерго” АҚ-ы электр жабдықтау, инженер-электрик мамандықтары бойынша оқитын студенттерге дуальды білім беру үшін құны 5 млн. теңге тұратын арнайы полигон орнатқан. Серіктестіктің арқасында колледж қабырғасында жүріп-ақ кәсіби құзыреттілікке ие болған түлектер бірден жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Колледж ресейлік әріптестерімен де қарым-қатынасты нығайтып келеді. Соның бір дәлелі – өңірлік семинарға қатысуға келген Қорған техникалық колледжінің басшылығымен екі оқу мекемесі арасындағы өзара байланыс және тәжірибе алмасу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.

Семинар барысында көршілес өңірлерден келген сала мамандары техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, кәсіби даярлық сапасын арттыру бағытындағы өз іс-тәжірибелері жайында баяндады. Жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасы Қостанай облысында тиімді жүзеге асырылып келеді. Облыстық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім берудің әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Марал Боқаева оқытушылар жылжымалы автокөлік модулімен елді мекендерге шығып, тұрғындарға автомеханик, тракторшы сияқты бірқатар кәсіп түрлері бойынша қысқа курстар өткізетінін айтты. Бұл өңір колледждерінде бір мамандық бойынша оқуға түскендерге үш бірдей біліктілікті алып шығуына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұндағы колледждердің 83 пайызы дуальды білім беру жүйесіне көшкен.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика