Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ШЕТЕЛДЕ ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ

ШЕТЕЛДЕ ОҚУҒА ШАҚЫРАДЫ

Бүгіндері шетелде білім алуды армандамайтын жастарды табу қиын. Заман талабына сай болуды қалайтын өскелең ұрпақтың мұндай ұмтылысын мемлекетіміз де жан-жақты қолдайды. Шетелдердің ең үздік жоғары оқу орындарында білім алуға “Болашақ” бағдарламасы көмектесуде. Елімізде жастардың таңдаулы университет пен колледждерге түсуіне көмек көрсететін бұдан басқа да бағдарламалар бар. “Education USA – Астана” – солардың бірі. Жуырда оның өкілі облысымыздың жастары үшін жазғы лагерь ұйымдастырды.

“Education USA” – бұл Америкадағы жоғары оқу орындары мен колледждеріне түсуге ниетті жастарға кеңес беруге бағытталған бағдарлама. Ол АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің тікелей қолдауымен жүзеге асырылады. “Education USA – Астана” бағдарламасының ассистенті Күмісжан Әлібекова жыл сайын шетелдік оқу орындарында тегін білім алуға талпынушы жастардың қатары артып отырғанын және олар таңдайтын мамандықтардың да түрленіп келе жатқанын айтады. Сол себепті Гарвард, Стентфорд, Кэмбридж, МІТ сынды дүниежүзіне белгілі оқу орындарымен байланыс орнатқан.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өтіп жатқан бескүндік жазғы лагерьде Күмісжан Әлібекова 8-11-сынып оқушыларына оқу орындарын таңдауға, оған түсу үшін сауалнама толтырып, эссе жазуға, тілдік емтихан тапсыруға көмектеседі. Мұндай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысқан жиырмаға жуық петропавлдық оқушы шетелге оқуға түсу туралы нақты шешім қабылдап қойған. Бәрі де ағылшын тіліне судай. “БЭСТ” мектеп-гимназиясының оқушысы Рахат Маекенов, ағылшын, неміс тілдерін жақсы біледі. Оның бала кезден бергі арманын іске асыруына аз ғана уақыт қалды. Қазір ол IELTS емтиханын тапсыруға дайындалуда. Онымен қоса SAT стандарттарынан өтуді де көздейді. Соңғысы Американың жоғары оқу орындарына түсу үшін қажет. Гуманитарлық пәндерге жақын тұратын бозбала халықаралық қарым-қатынас мамандығын таңдап қойған.

– АҚШ университеттерінде сапалы білім алып шығатыныма сенімдімін, – дейді ол.

Курсқа келген ұл-қыздардың арасында журналист, экономист, қаржыгер болуды қалайтындар бар. Олардың көздегендері – сапалы білім алу. Оның үстіне тегін оқу мүмкіндігін мейлінше пайдаланғанымыз дұрыс деп есептейді. Алайда, “Education USA” бағдарламасы шетелге оқуға түсуге көмектескен жастардың кейін елімізде қалаған жұмысына тұруына жағдай жасауды қарастырмайтыны өкінішті. Дегенмен, аталмыш бағдарламаның арқасында Астана, Алматы, Павлодар, Қостанай сияқты қалалардан жыл сайын ондаған мектеп және колледж түлектері АҚШ университеттеріне тегін оқуға түсіп, білім алып жүр. “Education USA” өкілдері петропавлдық жастарға да оқуға түсіп кету үшін барлық көмекті көрсетуге әзір.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика