Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ — БАЛАМАСЫ ЖОҚ ОРТАЛЫҚ

ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ — БАЛАМАСЫ ЖОҚ ОРТАЛЫҚ

Облыс орталығында бір жылдан астам уақыт бұрын бой көтере бастаған Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан тұрғындарға қандай пайда әкеледі? Ұлқыздарымыз бұл жерден не үйреніп қайтады? Шынымен де ол өңіріміздің ІТ-орталығына айнала ма? Тұрғындар балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының Оқушылар сарайына айналуынан не күтеді? Заманауи нысанның өңіріміздің мәдени өмірі мен білім саласына әкелетін жаңашылдықтарына шолу жасап өткенді жөн көрдік.

 

Жаңа нысанның жалпы ауданы – 15 мың шаршы метр. Ол “Жас өркен” шағынауданындағы сәулетті, заманауи үлгіде салынған ғимараттардың бірі болмақ. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамадиевтің айтуынша, жобаның құрылысына 5 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бас мердігер ретінде құрылысты қолға алған “BI group” компаниясы жұмысты жоспарға сай орындап келеді. Бүгіндері құрылыс басында 190 кәсіп иесі еңбек етуде. Құрылыстағы негізгі жұмыстарды қыркүйек айына дейін тамамдап, тапсыру көзделіп отыр. Бұдан кейін жастардың шығармашылығы орталығымен қатар, жобалық-зерттеу, ғылыми-техникалық істердің мекеніне айналатын 1800 орындық алып сарайды әрлеу, жабдықтау жұмыстары басталады. Жаңа мекеменің директоры Дина Әбілмәжінова қазіргі уақытта құрал-жабдықтарға тапсырыс беріліп, олардың алғашқы легі жеткізіле бастағанын айтады. Тамыз айы ғимараттың ішкі жөндеуімен қатар, материалдық-техникалық базасын түгендеуге арналады.

Оқушылар сарайы еліміздің бірер қала-сында ғана бар. Петропавлдағы жаңа нысан Алматыдағы сарайға ұқсайды. Яғни, оның құрылысын жобалау барысында оңтүстік астанадағы ғимараттың үлгісіне көп мән берілген. Алайда, петропавлдық Оқушылар сарайының ұстанған бағыты мен атқарар міндеті өзгеше. Ол Қазақстан бойынша жастар арасында ІТ-технологияларды дамытуға негізделген жалғыз ірі орталық болмақ. Әрине, өнерпаздарға арналған түрлі секция мен жаттығу клубтарының, пәндік үйірмелердің де жұмыс істеуі оның көпбейінділігін аңғартады. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығындағы барлық қосымша білім беру және жаттығу залдары жаңа ғимаратқа көшіріледі. Мұның өзі Оқушылар сарайының қазірдің өзінде жүздеген келушісі бар деген сөз. Ал бұдан былай ашылатын жаңа үйірмелер оқушылар санының еселей артуына мүмкіндік береді.

Жаңа нысан үш негізгі қағидат бойынша жұмыс істейді. Алғашқысы – ІТ-мамандардың көмегімен жастарды жаңа ақпараттық технологиялар әлеміне бойлату, ІТ-кәсіпкерлік және коммуникациялар ортасын қалыптастыру. Сонымен қатар “прогресшіл” ата-аналар мен талантты балалардың тұрақты қауымдастығын құру, жастарды болашақта орын алатын өзгерістер аясында өмір сүруге даярлау. Және соңғысы – ата-аналарға балаларының заманауи технологияларды өзін-өзі жетілдіру мақсатында пайдалануына көмек көрсету. Осыған орай ІТ-орталықтың жұмыс істеу бағыттары да белгіленген. Бүгінгі таңда оннан астам зертхана мен кабинеттің жұмысы айқындалып отыр. Олардың қатарында “PHYWE System” – химия, биология, физика зертханалары, өндірістік интернет заттарының зертханасы, робототехника мен мехатроника кабинеті бар. Соңғысы облыс орталығында тәжірибелік жұмысын бастап кеткені белгілі. Роботтарды құрастырып, физика мен математика саласы бойынша білімін тереңдетуді қалайтын оқушылардың бұл секцияға деген қызығушылықтары зор. ІТ-орталықта оқушылар дрондарды құрастыруды да үйренеді. Осылайша бүгінде аса танымалдыққа ие ұшқышсыз ұшырылатын аппараттың “шағын өндірісіне” жол ашылмақ. Нәтижесінде оқушылар жоғары технологиялар мен гаджеттер көмегімен қоршаған ортаны зерттеу ісін бастан-аяқ өздері жүргізбек.

Электроника мен электротехника кабинетінде оқушылар мен студенттер макеттік платада электр схемаларын өз беттерінше жинақтаудан бастап, резистор, конденсатор, катушкалардың жұмыс істеу қағидаларын меңгереді. Сол сияқты мұнда бақылау-өлшеу жүйелерін бағдарламалау, SDR радио зертханасы, 3D прототиптеу, виртуалды шынайылық кабинеттері жұмыс істейтін болады. Заман талаптарынан қалыспауымыз, жаңа технологиялар әлеміне өзіміздің ұсынысымызды жасай алуымыз үшін жастарымыздың терең білім алып, жан-жақты ойлау қабілеттерін дамытып, ғылыми-зерттеу істеріне барынша араласқаны абзал. Жаңа нысан өңір жастары үшін осындай мүмкіндікті қамтамасыз ете алады деген сенім бар.

– Оқушылар сарайы түгелдей дерлік сандық, интерактивтік тұрғыда жабдықталатын болады, – дейді Дина Әбілмәжінова. – Сандық ресепшн, интерактивті қызмет көрсету үстелдері, LED-экрандар, медиа және бейне қабырғалар, “Cisco” желілік құрылғылары – осылардың бәрі сарайға кіріп келген беттен келушінің назарына ілініп, қажетті көмек пен ақпарат алуына қызмет етеді. Ал кәсіпкерлік саласындағы адамдар үшін құрамында смарт-кеңселер, келісімшарт бөлмелері қарастырылған және толықтай компьютерлендірілген коворкинг аймақтар жұмыс істейді.

Оқушылар сарайы ашылысымен-ақ ауқымды шаралар өткізіледі деп күтілуде. Қараша айында мұнда Қазақстан мен Ресей Президенттері бас қосып, шекарааралық ынтымақтастық жайын талқыламақ.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика