АЛТЫН ҰЯДАҒЫ ТОЙ

Есіл ауданындағы Бірлік ауылының тұрғындары жергілікті мектептің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті. Осы күні білім ордасының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагер-ұстаздар мен бірқатар түлектер марапатталды.

Білім ордасы үлкен өмірге қанат қақтырған түлектерін құшақ жая қарсы алды. Талай ұл-қызды білім нәрімен сусындатып, қолдарына қалам ұстатқан ардагер ұстаздың бірі – Серік Уәлиев. Ол аталған мектепте 34 жыл еңбек еткен. Соның 11 жылында директор болса, қалған уақытында химия пәнінен сабақ берді.

– Қарашаңырағымыздың ашылғанына жарты ғасыр толып, шәкірттеріміз үлкен той жасап жатыр. Ауыл азаматтары мен барша ұстаздардың атынан оларға алғысымыз шексіз. Көптеген жетістіктерге жеткен мектебіміз мақтауға тұрарлық. Өйткені, ол білімді де талапты түлектерімен облысқа ғана емес, республикаға да танымал, – деді Серік Уәлиев.

Бұл күні шәкірт тәрбиелеуге 36 жылын арнап, көптеген оқушыға әріп танытып, жазу үйреткен мұғалімнің бірі – Ботагөз Асқарова да шәкірттерінің алғысына бөленді. Алтын ұяда білім нәрімен сусындаған түлектер де сөз алып, қызықты естеліктерімен бөлісті. Қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстаздары жайлы тебіреніп, ризашылықтарын жаудырды.

Білім мен тәрбиенің негізі, өнер мен мәдениеттің шаңырағына айналған мектептің мерейтойына орай спорттық ойындардан жарыстар өткізіліп, мерекелік концертпен түйінделді.

Майгүл СЕЙІЛБЕК.

Текстиль для дома, Вышивка, Фурнитура, Ткани
автоновости