Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰСТАЗДАР ЕМТИХАННАН СҮРІНБЕДІ

ҰСТАЗДАР ЕМТИХАННАН СҮРІНБЕДІ

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған мазмұн бойынша білім беретін педагогтердің еңбекақысы 30 пайызға көтерілсе, алдағы 1 қыркүйектен жаңа форматтағы аттестаттаудан өткен ұстаздардың жалақысына 50 пайызға дейін үстеме қосылмақ. Осындай мүмкіндікті пайдалануды ұйғарған 2451 солтүстікқазақстандық педагог екі кезеңнен тұратын сынақтан өтіп, өз білімдерін дәлелдеді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы халыққа арнаған Жолдауында педагогтерді оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттігін айтқан болатын. “Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу 2021 жылы аяқталады. Осы уақытқа дейін ұстаздар да лайықты еңбекақымен қамтамасыз етілуі тиіс”, – деді Елбасы. Білім және ғылым министрлігі осы талаптарға сәйкес санаттардың жаңа кестесін енгізу және оларды ұлттық біліктілік тест нәтижесі бойынша тағайындау туралы шешім қабылдап, жаңа форматтағы сынақты өткізу жоспарын жасады, тест тапсырмаларының базасын жаңартты. Осыған дейін мұғалімдерді аттестаттау бір кезеңнен тұрып, комиссия мүшелері мұғалімдер тапсырған портфолио бойынша санаттар тағайындап келді. Ал мерзімінен бұрын біліктілігін арттыруға тілек білдіргендер өз пәнінен және психология, педагогика, әдістеме, заңнамалық білімі бойынша тест тапсыратын. Биылдан бастап бәрі тестілеуден өтетін болды.

Біліктілік санатын растауды немесе жоғарылатуды көздеген өңір ұстаздары мамыр айында Петропавл қаласы мен төрт аудан орталығындағы ҰБТ пункттерінде аттестаттаудың алғашқы кезеңі – ұлттық біліктілік тестілеуден өтті.

– Тест тапсыруға 2675 ұстаздан өтініш келіп түсті, алайда 204 мұғалім қараша айында өтетін келесі аттестаттауға қатысатын болып шешімдерін өзгертті. Тесттегі жүз сұрақтың отызы – педагогика мен оқыту әдістемесіне, ал қалғандары мұғалімдердің өздері оқытатын пәндерге қатысты болды. Заң мен психология бойынша сұрақтардың алынып тасталуы ұстаздарға аздап жеңілдік тудырған сияқты. Тестілеуден кейін кейбір мұғалімдер аппеляциялық комиссияға жүгініп жатты. Оның нәтижесінде бес адамның өтініші қанағаттандырылды, – дейді облыстық білім басқармасының персоналды басқару бойынша жұмыс бөлімінің басшысы Сәуле Қамбарова.

Тестілеуден өткендердің дені педагогика мен әдістемеге қатысты сұрақтардың бұрынғыға қарағанда қиындағанын айтады. Алайда, бұл екеуінен бөлек, яғни күнделікті оқытып жүрген пәндерінен тиісті ұпай санын жинай алмағандар да бар екенін айтқан жөн. Петропавл қаласындағы №20 орта мектеп директорының орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Гүлім Хамзина – тесті сәтті тапсырғандардың бірі.

– Өз пәндерім бойынша сұрақтарға жауап беру қиын болған жоқ. Ақын-жазушылардың өмір сүрген, оқыған, өмірден озған жылдары туралы сұрақтар тым көп болды. Нақты даталарды тарихшылар ұмытпауы тиіс. Ал біздің не нәрсеге көбірек көңіл бөлу керек екеніміз түсінікті ғой. Тағы бір ойландырған жағдай, тестілеуден кейінгі күні педагогикадан жиналуы тиіс ұпай саны бірден тоғызға дейін төмендетілді. Әрине, бұл көпшілік үшін тиімді болды. Бірақ бастапқы тәртіпті аяқ-асты өзгерте салу, меніңше, дұрыс емес, – деп біліктілік тестілеуінен алған әсерімен бөліскен еді.

Әр ұстаздың ұлттық біліктілік тестілеу жайындағы айтар пікірі әртүрлі. Көбі сынақтан өте алмай қалған жағдайда мұның жұмысқа еш әсері болмайтынына қуанады.

Тестті ойдағыдай тапсырған мұғалімдер қызмет қорытындысының кешенді талдау жиынтығын жасау кезеңіне өтті. Бұл кезең бұрынғы тәртіп бойынша жүргізіледі. Тәжірибелі педагог, әдіскер, білім басқармасы мамандары, ғылыми-педагогикалық кеңес және біліктілікті арттыру орталықтары өкілдерінен құралған комиссия мүшелері ұстаздардың еңбек нәтижесін бағалай отырып, тапсырған біліктілік санатына сәйкестігі жөнінде шешім қабылдайды. Тәжірибелі ұстаз Гүлдарай Қайнетова санаты жоғарылаған сайын мұғалімдерге қойылатын талап та күшейетінін айтты.

– Мәселен, зерттеуші, шебер санаттарын алу үшін педагог өзі ғана жан-жақты ізденіп қоймай, оқушыларының да зерттеу дағдысын қалыптастыруы тиіс. Аттестаттау өтетін бес жыл сайынғы аралықта мұғалімнің білім сапасының көрсеткіші кемінде 5 пайызға артуы тиіс. Осы уақытта олар тәжірибе алмасу және тарату ісін жолға қоюы қажет. Бұл бүгінгі күннің жоғары санатты ұстаздарына қойылатын міндеттің алды ғана, – деді ол.

Сонымен өткен аптада елімізде педагогтерді аттестаттау жұмысы тамамдалды. Білімі мен біліктілігін дәлелдей білген облыс ұстаздарының 755-і – педагог-модератор, 1041-і – педагог-сарапшы, 857-сі – педагог-зерттеуші, ал 27-сі педагог-шебер санаттарын алды. Емтиханнан сәтті өткендердің еңбекақылары санатына қарай 30-50 пайызға дейін артады. Біліктілік санатын бір жылда екі рет арттырғысы келетіндерге де жол ашық. Келесі ұлттық тестілеу қараша айына белгіленді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика