Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Биыл білім саласында орын алған жаңашылдықтардың бірі мектеп директорларын тағайындаудың дәстүрлі жүйесінің өзгертілуі болды. Енді білім беру ұйымының басшысы қызметіне орналасу үшін үміткерлер арнайы байқаудан өтулері тиіс.

Жаз айларында облысымыздың бірқатар білім ордаларына жаңа директорлар келді. Олардың бәрі де үстіміздегі жылдан бастап енгізілген мектеп директорларының кәсіби деңгейін көтеру бастамасына сәйкес енгізілген жаңа тәртіп негізінде тағайындалды.

– Мектеп директорларын тағайындау қағидалары өзгерді. Бұдан былай мектеп басшылығына үміткерлер төрт кезеңнен тұратын конкурстан өтеді. Әуелі мектептің қамқоршылық кеңесінің отырысы ұйымдастырылып, үміткердің кандидатурасы қаралады. Одан кейін болашақ мектеп директоры тест тапсырып, қолданыстағы заңдарды білу деңгейі тексеріледі. Сонан соң үміткер облыстық білім басқармасынан келісім алу, аудандық, қалалық білім бөлімдеріндегі әңгімелесу кезеңдерінен өтеді, – дейді облыстық білім басқармасының персоналды басқару жөніндегі жұмыс бөлімінің басшысы Сәуле Қамбарова.

Білім және ғылым министрінің “Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау қағидасын бекіту туралы” бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес мектеп директорлары бұдан былай төрт жылға тағайындалады. Егер мектеп басшысы оқу мекемесіндегі жұмысын әрі қарай жалғастырамын десе, аталған конкурстан қайтадан өтуі тиіс болады. Жаңа директорды тағайындау үдерісінде әкімдік өкілдерінен, мектеп ұжымы мен түлектерінен, демеушілерден, ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралатын қамқоршылық кеңестің шешімі жоғары маңызға ие. Өйткені, жаңа тәртіптің енгізілуінің мақсаты қоғамдастықтың мектепішілік өмірдегі рөлін арттыру болып табылады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында директоры ауысқан білім беру мекемелерінің қатарында облыстық дарынды балаларға арналған “Білім-инновация” лицей-интернаты мен Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты бар. Қазақ гимназия-интернатын көп жылдар бойы басқарып, құрметті демалысқа шыққан Гүлжан Төкенованың орнына – Ержанат Бакиров, ал Руслан Сихимбековтың өзге білім беру мекемесіне ауысуына орай “Білім-инновация” лицейіне Ерден Жақсымбетов тағайындалды. Бұл тәжірибелі қызметкерлер осыған дейін өзге қалалардағы “Білім-инновация” лицейлерінде еңбек еткен. Облыстық білім басқармасы өткізген төрт кезеңдік байқаудан ойдағыдай өткен директорлар жаңа оқу жылынан бастап өз міндеттеріне кірісті.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика