Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ

БАЛЫҚ БАСЫНАН ШІРИДІ

Шахау орта мектебіндегі 

қазақ сыныптарына бұлт үйірілді

Қызылжар ауданының Шахау ауылындағы орта мектепте биылғы жаңа оқу жылы айғай-шумен басталды. Мұндағы қазақ сыныптарының оқушылары бір аптадан бері сабаққа бармай үйлерінде отыр.

Оқырманға түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастап баяндайық. Жұмыс күнінің басталғаны сол еді алдымдағы телефон шыр ете түсті. “Бұл кім болды екен?” – деген оймен тұтқаны көтердім. Өзін Қызылжар ауданы Шахау ауылының тұрғыны Ботагөз Оспановамын деп таныстырған азаматша жергілікті мектептегі қазақ сыныптарын жапқалы жатқанын жыламсырап тұрып жеткізді. Өз құлағыма өзім сене алмадым. Айдың күннің аманында, оқушылар саны жетіп тұрғанда қазақ сыныбын жапқандары қалай?

Аудандық білім бөліміндегілер мұндағы қазақ сыныптарын жабамыз дегеннен кейін балаларын ана тілінде оқыта алмайтындарына күйінген ата-аналардың редакцияға телефон шалудан басқа амалы қалмапты.

Іле жолға шықтық. Облыс орталығынан 14 шақырым қашықтықтағы елді мекенге айналасы 30 минуттың ішінде жетіп бардық. Мектеп жанына қазақ сыныптарында оқитын оқушылардың ата-аналары жиналып, білім бөлімінен келуі тиіс комиссияның жолын тосып тұр екен. Олар да көп күттірген жоқ.

Ауыл тұрғындарымен кездесуге аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Жанар Ақылбекова мен “Парасат” мектеп-лицейінің директоры Сағат Елеукина келді. Олар бұл тығырықтан шығудың жолы ретінде мұндағы он оқушыны аудан орталығындағы интернатқа орналастыруды немесе орыс сыныптарына көшіруді ұсынып отыр. Олардың сөзінше, бүгінгі таңда “Парасат” қазақ мектебі – аудандағы үздік білім ордаларының бірі. Ата-аналар балаларын мұнда берсе еш өкінбейді. Қосымша білім, спорт, өнер үйірмелері баланың қабілетін шыңдай түседі. Әрине, әрбір ата-ана баласының көш басындағы мектепте білім алғанын қалайды. Жергілікті тұрғындар да өз ұрпағына жамандық ойламайды. Бірақ олардың көпшілігі балаларының қастарында болғанын, көз алдарында оқығанын құп көреді.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ сыныптарындағы оқушылардың саны – он. Оның бесеуі 6, 7, 8 жинақталған сыныптарда білім алып жатыр. Ал осыншасы – 10-сыныптың оқушылары.

Осы білім ордасының директоры Әдемі Қалмұрзинованың айтуынша, қазақ сыныбын таратып жіберудің нақты себебі – мамандар жетіспейді. Бүгінгі күні мұнда тарих, информатика, география, физика, химия, биология пәндерін оқытатын мұғалімдер жоқ. Ал орыс сыныптарының ұстаздары жауапкершілік арқалағысы келмейді. Мысалы, биология пәнінің мұғалімі ұлты қазақ болғанымен, орыстілді. Сондықтан оқушыларға сапалы білім бере алмаймын деп қазақ сыныбында сабақ беруден ат-тонын ала қашып отыр.

“Алдағы күндері кадрлар табыла ма, бұған дейін неге іздемедіңіздер?” – деген сауалымызға мектеп басшысы талпыныстарынан еш нәтиже шықпағанын айтып, жанарымен жер шұқыды. Бұл сөз де көңілге күдік ұялатады. Егер басшылық бел шеше кіріссе, түйіні шешілмейтін мәселе бар ма?

Бір айта кететін жайт, бұған дейін қазақ сыныптарында білім алған оқушылардың арасында мектепті “Алтын белгіге” тамамдаған шәкірттер де болған. Мектеп түлектері ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсетіп, әр жылдары қазақ сыныптарының абыройын асырған. Ендеше, қазақ сыныптарында білім берудің деңгейіне күмән келтіре алмаймыз.

Десек те ... Шахау ауылы тұрғындарының дені – өз ұлтымыздың өкілдері. Бүгінгі күні мұнда 300-ден астам отбасы түтін түтетіп отыр. Бірақ көбі балаларын қазақша оқытуға селсоқ. Мұның себебін де директордан сұрадық. “Менің өз қызым да орыс сыныбында оқиды. Бастауышта ана тілінде оқыттым. Орта буынға барғанда әрі қарай әкете алмады. Амалсыз ауыстыруыма тура келді”, – деп мектеп басшысы айды аспанға бір-ақ шығарды.

“Балық басынан шіриді” деген рас екен-ау! Басқалар басшыға қарап бой түзейді ғой, ал оның өзі қазақ тіліне қамқор болып, ұлт тілінің өсіп-өркендеуіне қарлығаштың қанатымен су сепкендей шырылдап үлес қосып жүрсе, бәлкім жағдай басқаша болар ма еді?! Шынымен де, ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндағы мұғалімдердің дені балаларын орыс тілінде оқытуды құп көреді екен. Біреуге кінә артудан аулақпыз. Дегенмен, Кеңес одағының солақай саясатының арқасында тамырына балта шабылып, тұншықтырылып келген асыл тіліміздің дамуына тұсау салмай, керісінше, көкке көтеретін күн туды емес пе?!

“Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды” демекші, ауданда қазақ сыныбында оқитын он баланың ата-анасының жанайқайына құлақ асар адам табыла ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ олардың қазақ тілінің болашағына алаңдап жүргендеріне көзіміз жетіп қайтты. Әсіресе, Өзбекстаннан келген қандас бауырымыз Абай Жораевтың сөзі жүректі шымырлатты. “2004 жылы балашағамды соңыма ертіп атамекенге асыға жеттім. Алғашқы жылдары көрген қиындықтарды еңсеру бізге оңайға түскен жоқ. Сонда да жас шыбықтай жайқалып өсіп келе жатқан ұл-қыздарым қазақша білім алып, ұлттық құндылықтан ажырамай өссе екен деген жүрек түкпірімде үлкен арманым бар еді. Ал бүгінгі күні қазақ сыныбы жабылып жатыр. Билік басындағылар интернатқа бергілерің келмесе балаларыңызды орыс сыныбына ауыстырыңдар, – дейді. Мен қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына ренжимін. Баламызды жетектеп апарып, интернатқа орналастыра салу қиын емес. Бірақ бұдан кейін Шахау ауылында қазақ сыныбы ашыла ма, міне, мәселе қайда? Біздің талабымыз қазақ сыныбын сақтап қалу, неге осыны білім бөлімінің басшылары да түсініп, бізге қолдау көрсетпейді”, – деп күйінді азамат.

Ал Дастан Айдыралиев Шахау ауылында тұрып, бертін Қызылжарға көшіп кетіпті. Өзі кетсе де қазақ сыныбы жабылып қалмаса деп баласын туысының үйіне тастап кеткен екен. “Ұлымды қалада да оқытуға болар еді. Бірақ ол кетсе бала саны азайып, сынып жабылып қалады ғой деп ондай қадамға бармадым”, – дейді ол.

Қызылжар ауданының Соколовка ауылындағы қазақ сыныбы да жабылайын деп жатқанын естідік. Білім бөліміндегілерден осы мәселе жайында сұрағанымызда, бір сыныпта небары екі-ақ оқушы қалғандықтан, осындай шешімге келгендерін айтты.

Бұрын Қызылжар қазағынан гөрі, өзге ұлттың өкілдері басым аудан еді. Қазір жағдай өзгерген. Аудан орталығы – Бескөлге, Шахау, Соколовка, Прибрежный, Тепличное, тағы басқа ауылдарға көшіп келушілер легі толастар емес. Бірақ бұл ауданда жалғыз ғана қазақ мектебі бар. Ол – “Парасат” мектеп лицейі. Өзгелері – аралас мектептер. Енді жергілікті билік өкілдері қазақ сыныптарына көз алартып, түрлі сылтаумен жауып тастағылары келеді. Әлі күнге дейін құлдық санадан арыла алмай отырған Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшылары осылайша ұлтымыздың тамырына балта шауып, келешек ұрпақтың болашағына бейжай қарап, қазақ тілін қолжаулыққа айналдырып отыр. Егер ұлт тілінің абыройын асырып, көсегесін көгертуі тиіс ұстаздардың өзі қазақшаға қырын қараса, онда басқалардан не күтуге болады?! Осы мәселеге орай тіл жанашырларының пікірін сұрап білген едік.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Егемен Қазақстан” газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі:

– 1989 жылы облыс орталығындағы №3 мектепте қазақ сыныбын ашу үшін бір топ азаматтар Қызылжардағы қазақ отбасыларын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген едік. Кейін №9 орта мектепте өзіміздің қара көздер оқытыла бастады. Сол уақытта өзгелер емес, өзіміздің билік басында отырған аға-әпкелеріміз қазақ сыныптарының ашылуына қарсылық білдірген болатын. Ал бүгінгі күні баласын қазақша оқытып жатқан ата-аналардың жолына кесекөлденең тұру – барып тұрған сорақылық.

 

Ботагөз ҒАЛИЕВА,

ардагер ұстаз:

– Елбасы “Тарих толқынында” атты кітабында “Дауға салса алмастай қиған, өмірдің кез келген орайында әрі қаруы, әрі қалқаны болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да, ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен...” деп жазған болатын. Шынымен де, ана тілінің уызына жарып, оның қадір-қасиетін түсініп өскен ұрпақ қана қазақтың жоғын жоқтайды, барын бүтіндейді. Әлі есімде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Бескөл ауылында ұлтымыздың асыл құндылықтарын насихаттау үшін шырылдап жүрдік. Ал қазір жағдай өзгерді емес пе? Қазақ тілінде оқимын деген балаларға, олардың ата-аналарына қолдау білдірген жөн.

 

Гүлмира МҰХАМЕДЖАНОВА,

PһD докторы:

– Қаншама ұстаз Қызылжар ауданының Бескөл, Бәйтерек ауылдарына қаладан қатынап, жұмыс істеп жүр. Ал Шахау қала іргесінде тұрған жоқ па? Сондықтан білім бөліміндегілер, мектеп басшылары сыныққа сылтау айтпай, бұл мәселенің шешімін іздегендері жөн ғой. Қызылжар ауданында екі ғана қазақ мектебі бар екенін естіп, жағамды ұстап отырмын. “Серпін” бағдарламасы бойынша біздің өңірге келіп, білім алып жатқандар қаншама? Аталмыш ауыл тұрғындарының дені – өзіміздің бауырларымыз. Туған тілімізге жанашырлықтың жоқ екені сезіліп тұр.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика