Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінің агрономия колледжі арасындағы серіктестік қарым-қатынас жаңа кезеңге көшті.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ұжымы мен Янлинь қаласынан келген меймандардың ресми кездесуі “дөңгелек үстел” басында өтті. Қытайдың солтүстікбатысындағы және еліміздің солтүстік өңіріндегі белді оқу орындары өзара ынтымақтастықты жаңа келісімшарт арқылы бекітіп отыр. Енді СҚМУ аталмыш университеттің агрономия колледжімен ғана емес, тұтас жоғары оқу орнымен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтатын болады.

– Осыған дейінгі бірлескен шаралар жол картасы шеңберінде оқытушыларымыз Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетінде бір жарым ай бойы біліктіліктерін арттырды. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқитын алты студентті де Қытайға аттандырмақпыз. Сондай-ақ, біздің оқытушылар мен магистранттар осы университеттің зертханалар базасында қысқамерзімді ғылыми тағылымдамадан өтетін болады. Осылайша академиялық байланыс пен оқытушылар арасындағы әріптестікті нығайтудың арқасында жаңа тәжірибелер жинақтауды көздеп отырмыз, – деді СҚМУ ректоры Серік Өмірбаев.

Жоғары оқу орны басшысы биыл университетте 18 жаңа мамандықтың ашылғанын, олардың ішінде өсімдік қорғау және карантин, өндірістік қауіпсіздік сияқты бағыттардың барын атап өтті. “Осыған дейін он бес жыл бойы жұмыс істеп келген ауыл шаруашылығы кафедрасы биыл агротехнологиялық факультет ретінде қайта құрылды. Сол себепті де университетіміз үшін ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын озық шетелдік оқу орындарымен қарым-қатынасты нығайту аса маңызды”, – деді ол.

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті қытайлық әріптестерімен егіншілік аясындағы ортақ ғылыми-зерттеу шараларын жүзеге асыру үшін агробиологиялық станциясынан үш гектар жер бөліп отыр. Бұл технопаркте Қытайдан әкелінетін бидай, тары, рапс, картоп, күнбағыс, зығыр мен бірқатар бұршақты дақылдар себіліп, олардың біздің ауа райымыздағы өсу барысы сыналады. Агротехникалық факультет деканы Алтын Шаяхметова мамыр айында алғашқы сұрып сынау жұмыстары басталып, оң нәтиже бергенін айтты. Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылықтары университеті кеңесінің өкілі Ли Синван болашақта солтүстікқазақстандық университет базасында биотехнологиялық зертхана ашуға да тиісті көмек көрсететіндерін жеткізді.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика