Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЖЕРГІЛІКТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕП ҮНДІ АЗАМАТТАРЫН ДА ОҚЫТАДЫ

ЖЕРГІЛІКТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖОҒАРЫ МЕКТЕП ҮНДІ АЗАМАТТАРЫН ДА ОҚЫТАДЫ

2000-шы жылдардың басында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті студенттері санының көптігімен мақтанатын еді. Соңғы жылдары өңіріміздегі жоғары білім беретін оқу орнына түсуге ниетті талапкерлер күрт азайып, кең сарайдай корпустардың іші босап қалды. Бұған бірнеше жайт әсер етті. Алдымен кейінгі мектеп түлектері Астана, Алматы сынды ірі қалаларда оқып, білім алуға ұмтылатын болды. Сонымен қатар жастарға өзіміздікінен гөрі көрші ресейлік жоғары оқу орындарының грантын иелену оңайырақ болғаны да рас. Осындай жайттарды ескерген университет басшылығы былтыр білім алушылар санын 10 мыңға жеткізу міндетін алға қойды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен грант саны көбеюінің және жаңа мамандықтардың ашылуының нәтижесінде университет үстіміздегі оқу жылында бұл мақсатқа бір табан жақындай түсті. Өткен жылы бакалавриат, магистратура, докторантура және сырттай оқу бөлімдерінде оқитындардың жалпы саны 5330-ды құраса, биыл бұл көрсеткіш 7200-ден асып отыр.

Студенттер қатарының толығуына медициналық факультеттің ашылуы да өзіндік үлесін қосты. Жаңа мамандықтың арқасында университет есігі қосымша 300-ге жуық талапкер үшін айқара ашылды. Ең бастысы, бұл мектеп жергілікті медицина кадрларының жетіспеушілігі мәселесін шешуге көмектеседі деп күтілуде.

80 жылдық тарихы бар СҚМУ қабырғасынан талай мықты педагогтер мен инженерлер, техника саласы мамандары түлеп ұшты. Алайда, университеттің медицина мамандарын даярлай алатынына көпшіліктің сенімсіздікпен қарап отырғаны да рас. Өйткені, елімізде талай жылдан бері келе жатқан медициналық оқу орындарының бәрі бірдей жоғары сапалы мамандарды оқытып жатыр деп айту қиын. “Көш жүре түзеледі” дегендей, қатарға енді ғана қосылған факультеттің болашақта отандық медицинаны дамытуға өз септігін тигізе аларына университет ұжымының күмәні жоқ.

Университетте жалпы медицина мамандарын даярлау ісін ұйымдастыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жаңа оқу жылы басталып кетсе де, сырттан мамандар тарту, техникалық-материалдық базаны қалыптастыру, жергілікті денсаулық сақтау нысандарымен байланыс орнату сынды шаруалар әлі де жалғасуда. Өйткені, осы саланы таңдаған 113 талапкерге университет оқытушылары әлеуметтік-саяси, жаратылыстану, молекулярлық биология, генетика сынды жалпы пәндерді оқытуда. Жоғары мектепке, сондай-ақ, 13 интерн қабылданыпты. Олардың дені – өзге қалаларда дәрігерлікке оқыған өңіріміздің жастары. Оқытушылар құрамы жасақталмаса да, факультет деканы өз міндетіне кірісіп, жастарды қанатының астына алып отыр.

– Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің ортақ бастамасы бойынша биыл бірнеше өңірде медициналық мамандықтар ашылды. Бұл өңірлердегі сала қызметкерлерінің жетіспеушілігі мәселесін шешудің, сонымен қатар елімізге шетелдік студенттерді тартудың жолы болып отыр. Біздің елімізде білім алғысы келетін шетелдік азаматтар көп. Бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларының медициналық білім беру мекемелері бұл сұранысты жартылай қанағаттандырып отыр. Бізге де осындай міндетті орындау тапсырылды. Сөйтіп, СҚМУ-де шетелдік азаматтар білім алатын болды. Жазда “5+2” қағидаты бойынша мамандарды даярлау лицензиясына қол жеткіздік. Яғни, жастар бес жыл бакалавриатта оқыса, кейінгі екі жылда интернатурадан өтеді, – дейді университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ербол Исақаев.

Қазіргі уақытта көпшіліктің назары жергілікті университетке ауып отырғаны рас. Сондықтан ұжым тапсырылған міндетті тыңғылықты орындауды көздеп, сапалы білім беру мәселесін алдыңғы орынға қойып отыр. Жаңа факультет жұмысын ұйымдастыруға қыруар күш пен қаржы жұмсамақ. Жоғары мектеп жайғасқан екінші корпуста алдағы уақытта симуляциялық, диагностикалық кабинеттер ашылады. Кейін олар жаңадан салынған корпусқа көшірілуі мүмкін. Ал қазір облыстық аурухана жанынан тәжірибелік сабақтар өтетін арнайы кафедра ашуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоғары мектеп медициналық колледждің, балалар ауруханасы мен онкологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлердің, тағы басқа да мекемелердің материалдық-техникалық базасын қажетінше қолдана алатын болады. Бұл жөнінен жоғары мектепке облыстық денсаулық сақтау басқармасы көмек көрсетуде. “Өңіріміздің денсаулық сақтау саласында ондаған медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары еңбек етуде. Жүзден астам жоғары санатты дәрігер бар. Сол мамандардың арасынан студенттерге дәріс оқимын дейтіндерді университетке тартатын боламыз. Олар үшін педагогикалық біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады”, – дейді Ербол Исақаев. Университет АҚШ және өзге елдерден де бірнеше оқытушыны шақыртпақшы.

Ағылшын тілінде сөйлейтін мамандар Үндістаннан келетін 150 талапкерді оқыту үшін де қажет. Келісімшарт бойынша олар тек осы тілде ғана оқытылуы тиіс екен. Алайда, кейін орысша сөйлеуді де үйренеді. Өйткені, жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінде тәжірибеден өтеді. Үндістандық студенттер қаламызға қыркүйек айының соңынан бастап келе бастайды. Олар үшін студенттік жатақхананың екі қабаты босатылыпты.

– Университетімізде ағылшын тілінде сабақ беретін тарих, биология, физика, химия пәндерінің оқытушылары бар. Сондықтан тілге қатысты мәселе туындамауы тиіс, – дейді факультет деканы Әсет Ізденов. Жаңа деканның Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінен шақыртылғанын айта кету керек. Ол аталмыш оқу орнында аға ғылыми қызметкер, аға оқытушы және жас ғалымдар кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған. Әсет Қайратұлы болашақта СҚМУ-дің фармация және резидентура сынды сирек мамандық иелерін даярлау жоспары барын айтады. Алда оқу үдерісін тиімді ұйымдастырып, жастарға сапалы білім беру, келер жылы биылғыдан да көп талапкерді қабылдау міндеті тұр.

Жалпы медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскендердің 12-сі – мемлекеттік, 21-і – облыс әкімі, ал 35-і Астана әкімі гранттарының иегерлері. Қалған студенттер жылына 609 мың теңге төлеп оқиды. Бес жылдық білім алғандар орта деңгейдегі медицина қызметкері міндетін атқара алады. Дәрігер мамандығын алып шығу үшін олар хирургия, балалар дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, терапевт, акушер-гинеколог сынды бес бағыт бойынша интернатуралық білімдерін жалғастыруы тиіс. Әзірге СҚМУ-ға келген интерндер жалпы тәжірибе дәрігері және терапевт бағыттары бойынша ғана даярлануда. Солардың бірі Қарағанды университетінен оқуын ауыстырған жерлесіміз Асыл Баймолда алдағы жылы алты курстасымен бірге терапевт мамандығы бойынша оқуын аяқтайды.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика