Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ НЕГІЗСІЗ АҚША ЖИНАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

НЕГІЗСІЗ АҚША ЖИНАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мектептер мен балабақшалар бюджетін ашық түрде жариялауды талап етіп отыр. Сонымен қатар ата-аналардан негізсіз ақша жинауға тыйым салу қажет. Агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралған жиында осы тұрғыда бірнеше мәлімдеме жасады.

Олжас Бектенов білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жұмыстар туралы әңгімелеп, ата-аналар білім беру ұйымдарындағы жөндеу немесе іс-шараларды өткізу жұмыстары үшін шығындалуға міндетті емес екенін және мұндай фактілерді жемқорлық ретінде қарастыратынын айтты. Мұндай мақсаттар үшін бюджеттен қаражат бөлінетіні белгілі. Агенттік басшысының орынбасары білім беру ұйымдарындағы қамқоршылық кеңестерінің негізгі міндеттеріне де тоқталып, ерікті жарналарды мәжбүрлеп жинау фактілерінің алдын алу қажеттігін атап өтті.

Мектептер мен балабақшаларда ақша жинау мәселесін шешу үшін қаржы есебін міндетті түрде жариялап отыру ұсынысы жасалды. Олжас Бектеновтың айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – мектеп оқушылары арасында ақылы тестілеу өткізу фактілері. Мәселен, Алматы облысында білім бөлімдерінің нұсқауы бойынша оқушыларды тестілеу тұрақты түрде өткізіліп тұрған. Мұндай тестілеуден өту үшін әрбір оқушыдан 300-500 теңге жиналған. Білім және ғылым министрлігіне мектептердің қабырғасында ақылы тестілеудің “мәжбүрлі” жүргізілу фактілерін болдырмау бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.

Кездесуге қатысушылар білім саласындағы сыбайлас жемқорлық себептерінің бірі ретінде сала қызметкерлерінің еңбекақысы төмен болуы мәселесін қарастырды. Мұғалімдер еңбекақысын қосымша қаражат бөлусіз-ақ көтеруге болатынын айтып, мысалдар келтірді. Мәселен, Астана қаласы балалар үйінің оң тәжірибесі көпшілікке үлгі боларлықтай. Балалар үйі директорының басқару тиімділігін арттыру, процестерді оңтайландыру есебінен 90 млн. теңгеге жуық бюджет қаражатының үнемделуі қамтамасыз етілген. Бұл жұмысшылардың жалақысын 3-4 есеге көтеруге мүмкіндік берген. Үйдің материалдық-техникалық базасы жақсарған.

Жиын өтісімен ата-аналар арасында жарияланған шешім бойынша оң пікірлер жеткізілген хабарламалар таратыла бастады. Ата-аналарға мектеп пен оқу үдерісіне қажетті керек-жараққа ақша жинаумен қатар мұғалімдерге де сыйлықтар тарту етуге болмайтыны, керісінше, болған жағдайда мұндай әрекеттер заңмен қудаланатыны айтылды.

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетовтың ақылы байқаулар мен олимпиадаларға қатысу ерікті түрде жүргізілетінін, білім беру мекемесіне келетін комиссияны қарсы алып, шығарып салу артық шығынсыз жүргізілу керек деген сөздерін де көпшілік құптауда. Сондықтан білім беру мекемелері қамқоршылық кеңесінің міндеті аясын қайта қарастыруы қажет.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика