Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ САХНА ТӨРІНДЕ — ҰСТАЗДАР

САХНА ТӨРІНДЕ — ҰСТАЗДАР

Кеше Жастар сарайында мәртебелі мамандық иелері – мұғалімдердің кәсіби мерекесі аталып өтті. Егемен елдің болашағын нұрландырып, тәуелсіздігімізді тұғырландыратын өскелең ұрпақты тәрбиелеуші мұғалімдерді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әл-ауқатын адами капиталдың дамуымен байланыстырды. Бұл әрқайсымыздың еліміздің болашақ ұрпағына сапалы білім мен тәрбие беру жөніндегі Президент қойған міндеттердің жүзеге асуына өз үлесімізді қосуымыз қажеттігін білдіреді. Білім беру саласының әр буынында оқытудың жаңаша бағыт-бағдары жүзеге асырылуда. Электронды оқытуға көштік. Бұл жаңашылдықтар өз жемісін беруде. Біздің оқушылар халықаралық, республикалық олимпидаларда, байқау, жарыстарда жүлделерге ие болып келеді. Соңғы екі жылда 65 оқушымыз зияткерлік турнирлердің жеңімпазы атанды. Осы уақытта 265 түлек мектепті “Алтын белгімен” тамамдады. Мектеп оқушыларының спорттық, шығармашылық жетістіктері жөнінде де ауыз толтырып айтуға болады. Мұның бәрі ұстаз-тәрбиешілеріміздің күнделікті еңбегінің нәтижесі, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Бүгінгінің мұғалімдері заманға сай түрлі жаңашылдықтарды меңгере отырып жұмыс істеуде. Жергілікті жүздеген ұстаз біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасын игерді. Тәжірибесі мен біліктілігіне сәйкес мұғалімдердің еңбекақысы да өсіп отыр.

Алдағы жылы облыс орталығында екі жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Білім беру мекемелерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 5 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, 4 мыңға жуық компьютерлік техника жаңасына ауыстырылады. Ұстаздар қатарын жас мамандармен толықтыру мәселесі де назардан тыс қалып отырған жоқ. Биыл жергілікті университеттің педагогикалық мамандықтарына 800-ге жуық мектеп түлегі оқуға түсті. Облыс әкімі бөлген гранттардың жартысынан көбі осы сала мамандарын даярлауға бағытталған.

Елімізде мұғалімдер мәртебесін арттыру шаралары қолға алынған. Елордада өткен қазақстандық ұстаздар басқосуында 64 мұғалімнің “Үздік педагог” төсбелгісімен және 2 млн. 405 мың теңге сыйақымен марапатталуы – соның айғағы. Республикалық педагогтер байқауының жеңімпаздары қатарында Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Айнагүл Есқалиева, бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейдің физика пәнінің ұстазы Елена Землякова, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Серік Құлатаев пен Қызылжар ауданындағы Петерфельд орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Елена Шрайбер де бар. Олар өңірлік ұстаздардың салтанатты жиынына қатысып, әріптестері мен облыс басшылығының құттықтауын қабыл алды.

Көп жылғы адал еңбегі және өңірдің білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлестері үшін өңіріміздің бірқатар педагогтеріне “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілері табыс етілді. Мадияр Қожахмет еңбегімен еленген білім саласы мамандарына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, сондай-ақ, өңір деңгейінде өткен “SMART мектептер үшін “ақылды” технологиялар” байқауының жеңімпаздарына грамоталар табыс етті. Үш білім беру қызметкері шипажай-сауықтыру орнына жолдама алды. Салтанатты сәт соңында Қазақстан эстрадасының жұлдызы Әлішер Кәрімов ән шырқап, ұстаздардың мерекелік көңіл күйін еселей түсті.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика