Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЗАМАНАУИ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ

ЗАМАНАУИ ОҚУШЫЛАР САРАЙЫ

Облыс орталығында бой көтерген Оқушылар сарайын қазан айының басында пайдалануға беру жопарланып отыр. Бүгінде оның ішкі әрлеу, сыртқы абаттандыру жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталған. ІТ-орталыққа шетелдерден жеткізілген осызаманғы жабдықтар орнатыла бастады.

Қазақстан мен Ресей елдерінің XV өңіраралық ынтымақтастық форумы Оқушылар сарайының конференцзалында өтеді деп жоспарланған. Бүгінде келіссөз алаңындағы ішкі жөндеу жұмыстары барынша тиянақтылықпен орындалуда. Жарық шамдарын орнату үшін бір топ адам жұмылдырылған. Үлкен залда алып бейне қабырға мен екі LED-экран орнатылып, 80 орындық келіссөздер үстелі қойылады.

– Жалпы нысандағы жұмыстарға он беске жуық мердігер тартылып отыр. Екі жүзден астам адам әрлеу, іске қосу-баптау, жиһаздарды жинау жұмыстарын атқаруда. Жобаның құны 3,6 млрд. теңге тұрса, ІТ-кабинеттерді заманауи техникалармен жабдықтау үшін 1,9 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Бүгінде шетелдік құрал-жабдықтар нысанға түгелдей жеткізілді, – деді “BI Civil Construction” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Жомарт Қарсақбаев.

Оқушылар сарайының оң жақ қанаты – ақпараттық технологиялар орталығындағы бірнеше кабинетте шетелдерден жеткізілген құрал-жабдықтар орнатыла бастаған. Олар негізінен АҚШ, Германия, Италия, Ресей мен Армения елдерінен әкелініпті.

– АҚШ-тың “National Instruments” компаниясы студенттер мен оқушыларға ІТ-бағыттары бойынша бастапқы білім беруге арналған кең спекторлы құрал-жабдықтар мен зертханаларын ұсынды. Кейін бұл кабинетте алған білімді өндірістерде оңай қолдануға болады, – дейді “BI Civil Construction” ЖШС-нің инженері Айдар Әлімбаев.

Техникаларды орнату ісімен тауарды жеткізуші компания өкілдері айналысуда. Қазіргі уақытта электроника және электротехника кабинетінде Армениядан келген ІТ-мамандар жұмыс істеуде. Мұнда оқушылар мен студенттерге зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін оннан астам құрал-жабдық түрі орнатылуда. Электроника негіздері, сандық электроника мен микроэлектроника бойынша қосымша білім алуға келгендердің әрқайсысы жеке компьютерде жұмыс істейтін болады. Әр үстелге зертханалық тақтайшалар қойылған.

Шетелдік мамандар бұдан басқа физика, мехатроника кабинеттерін жабдықтайды. Жалпы облысымыздың ІТ-орталығына айналатын Оқушылар сарайында робототехника, 3D прототиптеу, 3D модельдеу, химия, биология, бағдарламалау және виртуалды шынайылық кабинеттері, дрондарды жинау, коворкинг аймақ, кино және дыбыс жазу студиялары, вакуумдық кинотеатр пайда болады. Яғни, жастар жан-жақты білім алып қана қоймай, уақыттарын көңілді өткізудің де мүмкіндігіне ие болмақ. Оқушылар сарайы бір уақытта 300 оқушы мен студентті қабылдай алады.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика