Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ БАҒДАРЛАМАЛАУ ТІЛІН МЕҢГЕРЕДІ

БАҒДАРЛАМАЛАУ ТІЛІН МЕҢГЕРЕДІ

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде “Яндекс.Лицей” ашылды. 2 жылға шақталған арнайы курста оқушылар компьютерлік бағдарламалау тілін меңгеріп, ІТ-технология саласында түрлі жобаларды жүзеге асыруды үйренеді.

“Яндекс.Лицейде” оқуға 30 талапкер ниет білдіріпті. Екі кезеңнен сүрінбей өткендер ғана арнайы курсқа қабылданды. Іріктеу қыркүйек айында өткен болатын. Қазан айынан оқу курстары басталды.

– “Яндекс.Лицей” ІТ-саласында арнайы білімі жоқ адамдарды да компьютерлік бағдарламалауға үйретеді. Оның ерекшелігі – меңгеруге жеңілдігінде. Балалар “Python” атты бағдарламалау тілін үйренеді. Сабақ дүйсенбі және бейсенбі күндері жүргізіледі. Оқушыларға Мәскеуде арнайы оқып келген мұғалім сабақ береді, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының бейінді эксперименталдық жұмыстар жөніндегі орынбасары Данияр Уәлиев.

“Яндекс.Лицей” оқытушысы Виталий Мельниковтың айтуынша, “Яндекс” компаниясының әлеуметтік жобасы тегін. Бірінші жылы оқушылар бағдарламалау негізін меңгерсе, келесі жылы балалар жасанды интеллектіні бағдарламалай алатын болады. Осылайша, “Яндекс.Лицей” түлектері базалық деңгейде бағдарламалар жаза алатын деңгейге жетеді.

– Менің ойымша, бұл жобаның пайдасы зор. Болашағымды ІТ-саласымен байланыстырғым келеді. “Яндекс.Лицейге” түсу үшін тест тапсыру оңай болған жоқ. Логикалық сұрақтарға да жауап бердік. Бірінші кезеңнен сүрінбей өттім. Екіншісінде әңгімелесу болды. Болашақта компьютерлік бағдарламаларға сұраныс арта түседі, – дейді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ерболат Жасұланов.

“Яндекс.Лицейде” әзірге Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары ғана оқи алады. Ұйымдастырушылар болашақта басқа да орта білім беретін мекемелерді қамтуды жоспарлап отыр.

Эльмира КӘЛЕНОВА.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика