Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰСТАЗ ТӨРДЕГІ ОРНЫНАН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

ҰСТАЗ ТӨРДЕГІ ОРНЫНАН ТӨМЕНДЕМЕЙДІ

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беруде, жақсы қасиеттерді олардың бойларына дарытуда ұстаздың еңбегі зор. Алдаспан ақын Мағжан Жұмабаевтың: “Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі” деген қанатты сөзі негізсіз айтылмаған. Тектілер төрге шығаратын ұстаздар бүгінде қаншалықты қолдауға ие? Мұғалімдердің ел арасындағы беделін арттыру үшін қандай шаралар жасалынуы қажет? Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімовадан осы сауалдар жөніндегі ойларымен бөлісуін өтінген едік.

– Гүлмира Райымбекқызы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа кезекті Жолдауын арнап, білім саласына, мұғалімдерге қатысты бірқатар міндеттерді алға шығарды. Алдағы жылдың басты құжатына айналатын Жолдаудан қандай әсер алдыңыз? Қандай ой түйдіңіз?

– Мемлекет басшысы әрбір Жолдауында білім саласына ерекше мән береді. Бұл жолы да мұғалімдердің мәртебесін көтеру, біліктіліктерін арттыру, еңбекақы, кадрлар даярлау мәселелеріне тоқталып, олардың төңірегінде қалыптасқан ахуалдар жайында дөп басып айтты. Расында, білім саласында мектепке дейінгі білім беру мекемелері тәрбиеленушілерінің ерте жастан талаптарын ояту, оқушылардың 8-9-сыныптан-ақ болашақта қай мамандық иесі болғысы келетіндерін анықтауына жәрдемдесу, жоғары оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыру және түлектерінің жұмысқа уақытында орналасуына атсалысу сияқты мәселелерге аса көңіл бөлінбей келді. Енді осы бағыттағы жұмыстарды ширататын боламыз. Бюджет саласы мамандарының еңбекақысының көбейтілуі, тексеріс үдерістерінің қысқарылуы туралы жаңалықты ұстаздар қауымы қуана қабылдады.

– Өңіріміздің бас педагогі ретінде бүгінгі күннің ұстазы қандай болу керек деп ойлайсыз?

– Бүгінгі ұстаздарға қойылатын басты талап – заманауи сұраныстарға сай болу. Білім саласындағы реформалық өзгерістер, жаңаша білім беру үдерістері аясында жұмыс істеу үшін мұғалімдер өздерін үнемі жетілдіріп отырулары қажет. Жаңа технологияларды меңгерген, кәсіби деңгейі қалыптасқан, жан-жақты дамыған, саяси сауатты, рухани бай – бүгінгі мен болашақтың ұстаздары осындай болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру” атты мақаласында мұғалім беделін көтеру қажеттігі туралы айта келіп: “...құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен би­ік қоятын ұлт қана табысқа жетеді”, – деді. Ендеше, мұғалімге ар­тылар жауапкершілік жүгі ауырламаса, жеңілдемейтіні анық.

– “Бұрын мұғалім болу үлкен мәртебетұғын, қазір олардың қоғамдағы рөлі төмендеп кетті” деушілер бар. Бұл сөзбен келісер ме едіңіз?

– Өз басым ерте жастан бастап ұстаз есімін ұлықтадым. Мұғалімнің еңбегі ең қадірлі еңбек деп білемін. Егер кейбір мұғалімдерге сын айтылып жатса, оны қабылдап, түзетудің амалын қарастыруға тиіспіз. Өйткені, ұстаздың бедел-дәрежесі туралы қанша сөз айтылғанмен, өзгелердің ұстазға қарап әлі күнге бой түзейтіні рас.

Қоғамымыз дамыған сайын мамандық түрлері де көбеюде. Естеріңізде болса, бір кездері жастардың экономист, заңгер мамандықтарына түсуге талпынысы күшті болатын. Қазіргі жастардың таңдауындағы кәсіп түрлері тіптен көп. Ұстаздықтың басты мамандық дәрежесінен айырыла бастауына осындай заманауи факторлар әсер етті. Онымен қоса, елімізде мұғалімдер еңбегінің тиісінше бағаланбай келуі де өзіндік кесірін тигізді.

– Дегенмен, бүгінде педагог мамандарға деген сұранысты қанағаттандырып, беделін көтерудің іс-шаралары қолға алынып жатыр емес пе? Мемлекет басшысының тапсырмасымен соңғы жылдары ұстаз жалақысы бірнеше рет көтерілді. Енді мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданбақ.

– Иә, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Жаңартылған мазмұн бойынша білім беруге көшу мұғалімдердің жұмысына елеулі өзгерістер әкелді. Сәйкесінше, оқушыларды жаңа бағдарламамен оқытатын мұғалімдер еңбекақысына қосымша үстемеақы қосылатын болды. Жоспарға сәйкес 2018 жылдан бастап бастауыш, негізгі және жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының 7704 мұғаліміне лауазымдық жалақының 30 пайызы мөлшеріндегі қосымша ақы қарастырылды. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық сыныптар жаңартылған мазмұнға көшуді аяқтайды және мұғалімдер осы уақытқа дейін лауазымдық жалақыдан 30 пайыз қосымша ақы алатын болады.

Еңбекақыны өсіру шарттары мұғалімдеріміздің біліктілігін арттырып, білімдерін толықтыруға негіз болып отырғанын айтып кеткен жөн. Өйткені, 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогикалық шеберлік біліктілігі үшін қосымша ақы төлене бастады. Енді біліктілік сынағынан өткен мұғалімдер санатына қарай 30 пайыздан 50 пайызға дейін үстемеақы алады.

Үстіміздегі жылдың басында өңіріміздің білім беру қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 87 мың теңгені құрады. Бірінші қыркүйектен бастап бұл көрсеткіш 112 мың теңгеге жетті. Ал 2019 жылы мұғалімнің жалақысы шамамен 155 мың теңге болады деп болжануда. Айта кету керек, жалақы өскенмен мұғалімдердің жүктемесі артпауы тиіс.

– Жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесіне сәйкес ұстаздардың біліктілігін арттыру мәселесі қалайша жүзеге асырылуда? Ағылшын тілінде сабақ беруге қанша пән мұғалімі дайын?

– Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшу бірінші кезекте жан-жақты даярлығы бар білікті педагогтердің арқасында жүзеге асады. Үш жыл ішінде 10968 мұғалім курстық дайындықтардан өтті. Кәсіби шеберлікті арттыруға қалалықтармен қатар, ауыл мұғалімдері де белсене кірісті. Оның үстіне олар қалаға келіп жатпай, курстардан аудан орталығында өту мүмкіндігін алды.

Өңірімізде білім берудің жаңартылған мазмұнын әдістемелік сүйемелдеу үшін білім басқармасы, әдістемелік жұмыс орталығы мен “Өрлеу” БАҰО арасында бірлескен іс-шаралар жоспары жасалды. Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогтері де жалпы білім беру мекемелері ұстаздарына семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыра отырып, өз әдістемелік көмектерін ұсынуда. Ал педагогтерге курстан кейінгі қолдау көрсету үшін 17 әдіскер-ментор, білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 2 мыңнан астам мектеп жаттықтырушысы даярланды.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 79-шы қадамына сәйкес ағылшын тіліне кезең-кезеңмен көшу және нақты пәндерді ағылшын тілінде оқыту ісіне аяқ басып келеміз. Бүгінде облысымыздың 200-ге жуық мектебінде 346 педагог химия, биология, инфор-матика, физика пәндерін ағылшын тілінде жүргізеді. Жаңартылған білім беру мазмұны аясында ағылшын тілі курсынан 542 ұстаз өтті.

– Мұғалімдердің қағазбастылығы, олардың сабақтан тыс уақыттарда әлеуметтік-қоғамдық шараларға тартылуы, білім мекемелеріндегі ақша жинау ісіне қатысты мәселелер бүгінге дейін өзекті болып отыр. Осы жайлы пікіріңізді білсек.

– Биылдан бастап педагогтер түрлі есеп беру жұмыстарынан құтылып, тек бес құжатты ғана толтыратын болды. Олар – күнтізбелік-тақырыптық, сабақ жоспары, журналдар, жиынтық бағалау және оқушылардың күнделіктері. Егер мектепте кеңжолақты интернет болса, электронды жазбаларды қағаз журналына қайталап жазбау керектігі жөнінде де үстіміздегі жылғы тамыз конференциясында айтылды.

Бүгінде әрбір мектеп пен балабақшада ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңес жұмысы жолға қойылған. Білім беру мекемелерінде бюджеттен тыс қаржыны қолдану және қайда қолдануды шешу солардың еншісінде. Ұстаз-тәрбиешілер ақшаға қатысты істерге араласпайды.

– Ұстаздық қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында қолға алынған іс-шаралар көп. Олар нәтиже беріп отыр ма?

– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мұғалімдік қызметке тартудың алғышарты – оқуға түсу мүмкіндігінің кеңейтілуіне тоқталып кеткім келеді. Биыл мемлекет, облыстық әкімдік тарапынан сала мамандарын даярлауға бөлінген гранттар санының артуы, жергілікті жоғары оқу орнының педагогикалық мамандықтарына түсушілер қатарының көбеюіне ықпал етті. Грантта оқыған студенттер өңір ұстаздары қатарын толықтыратын болады.

Облыста мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында мектепке дейінгі, орта және кәсіптік-техникалық білім беру саласындағы педагог қызметкерлер арасында кәсіби шеберлік байқаулары жүйелі түрде өткізіледі. Яғни, үздік тәрбиеші, психолог, әдіскер, педагог анықталып, оларға сәйкесінше марапаттар табысталып, құрмет көрсетіледі. Бұл байқаулардың қатарын “Үздік цифрлы білім беру ресурсы” атты конкурс та толықтырды. Оның үш жеңімпазына облыс әкімінің 100 мың теңге көлеміндегі сыйақысы берілді. Жақында, сондай-ақ, 15 педагогке санаторлық-курорттық сауықтыру жолдамалары табысталды.

Республикалық кәсіби байқауларға қатысуға ниет білдіруші ұстаздардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Мұндай шараларға қатыса отырып, ұстаздар кәсіби құзыреттіліктерін, бойындағы шығармашылық қасиеттерін ортаға салады. Ол үшін қаншама дайындық жүргізіп, жан-жақты ізденеді. Кейін бұл ұстаздардың үздік іс-тәжірибелері өзгелердің қолдануына ұсынылады. Жуырда ғана төрт әріптесіміз Астанадан жүлдемен оралды.

Мамандық мәртебесінің көтерілуіне кәсіби әлеуеті жоғары мұғалімдер ықпал етеді дер едім. Үздік пе­дагогтерді дөп басып тану, оларды шына­йы қол­дау – осы саладағы өзге жандарды ын­талан­дырудың әдіс-амалы. Мұғалім мамандығын қадірлеу те­тік­те­рі жалғасып жатса, ел ертеңі – жастарымыз да әлеуетті болмақ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика