Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ АЙРЫҚША

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ АЙРЫҚША

Ұршықша зымыраған уақытқа дес бере алмайтынымыз ақиқат. Сондықтан да өмір ағымына ілесе білген адамның көштен қалмайтыны анық. Бұл орайда біздің елімізде тұрғындардың әл-ауқатын, өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап үзбей жалғасып келеді. Елбасының биылғы жылғы халыққа арнаған “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауы да әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталып отыр.

Иә, бүгінгі таңда халықтың еңсесі тіктелді. Алдағы күндерден бұдан да зор жақсылықтар күтеміз. Мемлекет басшысы ол үшін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыру, қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту, орташа ғұмыр жасын ұзарту қажеттігін қадап айтты. Шынымен де, білімді ұрпақ пен дені сау ұлт – мемлекеттің берік іргетасы. Мен – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің практикалық қазақ тілі кафедрасында өзге этнос өкілдерінің балаларына сабақ беріп жүрген ұстаздардың бірімін. Сондықтан да студент жастарды алаңдататын проблемаларды жақсы білемін. Қаншама жастар оқу бітіргеннен кейін тұрғын үйге қол жеткізе алмай қиындықтарға тап болып жатады. Еліміздегі “7-20-25” бағдарламасы арқылы жастар баспана бағасының 20 пайызын жинаса болғаны, мәселе шешіледі. Елбасы бұл бағдарламаның орындалмай жатқанын сынға алды. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жанданатын болады.

Осы Жолдауда айтылған тағы бір мәселе көпшіліктің көкейіне қонып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес “Педагог мəртебесі туралы” Заң əзірленеді. Заңда педагогтің əлеуметтік мəртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін, қажетсіз тексерістерді азайту мəселелері көрініс табады. Орынды шешім. “Алты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі”, – деп ақиық ақын Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей, ұстаз – ұлт ұстыны. Мұғалім – мектептің жүрегі, олай болса, болашаққа биіктен қарайтын ел алдымен ұстазға құрмет көрсетіп, абыройын асыруды көздейді. Мұғалімдер еңбегіне қарай лайықты жалақы алулары тиіс. Бұл мәселе де Елбасы Жолдауларында үнемі көрініс тауып отырады. Жыл сайын олардың еңбекақылары кезең-кезеңмен көтерілуде.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында оқыту сапасына қойылатын талаптар əрі қарай күшейетін болады. Бұл да уақыт оздырмай шешілуі тиіс мәселе. Өйткені, саны көп, сапасы жоқ университеттердің жұмысы күмән тудыратыны рас. Енді олардың қатары кеміп, керісінше, мықты университеттер көш бастайтын болады. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – өңіріміздегі беделді оқу орны. Сондықтан мектеп бітіруші түлектердің көбінің таңдауы біздің білім ордасына түсіп жатады. Биыл жалпы медицина мамандығы ашылып, өңіріміздегі дәрігерлер тапшылығын жою үшін кадрлар даярлау ісі қолға алынды. Сондай-ақ, мұнда шетелдік жастар да білім алып жатыр. Елбасы айтып өткендей, сандық технологияға көшу үрдісі біздің университетте табысты жүргізіліп келеді. Студенттердің білім деңгейіне қойылатын балдық жүйе электронды ректорат порталы арқылы жүргізіледі. Бұдан бөлек, емтихан компьютер арқылы алынады, кабинеттерде бейнебақылау камералары орнатылған. Сондықтан студент өз біліміне ғана сене алады.

Қысқа сөздің түйіні, биылғы Жолдау ұстаздардың жұмысына серпін беріп, жақсы маман даярлауға талапты күшейту арқылы жауапкершіліктің салмағын арттыра түспек.

Асылбек АЛТАЕВ,

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің практикалық қазақ тілі

кафедрасының оқытушысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика