Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ КЕҢЕЙГЕН КӨКЖИЕКТЕР

КЕҢЕЙГЕН КӨКЖИЕКТЕР

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көршілес және алыс-жақын шетелдермен, соның ішінде Ресеймен түрлі салада қарым-қатынасты жақсартудың тиімді тетіктері жүзеге асырыла бастады. Оның аясында түрлі шаралар қолға алынды. Меселен, екі ел арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумы – жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі жиын. Биыл он бесінші мәрте жалауын желбіреткелі отырған осынау ауқымды шараның біздің өңірімізде өткізілетіні – тарихи оқиға, үлкен абырой.

Қарашаның 8-9-ы күндері қос мемлекеттің басшылары, өңірлерден келген делегаттар туризмді дамыту тақырыбы төңірегінде келелі кеңес құрып, алдағы мақсат-міндеттерді талқылайды. Қазақстан мен Ресей тек экономика, сауда-саттық қана емес, білім беру саласы жөнінен де бір-бірімен серіктес ел. Бұл бағытта екі елдің бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобалары аз емес. Оның үстіне, біздің облысымыз Ресейдің Қорған, Түмен сияқты ірі қалаларымен шектеседі. Шекаралас аймақтардағы жоғары оқу орындары арасында іскерлік байланыстар берік орнаған.

Екі ел арасындағы білім саласындағы ғылыми - техникалық байланыстар 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен жоспар бойынша сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта еліміздегі алпыс алты жоғары оқу орны Ресейдің 93 университетімен тығыз байланыс орнатып, нәтижесінде 509 екіжақты ынтымақтастық жөніндегі халықаралық меморандумға қол қойылған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен 2020 жылға дейінгі отандық ғылымды дамыту бағдарламасы аясында ресейлік ғалымдардың қатысуымен ғылыми жобалар конкурсы өткізілуде. Қазақстан ғылымына тың жаңалық әкеліп, осы саланың ілгерілеуіне серпін беретін айтулы жұмыстардың нақты өмірде іске асуына қолдау көрсетіледі.

Сексен жылдан астам тарихы бар М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті көпбейінді жоғары оқу орны. Университет базасындағы астрофизикалық зерттеу орталығы, заманауи жатақханалар, бассейн, бір миллионнан астам кітап қоры бар кітапхана жеті мыңнан астам студенттің сапалы білім нәрімен сусындауына жол ашып отыр. Біздің университетіміз Ресейдің 83 жоғары оқу орнымен және тоғыз ғылыми ұйымымен келісімшартқа отырған. Олардың қатарында Омбы мемлекеттік педагогикалық, Ресей қаржы, Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік, А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік университеттер, Омбы мемлекеттік академиясы бар. Соңғы бес жылда біздің 240 магистрантымыз бен докторантымыз Ресейдің білім беру ұйымдарында және ғылыми-зерттеу мекемелерінде тағылымдамадан өтті. Біздің университетке Ресейдің екі жүзден астам студенті келіп, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша оқуын жалғастыруда. Бүгінде М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де түрлі мамандықтар бойынша Ресейдің 28 азаматы білім алуда. Жыл сайын Якутия, Алтай мемлекеттік университеттерінің студенттері оқу орны базасында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Биыл университетімізде жалпы медицина мамандарын даярлау ісі қолға алынды. Осы саланы таңдаған 113 талапкерге университет оқытушылары әлеуметтік-саяси, жаратылыстану, молекулярлық биология, генетика сынды жалпы пәндерді оқытуда. Жоғары мектепке қабылданған 13 интернге, Үндістаннан келген 150 талапкерге АҚШ-тан, Ресейден арнайы шақыртылған мамандар дәріс беретін болады. Сонымен қатар әлемнің беделді оқу орындарында кеңінен қолданылып келе жатқан қашықтықтан оқыту технологиялары да біздің университетімізде енгізілуде. Қазіргі таңда АҚШ-та бір миллионнан астам адам қашықтықтан оқыту арқы­лы білім алса, Францияның ұлттық қашықтықтан оқыту орталығы жыл сайын әлемнің 120 мемлекетінен 35 мыңнан астам талапкерді қамтамасыз етеді. Бүгінгі заманауи білім жүйесіне қарап қашықтықтан оқытудың артықшылықтары басымырақ екеніне көз жеткізуге болады. Білім жүйесінің оқыту уақытына, орнына тәуелсіздігі, жеке адамның білімін жетілдіруге мүмкіндігі, оқу құралдарына, ақпараттық білімге қол жеткізу, оны әрдайым әрі жедел жаңарту мүмкіндігі артады. Сонымен қатар үлкен дәрісханалар, жатақханалар, жолақысы мен соларға байланыс­ты туындайтын шығындарды қысқарту, оқытуда жаңа, соны технологияларды пайдалану, талапкерлердің әлеуметтік құқығының теңдігі мәселелері бойынша қиындықтар қысқарады. Біз бұл бағыт бойынша да көршілес Ресейдегі білім ордаларының тәжірибесіне сүйенеміз.

Президентіміз студенттердің бойында іскерлік белсенділікті, кәсіби білім алу мен еңбек саласында тиімді дағдыларды, негізгі ұстанымдарды бекіту, әлеу­меттік-экономикалық, ғылыми, шығармашылық және спорт салаларындағы жетістіктерін қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді үнемі айтып келеді. Ол үшін әлемнің жетекші оқу ордаларындағы жылдар бойы қалыптасқан білім беру жүйесінен аларымыз көп. Осы орайда Ресейдің оқу ордаларымен жасаған келісімшарттарымыз екі жаққа да тиімділігін танытып отырғанын баса айтқан жөн.

Ербол ИСАҚАЕВ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің проректоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика