ТӘУЛІК БОЙЫ ТЫНЫМ КӨРМЕЙДІ

Өмір болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Жүре пайда болған ауру өз алдына, оқыс оқиға салдарынан дене жарақатын алып, зардап шегетіндер де аз емес. Әсіресе, қыс айларында қолы сынып, басы жарылған, мертіккен адамдардың қатары көбейеді. Бұл орайда №3 қалалық аурухананың травматология бөлімшесіне түсетін салмақ та тым ауыр. Өйткені, бұл – қалада дене жарақатын емдеумен айналысатын жалғыз бөлімше. 1972 жылы ашылған, бүгінде 75 орынға шақталған бөлімшеде 16 травматолог пен 80-ге жуық орта буын медициналық қызметкер жұмыс істейді.

Жарақаттың біраз бөлігі жол-көлік оқиғаларынан болады. Былтыр 187 апат тіркеліп, оның салдарынан 39 адам қайтыс болды. Бұл республикалық деңгейден төмен. Дегенмен, 2016 жылы “Жол картасы” жасалып, аудандардағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды.

– Облыстағы жол-көлік оқиғасының 64,2 пайызы елді мекендерде орын алады. Сондықтан оқыс оқиға болған жерге дереу жетіп, алғашқы медициналық көмек көрсету маңызды. “Жол картасын” жүзеге асыру мақсатында тасжолдарға жақын орналасқан Аққайың, Шал ақын, Тайынша аудандық ауруханаларында арнайы орталықтар ашылды. Сонымен қатар Келлеровка ауылында Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетке қарасты трасса аралық қосын құрылды. Оқыс оқиға орын алған кезде тиісті медициналық көмек көрсетіледі, – дей келе №3 қалалық аурухананың бас дәрігерінің әдістемелік-ұйымдастыру жұмыстар жөніндегі орынбасары Артем Колесник барлық аудандарда болып, материалдық-техникалық жағдайымен танысқанын жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде арнайы шеберлік сыныптарын өткізіпті.

Облыс бойынша травматологиялық-медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге 167,5 миллион теңге қаржы жұмсалған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өлім-жітім көрсеткіші 11,4 пайызға азайғаны көңіл қуантады. Бұл облыстық ішкі істер департаментінің жол-көлік оқиғасының алдын алу бағытында атқарған жұмыстары мен дәрігерлердің абыройлы еңбегінің нәтижесі деп білген жөн.

Бөлімшедегі 16 травматологтің 9-ы – жоғары санатты дәрігер. Өзгелері де – өз ісінің білгірлері. Әр жылдары олар Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея, Германия, Польша елдерінде білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинақтады. Солардың арасынан Мейрам Оспанов, Марат Омаров, Маргарита Метяева, Серік Алмолдин, Шалғынбай Баймағанбетовтің есімдерін ерекше атап өткен жөн. “Адам жанының инженері” атанған, медицинаға бар ғұмырын арнаған Мейрам Ғаббасұлының есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Табан аудармай бір орында 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан травматологке науқастардың айтар алғысы шексіз.

– Отаның жеңілі жоқ. Әр ота жүйкеге үлкен күш түсіреді және олар бір-біріне ұқсамайды. Білікті, тәжірибелі болғанда ғана кездескен қиындықтарды еңсеруге мүмкіндік бар. Сондықтан үнемі ізденісте болған жөн, – дей келе Мейрам Ғаббасұлы денсаулық сақтау саласындағы заманауи технологиялардың арқасында оң өзгерістердің барын мақтанышпен жеткізді. Медицина саласындағы озық технологиялар стационарлық емдеу мерзімі мен ота жасау уақытын қысқартқанын айтты.

Қазіргі таңда бөлімшеде 83 адам қажетті ем-дом алуда. Түрлі жарақатпен түскендері көп. Күн сайын 2-3 ота жасалады, жоспарлы отаға кезек күткендер де баршылық. Өткен жылы 643 ота жасалса, оның 510-ы жарақат алумен байланысты.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика