ЕЛЕМЕГЕН АУРУ ЖАМАН

Қазір ең көп тараған кеселдің бірі – бронхит. Өкпе қабынуының басты белгісі – жөтел. Бұл ауру, әсіресе, күз, қыс мезгілдерінде жиі кездеседі.

Жылдың осы кезеңдерінде пайда болған жөтел үш-төрт аптаға дейін басылмаса, науқас міндетті түрде дәрігерге қаралуы керек. Бронхит клиникалық сипатына қарай жедел және созылмалы болып екі түрге бөлінеді. Егер бронхиттің белгілері жылына үш-төрт айдан артық қайталанса, онда адам өкпе тармақшаларының созылмалы қабынуына ұшырауы мүмкін. Кейде жөтелге өкпенің сырылдап, демігуі де қосылады. Бұл жағдайда науқастың бронхиттің обуструктивті түріне шалдығуы ғажап емес.

Бронхит ауруына алкогольді ішімдік ішетін, темекіге әуес, сонымен қатар денсаулыққа зиянды жағдайда, суық жерде жұмыс істейтіндер мен егде жастағы адамдар көп ұшырайды. Өйткені, әлсіз иммунитет жұқпалы ауруларға қарсы тұра алмайды.

Жөтел құрғақ және қақырық аралас болуы мүмкін. Осыған байланысты бактериялық қабынудың және вирустық инфекцияның салдарынан бронхит екі түрге жіктеледі. Өкпе қабынуы кеселінің, яғни бронхиттің жедел және созылмалы түрі бар екенін айттық. Жедел бронхиттің белгілері әртүрлі. Жедел бронхитке шалдыққан адамның денесі қалтырап, қызуы 39 градусқа дейін көтеріліп, тершеңдік пайда болады. Дем алған кезде кеудесі сырылдайды. Кеуде тұсы ауырып, демігу пайда болады. Тұла бойы, буын-буыны әлсірейді. Жұмысқа қабілеті төмендеп, тез шаршайды. Ал созылмалы бронхит кезінде уақытында дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдамаса, ауру асқынатыны белгілі. Аурудан айығу үшін бірнеше апта немесе айлап ем алу қажет болады. Созылмалы бронхит салдарынан өкпедегі сырыл, демігу күшейеді. Жөтел ауыз жаптырмай, қақырықтың бөлінуі ұлғаяды.

Дәрігерлер бронхитті анықтау барысында алдымен өкпенің қабынуына баса мән береді. Науқас міндетті түрде рентген тексерісінен өтеді. Қан және қақырықты сараптамадан өткізу міндетті саналады. Науқас обструктивті бронхитпен ауырады-ау деген жағдайда науқасқа спирография жасалып, тыныс алуы зерттеледі. Бронхиттің асқынуы қайталанса, оған бронхоскопия тағайындалады. Ал ең тиімді әдіс – компьютерлік томография арқылы ауруды нақты анықтау. Кеселді дер кезінде ауыздықтау керек. Жөтел қысып, ауру мазаңызды алса, дереу мамандардың көмегіне жүгінгеніңіз жөн. Елемеген ауру жаман деп халқымыз бекер айтпаған.

Мақпал ҚОСМАҒАМБЕТОВА,

Ақжар аудандық ауруханасының

 

терапевт дәрігері.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика