ЫҢҒАЙЛЫ ЖОБА

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын нығайта түсуге арналған негізгі он міндет айқындалған. Солардың бірі – адами капиталды дамыту. Бұл бағытта атқарылатын ауқымды істердің ішінде денсаулық сақтау саласына да баса ден қойылған.

Жолдау жүктеген негізгі міндеттерде ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильді цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, “қағаз қолданбайтын ауруханаға” көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажет екендігі айтылған. Алға қойған осындай жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында өңірімізде электронды медициналық қызметтердің мобильдік қосымшасын енгізу қолға алынды. Жаңа жүйені “ДАМУ” ақпараттық технология орталығы дайындаған. Мобильді қосымша “Apple” және “Android” операциялық жүйелерін қолданушыларға қолайлы.

Жаңа жоба жайында Солтүстік Қазастан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. “Дәрігер қабылдауына жазылу” қосымшасының ең тиімді жері ол – мамандар мен емделушілердің уақытын үнемдеп, медициналық мекемелердегі кезекті жоюға ықпал етеді. Жаңа жоба медициналық көмек көрсетуде барлық мамандардың бірлесіп еңбек етуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар өз денсаулығын ұдайы түрде бақылап отыру, дер кезінде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарта түседі.

Бүгінгі таңда мобильді қосымшаны Петропавл қаласындағы №1 және №2 емханалардағы және “Денсаулық” жеке коммерциялық емес мекемесінің емделушілері қолдана алады. Жаңа жоба арқылы адамдар дәрігер қабылдауына жазылып қана қоймай, оны үйге де шақырта алады. Сондай-ақ, дәрі алуға жазып берген рецепті және зертханалық сараптаманың нәтижесін де білуге болады. Арнайы мобильді қосымша арқылы жұмысқа уақытша жарамсыздығы жөніндегі анықтаманы да жүктеп алу мүмкіндігі бар. Бес жасқа толмаған баласы бар аналар, екіқабат әйелдер және диспансерлік бақылауда тұрған емделушілер дәрігерді үйге шұғыл түрде шақырта алады.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика