ҚАНТ ДИАБЕТІМЕН КҮРЕС

Халықаралық диабет федерациясының мәліметінше, әлемде 2016 жылы қант диабетімен ауыратындардың саны 415 миллион болған. Ал 2040 жылға қарай олардың саны 642 миллионға жетеді деп болжануда. Бұл – ресми көрсеткіштер. Ал осы тізімге ілінбегендер саны қаншама?!

Еліміздегі жағдай да мәз емес. Республикада біздің өңір аталмыш ауруға шалдығу және эндокринолог мамандардың тапшылығы бойынша жетінші орында тұр. Республикалық қант диабеті тізілімінде облыс бойынша 16052 адам диспансерлік есепке алынған. Қант диабетінің бірінші типімен ауыратын науқастардың саны 1196 адам болса, қалғаны – екінші типті. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдердің 101-і аталмыш ауруға шалдыққан.

Қант диабеті эндокриндік ауруға жатады. Ұйқы безі бөлетін гормон – инсулиннің мүлде бөлінбеуінен не жеткіліксіз түрде бөлінуі салдарынан қандағы қант деңгейінің көтерілуімен сипатталады. Бұл ауру жас талғамайды, әсіресе, жасөспірім кездегі диабет ауруының емі өте қиын, мұндай жаста диабетпен ауырғандарға арнаулы дәрі (инсулин) қолдану ұсынылады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін қорыта алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады.

Қант диабеті инсулинге тәуелді және тәуелсіз деп екі түрге бөлінеді. Инсулинге тәуелді түрі – балалар мен жастарда кездесетін диабет – инсулиннің бездік жетіспеушілігінен дамиды. Сырқаттар қанша тамақтанса да қатты жүдейді. Инсулинмен емделмеген жағдайда арты қайғылы аяқталуы мүмкін. Ал инсулинге тәуелсіз түрі жасы 40-тан асқандарда немесе қарт адамдарда кездеседі деп есептеледі. Сырқаттарда семіздік байқалады.

Диабетке шалдығудың негізгі себебі, ең алдымен, дұрыс тамақтанбау, қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды көп пайдалану. Сондай-ақ, семіздік, тұқымқуалаушылық, стресстік жағдайлардың әсерінен қант диабеті ауруының туындау мүмкіншілігі зор. Яғни, бұл – туа және жүре пайда болатын ауру.

Бүгінгі таңда денсаулыққа кері әсер етуші факторлардың бірі – қоршаған ортаның ластануы, химиялық өндірістен тарайтын зиянды қышқылдардың көбеюі. Қантты диабет кезінде бауырда, бұлшық еттерде глюкозадан гликогеннің түзілуі азаяды. Жиі шөлдеу, шаршау, әлсіздік, көру қабілетінің төмендеуі, бас айналу, аяқ-қолдардың ұюы, жұқпалы аурулардың баяу емделуі қант диабетінің негізгі белгілеріне жатады. Дерт асқынған жағдайда көзге, бүйрекке, жүрекке қауіп төндіреді. Әсіресе, көздің көруі нашарлайды. Сау адамдарға қарағанда, қант диабетіне шалдыққандарда зағиптық 25 есе көп кездеседі. Қант диабеті үнемі бақылауды қажет етеді.

Егер ағзада қант мөлшері көбейсе, оны түсіруге жағдай жасау керек. Ауруға шалдыққан науқастар үнемі эндокринолог дәрігерге қаралып, емделуі қажет.

“Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде” демекші, кез келген аурудың алдын алған абзал. Ол үшін скринингтік тексерулердің маңызы зор. Мәселен, өткен жылы 57184 адам скринингтен өтсе, олардың 345-інде осы ауру анықталды.

Сапалы медициналық көмек беруде мамандардың біліктілігі зор. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі – кадр тапшылығы. Ал өңірде қант диабеті мамандарының тапшылығы айқын аңғарылады. Қазір еңбек етіп жатқан 20 эндокринологке қосымша тағы 17 маман қажет. Өткен жылы аурулар саны төрт пайызға артқан. Сондықтан маман тапшылығы кезек күттірмейтін мәселе екені айтпаса да түсінікті. Жалпы, облыста инсулин терапиясын 4485 адам алады. Науқастарға инсулин мен ағзадағы қантты түсіретін барлық дәрілік препараттар тегін берілетінін ескерген жөн.

Бұл – тұқым қуалайтын ауру. Ата-анасында немесе жақын туыстарында қант диабеті болса, адамның ауруға шалдығу мүмкіндігі 2-6 есеге артады. Сондай-ақ, қант диабеті арнайы диетаны ұстануды талап етеді. Сондықтан алдымен науқастар қант, шәрбат, тәтті жемістерден бас тартуы керек. Оның орнына қантты алмастыратын өнімдерді пайдаланған жөн. Қант диабетіне шалдыққандарға дене шынықтыру пайдалы. Семіздікке ұшыраған адамдар салмақпен күрессе, ем нәтижелі болмақ.

Анна ЧОБАНЯН,

облыстың штаттан тыс бас эндокринологі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика