ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Бала күнімнен адамдарға көмектесіп, дәрігер болуды армандайтын едім. Болашақта осы салада жұмыс істеу үшін биология, химия пәндерін қызығушылықпен оқыдым. Мектеп бітірген соң, еш ойланбастан өзімнің таңдауымды жасадым. Көкшетау медициналық колледжіне оқуға түсіп, кейін өзімнің туған жеріме келдім. Жас маман ретінде еліме өз үлесімді қосуды мақсат еттім.

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 2013 жылдан бері Айыртау аудандық орталық ауруханасында учаскелік мейірбике болып жұмыс істеймін. Жас маман ретінде маған ұжым жанашырлық танытып, қолтығымнан демеді. Әріптестерімнің ауызбіршілігі, ынтымағының арқасында ортаға тез сіңісіп, жұмысты ұршықша үйіріп әкеттім. Жұмысым өзіме ұнайды. Күніне басы ауырып, балтыры сыздаған қаншама адам келеді? Әр науқастың жанына желеу болып, қолдан келгенше көмек көрсету – біздің міндетіміз.

Елбасымыз жыл сайын өзінің Жолдауларында денсаулық сақтау саласына айрықша мән береді. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналатынын ешқашан естен шығарған емес. Әсіресе, жастардың арманына айналған баспана мәселесі де шешімін тапқанына қуаныштымын. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының қатысушысы әрі жас отбасы ретінде аудан орталығынан тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, өзіміздің үш бөлмелі баспанамызға қол жеткіздік. Мен сияқты жас мамандарға осындай қолдаулар көп көрсетілсе екен деймін. Өйткені, әрбір жас маман ерекше қамқорлықты, қолдауды қажет етеді.

“Ел ертеңі жастардың қолында” деп аға ұрпақ айтқандай, тәуелсіз Қазақстанымыздың биік белесті бағындыруына сіз бен біз зор үлес қосуға тиіспіз. Еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болуы үшін баршамыз аянбай тер төгуіміз керек.

Ажар ИСЕНОВА,

Айыртау орталық аудандық ауруханасының мейірбикесі.

Суретті түсірген

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика