ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ БАЛАЛАР

Бүгінде Жер шарында 360 миллионнан астам адам есту қабілетінен айырылған. Олардың оннан бір бөлігі – балалар. Дамыту, түзету жұмысын дер кезінде бастау үшін бала өмірінің алғашқы күндерінен естуіне зер салу керек, қажетті көмек неғұрлым ерте басталса, олар дені сау қатарластарынан артта қалмайды.

Кереңдік ауруына шалдығудың түрлі себебі бар. Жүктілік кезеңінде ананың белгілі бір ауруларға тап болуы, антибиотикалық дәрі-дәрмектер қабылдауы салдарынан бала денсаулығында кінәрат болуы мүмкін.

Құлағы нашар еститін жеткіншектерді медициналық оңалту реконструктивтік хирургиядан, протездеуден және ортрездеуден тұрады. Медицинада есту, ойлау қабілетін және сөйлеу дағдысын қалыптастыруда бала ағзасын нығайтуға ықпал ететін оңалту бағыттары бар. Осыған байланысты жыл сайын оңалту курстары облыстық балалар ауруханасының негізінде өткізіледі. Астана, Алматы қалаларындағы диагностикалық оңалту орталықтарымен, “Балдәурен” жазғы сауықтыру лагерімен тығыз байланыс орнаттық.

Біздің өңірде есту кемістігі бар балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернаты жұмыс істейді. Мұнда дефектологиялық білімі бар тәжірибелі ұстаздар еңбек етуде.

Есту кемістігінен басқа да жүйке жүйесі, балалардың церебральды сал ауруы, миопия, қылилық, аккомодациялық булығу, туабітті ауруларға шалдыққан кішкентай науқастар да бар. Бронхиалдық астма, сүйек-бұлшық ет жүйесі, сколиоз, эндокриндік жүйе, бүйрек аурулары, созылмалы тонзиллит пен тағы басқа диагноздары бар мүмкіндігі шектеулі тәрбиеленушілер педиатр, сурдолог, психиатр мамандардың қатаң бақылауына алынады.

Халықтың сауаттылығына қарамастан, кейбір ата-аналар есту кемістігі бар балалар арнайы түзету мектептерінде оқытылуы тиіс екенін түсінбейді. Дені сау өзге қатарластары сияқты қоғамнан шет қалмауы тиіс. Олардың адам болып қалыптасуы үшін тиісті білім мен тәрбие берудің маңызы зор. Арнайы мектептерде оқыған мұндай балалар орта, тіпті, жоғары білім алып, жұмысқа орналаса алатын болады.

Баян ОСПАНОВА,

жоғары санатты педиатр.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика