ДЕРТКЕ ДАУА

Ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық сусынымыз қымыздың адам денсаулығына берер пайдасы орасан зор екені бәріне белгілі. Қымыз дәрумендерге бай әрі шипалы. Өйткені, оның құрамында адам ағзасына қажетті барлық элементтер бар.

Қымыздың құрамындағы С дәрумені, сиыр сүтімен салыстырғанда, он есе көп. Қымыздың құрамында жыныс гормондарына жақсы әсер ететін ферменттер бар. Құрт ауруларының алдын алады, ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы ықпал етеді. Саумал қымызды ем ретінде буын ауруларына ішсе, тіпті, пайдалы. Ашыған қымыз шөлді басып, қан тамырды қордаланған зиянды қалдықтардан тазартады. Іш қатудың алдын алады. Ашығудан кейін қымыз ішу буын ауруларына өте пайдалы. Адам денесінің күш-қуатын арттырады, бүйрек пен бауырды, қан тамырларын тазалайды. Буын аурулары мен сүйектің қақсауын, жүйкенің жұқаруын, бас айналуын, созылмалы сары ауру (гепатит), ұйқысыздық, ішектегі жара (гастрит) сияқты аурулардың алдын алады немесе жеңілдетеді. Бүгінде әріптестерім қымызды безгек ауруына және жөтелге қарсы ішуге ұсыныс айтуда. Бірақ қандай да бір ауруға тап болғанда, алдымен дәрігерге қаралу қажет. Өйткені, қымыз ешқашан толықтай медициналық ем бола алмайды. Дегенмен, қымызды күнде ішсе де, артық емес. Ол денсаулықты жақсартып, аурудың алдын алады. Қымызбен емделгенде тамырдың соғуы жиілеп, қан айналымы жылдамдайды. Қан тамыры жұмысы мен жүрек соғысы жақсарады. Тұрақты түрде қымыз ішкен адамның иммунитеті артады.

Тамақтың алдында немесе тамақпен бірге аз мөлшерде (50-100 мл.) ішкен қымыз ас қорыту сөлдерінің бөлінуін айтарлықтай күшейтеді. Бие сүтінде С дәруменінің мол болуынан, қымыз туберкулез ауруын емдеуде өте шипалы. Қымыз туберкулезбен ауыратындардың ағзасындағы дәрумендер алмасуының бұзылуын тоқтатады. Қазіргі медицинада қымыз антибиотиктермен және басқа да дәрі-дәрмектермен байланыстыра, өкпе туберкулезінен, бүйрек, сүйек ауруларынан, ішек-қарын, жүрек, қан тамырлары кеселдерінен емдегенде, дәрумендер жетіспегенде қолданылуда.

Мейрам ӘЛІМЖАНОВ,

терапевт дәрігер.

Уәлиханов ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика