ТІЗЕГЕ — ТЕГІН ОТА

Сандуғашты тізе ауруы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырды. Аурудың азабын тартқанына 10 жылға жуықтады. Күнделікті күйбің тірлікпен жүргенде сырқаты асқынып, жағдайы тіптен қиындады. Өздігінен жүріп-тұра алмайтын халге жеткен соң, алыстағы Ақжардан Петропавлға жол тартты. Қазір ол №3 қалалық аурухананың травматология бөлімшесінде ем қабылдауда. Бүгінде жергілікті дәрігерлер күрделі оталарды өздері жасайтындай жағдайға жетті.

Сандуғаш Бабованың тізесі қақсап, аяғын баса алмай қалған соң, облыс орталығындағы мамандарға жүгінуден басқа амалы қалмаған. Қызылжарда буын ауруларын емдейтін білікті дәрігерлердің барын естіген. Алысқа бармай-ақ, ұршық пен тізе буындарына облыс орталығында да ота жасауға болатынын білгенде, қатты қуанған. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жақында ғана бір тізесіне ота жасатқан ол қазір сауығып келеді.

– Мен Ақжар ауданына қарасты Қулыкөл ауылында тұрамын. Ауруханаға келгенде аяғымды баса алмайтын едім. Қазір жағдайым жаман емес. Ақырындап жүремін. Амандық болса, келесі жылы екінші тіземе де ота жасату ойымда бар. Қолы алтын ақхалатты жандар маған екінші рет жүру мүмкіндігін сыйлап, шексіз бақытқа бөледі. Аяғымнан тұрып кетуіме жағдай жасаған білікті дәрігерлерге ризамын, – деп ол денсаулық сақтау саласы мамандарының еңбегін ерекше атап өтті. Қазіргі таңда травматология бөлімшесінде 14 дәрігер бар. Барлығы да өз ісінің білгірлері. Буын ауруларына ота жасауды тәжірибеге енгізгендеріне көп бола қойған жоқ. Алғашқы нәтиже жаман емес.

– Ұршыққа 2009 жылы, ал тізеге отаны 2015 жылдан бастап істейміз. Алғашқы кезде біраз қиындықтар болды. Қазір қолымыз жаттығып, тәжірибе жинақтадық. Сондықтан айтарлықтай кедергілер жоқ. Біз шеберлікті арттыру мақсатында Астана, Новосібір, Краснодар, Қорған қалаларына барып, тәжірибе жинадық. Ресейден бірқатар дәрігерлер бізге келіп, шеберлік сыныптарын өткізді. Отаның барлығы жоспарлы өтеді. Яғни, ұршық, тізе буындары аурулары бойынша науқастарды портал арқылы қабылдаймыз, – дейді травматолог-ортопед дәрігер Манарбек Тоқпанов.

Оның айтуынша, өткен жылы 89 адам тізе буынына, ұршыққа 83 адам ота жасатқан. Ал биылғы жылдың басынан бері жалпы саны 54 ота жасалыпты. Оның 28-і тізеге, қалғаны жамбас сүйегіне жасалған. Бұл ретте кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында науқастарға ота тегін жасалғанын айтқан жөн. Бір отаның құны шамамен бір миллион теңге тұратынын ескерсек, мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына қолдау ерекше екенін аңғаруға болады.

Ресми деректер бойынша, буын ауруларының ішінде тізенің сырқырауы 80 пайызын алып отыр. Ал әлемдік статистикаға сүйенсек, Жер бетіндегі бүкіл адамзаттың 25 пайызы буын ауруларымен ауырады екен. Сондықтан буын ауруларына көпшілік мән бермегенімен, бұл – ең көп тараған ауру түрлерінің бірі.

Дәрігерлер тізе аурулары ерлерге қарағанда, әйелдерде көп кездесетінін жеткізді. Оның бір себебі – артық салмақ. Дегенмен, ақхалаттылар аурудың неден пайда болатыны нақты дәлелденбегенін, қазіргі таңда бұл ауру жастар арасында да белең алып келе жатқанын айтты.

Эндопротездеу отасына қажетті материалдарға тапшылық жоқ. Буын протездері арнайы тапсырыс арқылы Алматыдан жеткізіледі. Жасанды буын протездері 10-15 жылға дейін жарамды. Бірақ артық салмақ қосу протездің тез тозуына әсер етеді. Бұл орайда, мамандар буын ауруларына бей-жай қарамауға кеңес береді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика