ТЕРІ АУРУЫ ҚАУІПТІ

Тері ауруына әр адам шалдығуы мүмкін. Әсіресе, бұл дерт балаларда жиі кездеседі. Өйткені, баланың терісі нәзік және жарақаттанғыш келеді де, ағзасының түрлі зиянды әсерлерге қарсы тұруға күші жетпейді.

Тері ауруларының түрлі себебі бар. Көбінесе адам безеу, қышыма, қотыр ауруына тап болады. Мәселен, көпшілікке белгілі псориаз ауруының неден пайда болатыны белгісіз. Мамандар бұл ауру әлем халқының 2-5 пайызында кездесетінін айтады. Өкінішке қарай, созылмалы тері ауруының емі әзірге табылған жоқ.

Псориаз жедел басталады. Теріде тарының дәніндей немесе одан да кішірек түйіншектер пайда болады. Алғашқыда қызыл түсті болып, кейін беті ақ қабыршақтанады. Қабыршақтың көбеюін гиперкератоз дейміз. Оны тырнағанда астында “терминальды үлдірді” (пленка) көруге болады. Бұл ауру жұқпалы емес. Терінің құрғауы және денеде қызыл дақтардың пайда болуы псориаздың алғашқы белгісіне жатады. Осындай белгілер пайда болған жағдайда уақыт өткізіп алмай дәрігерге қаралу керек. Науқас адамға өз бетімен емделуге, түрлі дәрілерді ішуге болмайды.

Псориаз дененің кез келген жерінде, көбінесе шынтақ пен тізеде пайда болады. Көлемі, түсі, қабыршақтануына байланысты бірнеше топқа бөлінеді. Псориаз дақтары уақыт өте келе бір-біріне қосылып, үлкейіп кетуі де мүмкін. Псориаздың пустулез, псориаттық артрит, эритродермия деген түрлері де кездеседі. Олардың әрқайсысының өзіне тән белгісі, емделу жолдары бар. Соңғы түрі адамның барлық денесіне жайылып кетуі мүмкін.

Тамақ немесе тыныс алу жолдарының жұқпалы аурулары псориаздың пайда болуына әсер етеді. Оған көбіне созылмалы аурулары бар адамдар шалдығады. Сонымен қатар пышаққа түскен, күйік шалған дененің қандай да бір бөлігі аталмыш ауруды тудыруы ықтимал.

Псориаздан құлантаза айығу мүмкін емес. Бұл ауруға шалдыққан адам үнемі дәрігердің қарауында болып, оның ақыл-кеңесіне жүгінгені жөн. Әсіресе, қыс-көктем айларында ағзаға қажетті ем-дом алып, саламатты өмір салтын ұстанған жөн. Ең бастысы, науқасты тәжірибелі дәрігер бақылауға алып, емдеу жолының тиімді әдісін қолданса, нәтиже ойдағыдай болуы мүмкін.

Әсел АЙСАҚОВА,

облыстық тері-венерологиялық диспансердің дерматолог дәрігері.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика