СЕБЕПСІЗ ШАҚЫРТУЛАР КӨП

Шіліңгір шілденің келгеніне қуансақ та, кейбір азаматтар жазды мазасыз күй кешумен өткізеді. Аптап ыстықта “Жедел жәрдемнің” көмегіне жүгінетіндердің саны артады. Облыстық “Жедел жәрдем” орталығының бас дәрігері Мамадияр Байғұлов адамдарды жылдың осы мезгілінде өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Бұл туралы ол газет тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Әр маусымның өз ерекшелігі болады. Жазды бәріміз де тағатсыздана күтеміз. Алты ай қысы бар өңірге аптап ыстық артық емес. Дегенмен, күн сәулесінің пайдасы мен зиянын естен шығармаған жөн шығар?

– Дұрыс айтасыз, әр кезеңнің өз ерекшелігі бар. Қыста тұмау кең таралса, жазда ішек инфекциясы, қан айналым аурулары көп кездеседі. Әсіресе, созылмалы ауруы бар науқастарға аптап ыстыққа шыдау оңай емес. Күн сәулесі адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Күн сәулесінен қуат алып, қыздырыну үшін әрбіреуіміз табиғат аясына шығуды ұнатамыз. Таңертең немесе кешке қарай күнге қыздырыну адам ағзасына пайдалы. Ал түс мезгілінде шақырайған күн сәулесі адамға қауіпті.

Жаз мезгілі – жеміс-жидектің науқаны. Шала піскен жеміс адам ағзасына жақпауы мүмкін. Оның салдарынан түрлі инфекциялық аурулар пайда болады. Азық-түлікті тазалық тәртібі сақталған орындардан сатып алған жөн. Егер адам өзін жайсыз сезінсе, уақыт өткізбей бірден дәрігерге қаралуы керек. Кейбір адамдар салғырттықтың салдарынан ауруын асқындырып алады. Оның соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Әсіресе, балалардың денсаулығына баса мән берген жөн.

– Мамадияр Шайзадаұлы, жаздың бел ортасы таяп қалды. Облыстық “Жедел жәрдем” орталығында шіліңгір шілдеде шақыртулар көп пе? Жалпы орталықтың жұмысы туралы айта кетсеңіз.

– Петропавл қаласында алғашқы “Жедел жәрдем” стансасы өткен ғасырдың 30-шы жылдары құрылды. Ол кезде көлік тапшы еді. Фельдшерлер атарбамен қатынап қызмет көрсетті. Құдайға шүкір, қазір медицина саласы күн сайын даму үстінде. Үлкен өзгерістер орын алуда. Біздің “Жедел жәрдем” қызметінде де бірқатар жаңашылдықтар бар. Қазір жұмыс оңтайландырылды. Шақыртулар төрт санатқа бөлінеді. Мәселен, төртінші санаттағы шақыртулар, жергілікті емханалардың құзыретінде. Яғни, қан қысымы мен дене қызуы көтерілген науқастар “Жедел жәрдемді” күтпей-ақ, емханаға барып, тиісті көмек алады. Онда екі бригада тәулік бойы жұмыс істейді. Бірақ шақыртулардың барлығы 103 нөміріне түседі. Біздің мамандар алдымен балалар мен жүкті әйелдерге, жол апатына ұшыраған, инфаркт, инсульт алған адамдарға шұғыл көмекке барады. Яғни, бірінші, екінші санаттағы мұқтаж жандардың барлығы міндетті түрде медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Биылғы жылдан бастап біздің салада бірқатар өзгешеліктер бар. Бұрын 17 “Жедел жәрдем” көлігі болса, қазір оның тең жартысы жергілікті емханаларға берілді. Өткен жылы жаңа екі көлік сатып алдық. Мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда.

– Қандай аурулар бойынша адамдар жиі хабарласады?

– Бізге көбінесе егде жастағы адамдар мен қан қысымы жоғары, созылмалы аурулары асқынғандар жиі хабарласады. Қазір ауа райы құбылмалы. Шақыртулар да ауа райына байланысты болады. Күн бірде ыстық, бірде ауа температурасы төмендейді. Шамамен біз бір күнде 340-360 шақырту аламыз. Ал бір айда он мыңға жуық адам хабарласады.

– “Сын түзелмей, мін түзелмейді” демекші, “Жедел жәрдем” қызметкерлерінің жұмысын сынға алатындар да баршылық. Осыған не дейсіз?

– Кемшіліксіз адам болмайды. Иә, адам болып жаратылған соң қателікке бой алдыру – заңдылық. Бірақ медицина саласы қателікті кешірмейді. Адамның денсаулығы ойыншық емес. “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, бір адамның қателігінен көп адам зардап шегуі мүмкін. Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір болады. Адамдар әртүрлі ғой. Бірі даттап, бірі мақтайды. Әрине, жұмыс барысында кемшіліктер болады. Бәрі де тәжірибемен қалыптасады. Оқыс жағдайлар мен ауруы күрделі науқастарға жас мамандар бармайды. Тағы айта кетерлігі, бірінші, екінші санаттағы шақыртулар кешіктірілмейді. Өйткені, мұндай жағдайда әр минут бағалы. Жалпы 15 минуттың ішінде медицина мамандары діттеген жерге жетіп, адамға көмек беруі керек. Кейде бір сағатта 90 шақырту түседі. Себепсіз шақыртулар да жиі орын алады. Ауруханаға барып, кезекке тұрғысы келмейтін кейбір адамдар “Жедел жәрдемнің” көмегін пайдалануды әдетке айналдырып алды.

– Медицина саласы қарқынды дамып, халықтың игілігі үшін жаңа ауруханалар мен емханалар пайдалануға берілуде. Бірақ бұл салада маман жетіспейді. “Жедел жәрдем” орталығында кадр тапшылығы бар ма?

– Бүгінде орталықта 300-дей қызметкер бар, тапшылық жоқ. Дәрігерлер мен фельдшерлер қызмет көрсетеді. Бізде жұмыс істейтін мамандардың отыз пайызы – жастар. Бұл сала шапшаңдықты, ширақ қимылды қажет етеді. Тәулік бойы аяқтан тік тұрып, адамға қызмет көрсету оңай шаруа емес. “Жедел жәрдем” қызметі шыдамдылықты қажет етеді. Адамға жанашырлықпен қарап, мейірімді болу керек. Кейде медициналық қызметкерлерді соққыға жығып, қоқан-лоқы көрсететіндер де бар. Балағаттайтын адамдар аз емес. Мұны түсінетін де бар, түсінбейтіндері қаншама? Адамның көңілінен шығу қиын. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір медицина күн сайын дамуда. Қан қысымы мен дене қызуы көтерілген науқастарға қазір ине салмаймыз. Оның орнын басқа дәрі-дәрмек алмастырды. Бұрынғыны аңсайтын аурулар бұған ырық бергісі келмейді. Сондықтан қоғамда сан түрлі пікір туады. Әрине, жұмыс бабында олқылықтар орын алады. Кемшіліктер болса, оны түзетуге тырысамыз. Әсіресе, жастармен көп жұмыс жүргізіледі. Олардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп, ақыл-кеңестерімізбен бөлісеміз. Жастарға қолдау көрсетпесек, ертең білікті маман қайдан шығады?

Сұхбаттасқан

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика