ҰРПАҚ САУЛЫҒЫ — ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Баланың шыр етіп өмірге келуі – әрбір ата-ана үшін зор бақыт, үлкен қуаныш. Сәби – Алланың берген сыйы, өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Біздің ата-бабаларымыз тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан. Дені сау ұрпақ өсіруге барынша мән берген.

“Дені сау ұрпақ – елдің болашағы” деп бекер айтылмаса керек. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – үлкендердің міндеті. Осы орайда біз балалардың тамақтануына қаншалықты мән береміз деген сауал төңірегінде сәл ойланып көрейікші. Жасыратыны жоқ, көп ата-ана баласына сұрағанын алып беріп, қалағанын жегізеді. Баланы әлпештеп өсіру керек, бірақ зиянды әдеттерге үйретуден аулақ болған абзал. Әр нәрсе өз жөнімен болуы тиіс. Тамақты тәртіппен берудің баланың дұрыс өсіп, денсаулығының қалыптасуына көп пайдасы бар. Үйдегі ұл-қызға тамақ талғамсыз берілсе, асқазаны бұзылып, ішіп-жеген тамағын сіңіре алмайды.

Қазір балалар арасында түрлі аурулар көбеюде. Оған, әрине, экологияның әсері бар. Сол сияқты дұрыс тамақтанбаудың да зардабы мол. Балалар бургер, хот-дог сияқты тез әзірленетін тағамдарды жеп, газдалған сусындарды ішуге әуес. Бұл баланың денсаулығына зиян. Шала піскен немесе қуырылған, майлы тағамдар да түрлі ауру тудырады. Жылдам әзірленетін кеспені, түрлі зиянды қоспасы бар шұжықты балалар сүйсініп жейді. Жастайынан осындай тағамдарды тұтынған адам ертең түрлі ауруларға тап болуы ықтимал. Өтке тастың жиналуы да осының әсерінен туындайды. Өтте тастың түзілуі холелитиаз деп аталады. Бұл – ағзада зат және май алмасу процестерінің бұзылуынан туатын ауру. Дерт өт қабығында көлемі, құрамы және сыртқы пішіні әртүрлі тастардың түзілуімен сипатталады.

Күн сайын қабылдауыма түрлі ауруға тап болған кішкентай науқас балалар келеді, олардың қиналғанын көру оңай емес. Айыртау ауданында 1-17 жас аралығында 8575 бала бар. Оның 771-і түрлі аурумен ауырады.52 бала анемияға, 8 бала церебралды параличке шалдыққан. Аутизммен сырқат жеті науқас есепте тұр, бірақ олардың саны екі есе өсуі мүмкін. Өйткені, кейбір ата-аналар балаларын дәрігерлерге көрсетуге асықпайды.

Соңғы жылдары семіздік ауруы да белең алып келе жатқанын аңғарамыз. Уақытында тамақтанбау асқазан жұмысының бұзылуына себеп болса, қимыл-қозғалысы төмен балалар жеген тамағын қорыта алмай, семіздікке шалдығуда. Олардың күнұзаққа телефон, компьютерге телміруі де сырқаттар санын көбейтіп отыр.

Біздің ауданның 21 кішкентай тұрғыны да артық салмаққа тап болғанын айтқан жөн. Спортпен шұғылданудың арқасында үш бала бұл кеселден арылып, қалыпты өмір сүруде. Артық салмақ қосудың әртүрлі себебі бар. Осы ретте балаларға шайды мөлшерден тыс беруге болмайтынын да айта кеткен жөн. Ғылыми зерттеулер бойынша 2 жасқа толмаған балаларға шай ішкізбеген жөн. Ал шайды сумен немесе компотпен алмастырған пайдалы. Сусындар барынша қоректік және пайдалы, сондай-ақ, қауіпсіз болуы керек.

Өкінішке қарай, балалар арасында туабітті және жүре пайда болған жүрек ауруына шалдыққан науқастар да жоқ емес. Аудан бойынша 31 бала жүрек ауруымен есепте тұр. Олардың барлығына ота жасалып, қазір денсаулығы қатаң бақылауға алынды. Тірек-қимыл аппараты бұзылған, даун синдромы бар балалар жыл сайын шипажайларға барып, ем-домын алады. Ауданда жылауық құрт (эхинококкоз) кеселіне тап болған үш бала бар. Қазір олардың жағдайы жақсы. Дер кезінде ауру анықталып, тиісті емдеу шаралары қолға алынды. Үй жануарларынан тарайтын жегі құрт ауруларынан да сақ болған жөн. Жылауық құрт кеселі – адам мен мал ағзаларына құрт ұрықтарының түсуінен пайда болады. Сондықтан үй жануары арқылы тасымалданатын паразитті жұқтырып алмас үшін ата-аналар балаларға баса мән беруі керек. Жалпы, әр адам өзінің денсаулығына жауапты. Десек те, ауру адам таңдамайды. Әсіресе, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың денсаулығына мұқият болғанымыз жөн.

Алма НҰҒМАНОВА,

педиатр дәрігер.

Айыртау ауданы

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика