БАУЫРДЫҢ ҚАБЫНУЫ ҚАУІПТІ

Гепатит – бұл бауырдың қабынуынан пайда болатын ауру. Оның А, В, С, D, Е сияқты бес түрі бар. Олар өткір және созылмалы болады. Әсіресе, Е гепатиті қауіпті. Өйткені, оны дер кезінде анықтау қиындық тудырады. Ол адамның ағзасында өмір бойы қалады. Көп жағдайда адамның терісі сарғаяды. Басқа аурулардың белгілеріне ұқсас келетіндіктен диагнозды дер кезінде қою қиын.

Адамның ағзасына түскен вирус бауырды зақымдайды. Соның салдарынан бауырдың жұмыс істеу қабілеті төмендейді. Гепатит созылмалы түрге ұласса, бірқатар қиындықтар туындайды. Оның соңы фиброз, цирроз немесе бауыр обырын тудырады. Гепатит тек бауырды ғана емес, басқа да маңызды ағзаларды зақымдауы мүмкін. А және Е вирусы жуылмаған азық-түліктен, ал қалған түрі қан мен сілекей арқылы жұғады. Әсіресе, тіс емханасы мен сұлулық салондарында абай болған жөн. Өйткені, тырнақ және қолды сәндеуге, татуировкаға арналған косметологиялық немесе медициналық құралдардан қауіп зор. Егер гепатитті жұқтырған адам тазалық тәртібін сақтаса, одан төнер қауіп аз. Ал В вирусты гепатит жүктілік пен босану кезінде анадан балаға берілуі мүмкін. С гепатиті есірткі қолданатын адамдардың арасында көп тараған.

Сарапшылардың айтуынша, әлемде 250 миллионнан астам адам созылмалы В вирусын жұқтырған, ал С гепатитімен 71 миллион адам ауырады. Вирусты гепатит ВИЧ, СПИД және туберкулез аурулары сияқты өте қауіпті дертке ұласып, соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Ғалымдар бірнеше жыл бойы 183 елде гепатитке қатысты барлық мәліметті жинақтады. Жиырма үш жылдың ішінде бауыр аурулары 63 пайызға ұлғайғаны мәлім болды.

2013 жылы бұл аурудан 1,45 миллион адам қайтыс болды. Ал 2017 жылы Қазақстанда гепатитпен ауыратын 70 мың адам тіркелді. Оның ішінде 5147 науқасқа диагноз алғаш рет қойылды. Ресми деректерге сүйенсек, Түркістан облысы мен Алматы қаласында ауру көрсеткіші жоғары.

Біздің өңірде жағдай тұрақты. Дегенмен, бұл өзіміздің денсаулығымызға немқұрайды қарауға себеп емес. Өткен жылы өңірде гепатит ауруына шалдыққан 40 бала есепке алынды. Қазір 32 бала аталмыш ауру бойынша диспансерлік тіркеуде тұр. Ал жасөспірімдер арасында жағдай тұрақты. Соның өзінде облыс бойынша он бір жасөспірім есепке алынды. Аурушаңдық көрсеткіші үлкендер арасында жоғары. Былтыр 87 ер адам мен 93 әйелде осы ауру түрі бірінші рет анықталды. Он сегіз жастан асқан 1254 өңір тұрғыны диспансерлік есепте тұр.

Бұл ауруды кез келген адам жұқтыруы мүмкін. Сондықтан тазалық ережелерін сақтап, таза ауызсу мен залалсыздандырылған медициналық құралдарды пайдаланған жөн.

Вирусқа қарсы күресті күшейту үшін ағзаны иммундау ерекше маңызға ие. Денсаулық сақтау саласында өлім-жітімнің алдын алу үшін иммунитетті көтеруге басымдық беріледі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша тұрғындарға екпе салудың нәтижесінде елімізде соңғы 25 жылда балалар арасында В вирусты гепатит 1234,5 есе азайған. Ал ересектер арасында ауру жұқтыру көрсеткіші 31,5 есе қысқарды. Бүгінгі таңда А, В, D және E гепатитіне қарсы вакцина бар.

Гепатиттің алдын алу үшін екпе салу – ең тиімді әдіс. Тұрғындар медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында осы мүмкіндікті пайдаланулары керек.

Лариса ГОРДЕЕВА,

әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика