ДӘРІГЕРЛЕРГЕ РИЗАМЫН

Әрбір қыз баланың арманы – жар сүйіп, ана атану. Мен де өз бақытыма қол жеткізіп, осыдан үш ай бұрын сәбилі болдым. Жаратқан маған Айша есімді қыз берді. Ана атанған сәттен бастап баламның өмірі үшін жауапкершілік арқалағанымды сезіндім.

Үлкендердің аузынан жас босанған ана жыртық жамау сияқты дегенді жиі естуші едім. Естісем де, бұл сөзге мән бермедім. “Басқа түссе, баспақшыл” демекші, кейін түсінгенімдей дүниеге сәби әкелген ана қырық күнге дейін суыққа ұрынбай, жылы жүру керек екен.

Әйелдің үйдегі тірлігі белгілі ғой. Қонақ күту, үй жинау, тамақ пісіру, кір жуу сияқты шаруалар жетіп артылады. Келінге оның барлығына үлгеру – міндет. Үй тірлігінен басқа баланы әлсін-әлсін емізіп, жөргегін ауыстыру қажет. Күндегі қат-қабат шаруамен жүргенде қалай суық тигізіп алғанымды білмей қалдым. Ыстығым көтеріліп, жағдайым нашарлаған соң жолдасым қалалық №3 ауруханаға жеткізді.

Аурухананың табалдырығын аттаған бойда дәрігерлер дереу іске кірісті. Тексеруден кейін медицина мамандары шұғыл ота жасау керек деген ұйғарымға келді. Бірінші Алла, екінші қолы алтын дәрігерлердің арқасында ота сәтті аяқталды. Құдайға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Бірер аптадан соң мен ауруханадан шығып, үйге өз аяғыммен келдім. Осы жағдайдан кейін мен алдымен ана сәбиі үшін өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс екенін ұқтым. Сондықтан мен сияқты жас аналарға кеудені жылы ұстауға кеңес беремін.

Ал мені сәбиіммен қайта қауыштырған алтын дәрігерлерге алғыс айтамын. Жалпы, аталмыш аурухананың хирургия бөлімшесінің ұжымына ризашылығымды білдіремін. Мамандығына адал осындай абзал жандардың ісіне береке берсін дегім келеді. Емдеуші дәрігерім Алексей Дрюпин және маған ота жасаған Евгений Чеворнюкке мың алғыс. Уақыттары тапшы болса да олар менің қасымнан табылып, үнемі жағдайымды біліп тұрды. Осындай ізгі ниетті, білікті де білімді денсаулық сақтау саласының мамандары қаншама сырқат жанның аяғынан нық тұрып кетуіне қолғабысын тигізіп жүргені анық.

Гүлім ОСПАНОВА,

Петропавл қаласының тұрғыны.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика