ОҚУ ОРДАСЫНДАҒЫ ЕМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Әрбір ата-ана алдымен отбасында баланың денсаулығына баса мән беруі керек. Өйткені, қазір жастардың арасында тірек-қозғалыс аппаратының бұзылуы мен көз, тыныс алу жолдары, асқазан-ішек сырқаты жиі кездеседі. Өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дәрігерлік пунктінің жұмысымен танысу барысында жастардың денсаулығына қатысты келелі мәселелердің барын аңғардық.

Медициналық қызмет көрсететін дәрігерлік пункттің жұмыс істей бастағанына он үш жыл. Ұзын дәліздің бойында дәрігерге көріну үшін кезек күтіп отырған жастар аз емес. Негізінен қоңыр күздің салқыны студенттердің сырқаттануына себеп болған сыңайлы. Әсіресе, “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастар біздің салқын ауаға тез үйренісіп кете алмауда. Ағзаның жаңа ортаға бейімделуі денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды.

Жалпы, бүгінде жастар денсаулығына қаншалықты мән береді? Осы сауалды медициналық орталықтың меңгерушісі Салтанат Сақтағановаға қойғанымызда ол студенттердің арасында қаназдық, асқазан жарасы, бүйрек, жүрек-қан тамырлар жүйесі аурулары мен өкпенің қабынуы жиі кездесетінін айтты.

Дәрігерлік пунктте студенттер мен оқытушыларға алғашқы және шұғыл медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Функционалды диагностика, терапия, офтальмология, лор, ультрадыбыстық зерттеу мен физиокабинеттер бар. Биылғы оқу жылында 4393 студентке оннан астам дәрігер мен медбике қызмет көрсетеді.

Дәрігерлердің айтуынша, олардың көмегіне бір күнде шамамен 100-ге жуық науқас жүгінеді. Маусымдық аурулар кезеңінде олардың саны бұдан да көп болады. Орталықта жастар мен оқытушыларға медициналық көмек тегін көрсетілетінін айтқан жөн. Қажетті мамандар штатта болмаса, жастар №3 қалалық емханада тегін зертханалық диагностикалаудан өтеді.

– Созылмалы сырқаты бар науқастарды үнемі бақылауда ұстаймыз. Қажетті ем-дом алу үшін олар медициналық тексеруден өтіп, оқу мерзімі аяқталғанша уақытша диспансерлік есепте тұрады, – деген терапевт дәрігер Салтанат Сатыбалдықызы жастар арасында жыныстық аурулардың жиі кездесетініне өкініш білдірді.

“Қызым үйде, қылығы түзде” демекші, сыртқа шыққан соң аяғын шалыс басатын бұрымдылардың бар екенін дәрігерлер де мойындап отыр. Мәселен, жыл сайын шамамен он шақты студент университет қабырғасында жүкті болады екен. Тәрбие, ұлт пен ұрпақ саулығы өткір мәселе екені айтпаса да түсінікті. Біреудің тағдырын талқыға салудан аулақпыз, дегенмен, қоғамның айнасы жастардың мұндай жөнсіз әрекеті көңілге қаяу түсіреді.

Медициналық қызметкерлер қыздардың арын сақтауы, дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу, жұқпалы кеселден аулақ болу туралы студенттерге дәріс оқып, кеңес беруді естен шығарған емес. Жатақханалардың тазалығы да әрқашан ақхалаттылардың назарында.

Дәрігерлік пункттің мамандары соңғы жылдары асқазан аурулары жиілегенін айтып, дабыл қағуда. Фастфуд сияқты зиянды тағамдар асқазан ауруларын тудырады, сондықтан студенттерге дұрыс тамақтануға кеңес берген мамандар басқа да сырқат түрлері кездесетінін айтты. Өткен жылы бес адам туберкулезбен ауырған. Инфекциялық, жұқпалы тері ауруларына шалдыққан науқастар да аз емес. Былтыр денсаулық пунктіне 10776 адам медициналық көмекке жүгінген.

Емдеу мекемесінің материалдық-техникалық жабдықталуы ауыз толтырып айтарлықтай. Медициналық кешен лор жабдығы, аудиометр, “Тонзиллор” аппараты, пневмомассажер, электро-коагуляторлы колькоскоп, электрокардиограф, ультрадыбыстық және физиотерапевтік аппараттармен қамтамасыз етілген. Әсіресе, заманауи үлгідегі офтальмологиялық комбайн, компьютерлік тонометр, автокерато-рефрактометр сияқты құрылғыларға ерекше тоқталып өткен жөн. Бұл құрылғылар көру қабілетін анықтауға, көзішілік қысымды өлшеуге, көзілдірік таңдауға, диагностикалық зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.

– Қазір технологияның заманы. Өкінішке қарай, бүгінде жастардың көру қабілеті төмен. Өйткені, олар ұялы телефон мен компьютерге тәуелді. Сондықтан ауруды дер кезінде анықтау қажет. Соңғы жылдары емделушілердің қатары көбейді, – деді көз дәрігері Зәуреш Әутенова.

Бұл медициналық орталық биыл ашылған медицина мамандығының студенттері үшін тәжірибе жинақтайтын орын қызметін де қатар атқарады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústіk Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика