ЖАҢА ӘДІСПЕН ЖАСАЛҒАН ОТА

Қызылжарлық дәрігерлер заманауи ота жасаудың тың әдісін меңгеруде. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өкпеге силиконды имплант қою отасы жасалды. Бұған дейін диспансер дәрігерлері өкпеге ота жасағанда науқастың жарты өкпесі мен 7-8 қабырғасын алып тастайтын. Соның салдарынан науқастардың көбінің қабырғасы қисайып, жүрісі өзгеретін. Дәрігердің айтуынша, енді бұл әдіс ондай олқылықты болдырмайды.

Бұл ота республика бойынша біздің өңірде алғаш жасалып отыр. Арнайы имплант науқастың өкпесіндегі тесіктің бетін жабады. Туберкулез таяқшаларының тарап кетпеуіне және вирусты түбегейлі жоюға септігін тигізеді.

– Мұндай оталар көптен бері сырқаттанып, өкпедегі тесіктері жабылмай жүргендерге жасалады. Қабырғалары алынбайды. Қабырғаның астына силикон қоямыз да, өкпені қысамыз. Соның арқасында өкпедегі тесіктер жабылып, орнына келеді, – дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкпе хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Тобылжан Жамақов.

Осындай әдіспен алғашқы ота 34 жастағы облыс тұрғынына жасалды. Ол 2008 жылы тіркеуге алынып, ем қабылдап, бақылауда болған. Жүргізілген емнің нәтижесі болмағаннан кейін, биыл жазда ота жасатуға келісімін берген.

– Ота жасалғанға дейін өте әлсіз, шаршай беретін болдым. Көп жұмыс істей алмадым, ентігіп, жүруім де қиынға соғатын. Осыған дейін де ем-дом шараларын қабылдадым, бірақ аса көмек болған жоқ. Енді, міне, тегін ота жасалып, жағдайым жақсарды, – дейді емделуші Михаил Бедный.

Науқасқа жасалған отаның ұзақтығы үш сағатқа созылып, сәтті өткен. Енді, араға бір-екі күн салып науқас үйіне қайтуға әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта ақ халатты абзал жандар тағы үш ота жасауды жоспарлап отыр. Жалпы, бір осындай силиконды импланттың құны 400 мың теңге тұрады. Сырқат жандардың шығынын мемлекет өтейді.

Туберкулез хирургиясы бойынша айтарлықтай тәжірибе жинақтаған ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы өкпе хирургиясы бөлімінің меңгерушісі, профессор Құлахмет Ерімбетов осындай қиын отаны осыдан екі жыл бұрын ойлап тапқан. Кейін өңірлердегі әріптестерін оқытып, шеберлік сағаттарын өткізген.

Биыл облыстық туберкулезге қарсы диспансердің материалдық-техникалық базасы жаңартылыпты. Нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тозығы жеткен ескі құрал-жабдықтар алмастырылып, бірқатар құрылғылар жаңадан сатып алынған.

– Емдеу ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп отыр, бұл дегеніміз емделушілерге жасалып жатқан үлкен жағдай деп білу керек. Биыл 99 млн. теңге қаржы бөлініп, оған бірқатар бөлімшелерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жансақтау бөлімінің қондырғылары мен жиһазы толығымен жаңартылды. Ота жасау бөлмесіне де көптеген құрылғылар алынды, – дейді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері Қаныш Бижанов.

Диспансерде 40-тан астам дәрігер қызмет істейді. Олардың қатары биыл төрт жас маманмен толығыпты. Ал облыс бойынша диспансерде 648 адам есепте тұр.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Т. Жамақов.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Comments   

 
0 #2 Нұрғиза 2017-10-10 11:53
Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өкпеге силиконды имплант қою отасы жасалатыны жақсы жаңалық екен. Бұл ақхалатты абзал жандардың бағындырған белестерінің бірі. Сырқат жандардың шығынын да мемлекет көтеретін көрінеді. Ең басты құндылық болып саналатын денсаулықты сақтауға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қолдаулар жайында оқығанда, медицинамыздың күн санап дамып келе жатқанына қуанасың.
Quote
 
 
0 #1 Қымбат 2017-10-10 11:27
Кейінгі жылдары медицина саласы айтарлықтай дамуда. Осы саланың қарқынды дамуының арқасында қазақстандықтар дың өмір сүру жасы да артып келеді. Дәрігерлер де шетелдіктермен тәжірибе алмасып, біліктіліктерін шыңдап жүргені құптарлық жайт. Бұрындары ота жасау керек десе болды, жиған-тергенімі зді жинап, шетел асатынбыз. Тәубе. Қазіргі кезде сол шетелдіктер жасаған отаны өзіміздің дәрігерлер де жасауда. Ауруханалардың дені осы заманғы жабдықтармен қамтылып, адам танымастай өзгерді десем, артық айтқаным емес. Соның арқасында кейбір сараптама нәтижесін бұрынғыдай апталап күтпейтін болдық. Бұл да болса тәуелсіздіктің бір жемісі.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.