МЕНИНГИТ — ҚАТЕРЛІ ДЕРТ

Адам өміріне өте қатерлі, ми мен жұлынның жұмсақ қабығының қабынуы және суық тигізіп алудан пайда болатын менингит ауруы жайлы көп біле бермейміз. Бұл – өте қатерлі ми ауруы. Көп жағдайда балалар ауырады. Аурудың бактериясы жөтел кезінде және ауа арқылы жұғуы мүмкін.

Мұрынға түскен бактерия жұлынға өтіп, қан айналымына енеді де, қоздырғыш өзге де бактерияларды күшейтеді. Егер науқас аурудың жұқпалы түріне шалдықса, өзгелерге таратады. Алайда, бұл ауру қаннан берілмейді. Тек қана туберкулезбен ауыратын анадан туылған балалар ғана туберкулез менингитімен ауырады. Мұндай жаңа туған сәбиде болатын туберкулездік менингиттің алдын алу үшін сәбиге туған кезінде арнайы вакцина егіледі.

Менингит – адам көп шоғырланатын жерде еркін дамып, ауаға тарайды. Ол ауамен тыныстаған адамның міндетті түрде қоздырғыш бактерияны жұқтырып алатыны белгілі. Адам көп жерде жұқпалы ауру ошағы болады. Сондықтан гигиеналық талап сақталмаған жерде бұл ауру қоздырғышын жұқтырып алу да қиын емес. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары, монша, жүзу бассейндері мен су қоймалары, көлшіктер бұл ауруға “жағымды” орта қалыптастыра алады.

Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда, бұл белгілер тұмауға ұқсайды. Сондықтан көп адам ауруды асқындырып алып жатады. Үйде, өзіндік жолмен емделеді, тәуіпке барады немесе мүлдем басқа дәрілік препараттарды қабылдайды. Бұл ауру балаларға үйір келеді. Себебі, олардың иммундық жүйесі толығымен қалыптаспаған. Сондықтан қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Баланың құсуы мен мазасыздануы, үнемі жылай беруі тіс жарған кездегі белгілерге ұқсағанымен, олай болмауы да мүмкін. Көп ата-ана осы уақытты өткізіп алып, бармақ шайнап қалатын кездері аз емес. Ал емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай болмайды. Кейде ми жасушалары қатты зақымданып, ақыл-есі дұрыс дамымай қалады. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса, айығып кету мүмкіндігі өте жоғары болмақ.

Менингитпен ауырған адам шалқалақтай береді. Басын еңкейтіп, иегін кеудесіне жеткізе алмайды, тізелері де толықтай жазылмауы мүмкін. Ыстығы түспей, сандырақтап сөйлей бастайды, есін жоғалтады. Қатты күліп не жылауы мүмкін. Денесі құрысып қалады. Ата-анасы ауырған баладан осындай белгілерді байқаса, бірден учаскелік дәрігерді емес, жедел жәрдемді шақыртқаны дұрыс. Себебі, бұл ауру өте күрделі және шұғыл емді қажет етеді.

Медицинада қолданылатын әдіс бойынша, менингитті анықтау үшін ауырған адамның жұлынынан міндетті түрде сары су алынады. Әйтпесе, нақты диагноз қою мүмкін емес. Жұлыннан су алу, аурудың бас ішіндегі қан қысымын төмендетеді. Егер науқаста менингит болса, онда жұлыннан алынған су мөп-мөлдір болуы тиіс. Сол арқылы ем-дом тағайындалады. Бір апта антибиотиктермен емделгеннен кейін, екінші рет жұлыннан сары су алынады. Кейде асқынған менингиттің салдарынан сал ауруына немесе оның жеңіл түріне душар болуы мүмкін. Дер кезінде қажетті ем-домын алса, науқас құлан-таза жазылып кетеді. Жалпы, менингит иммунитеті әлсіреген адамға үйірсек болады.

Аурудың қайсысы да оңай емес, алайда, “менингит” деген сөзді естігенде кез келген кісі тіксіне қалады. Бұл аурудың жедел және созылмалы түрі болады, ең күрделісі – менингиалдық синдром. Ол шешек, көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады. Көбiне суықтан болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды.

Фарида МҰХАМЕДЖАНОВА,

облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы.

Comments   

 
0 #1 Балнұр 2017-10-10 11:50
Аурудың қайсысы да оңай емес екені белгілі. Қарапайым күнделікті басымыз сәл ауырғанның өзінде, жанымызды қоярға жер таппай кетеміз. Ал менингитпен ауырмақ түгілі, аурудың атауын естудің өзі жайсыздық тудырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде осы ауруға шалдыққан жас қыздың алдымен ауруханаға түсіп, кейін бірден қайтыс болғаны туралы хабар естідік. Бұл ауру қанмен берілмейтін көрінеді. Алайда, адам көп шоғырланатын жерде еркін дамып, ауаға тарайды. Яғни, қоғамдық тамақтану орындарында, монша, жүзу бассейндерінде барынша абай болып, гигиеналық тазалық сақтаған жөн. Осы тәрізді маманның кеңестері осындай аса қауіпті ауруларға шалдықпаудың амалын іздеуге септігін тигізері сөзсіз.
Quote
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.